– Құрманбек аға, жұрт арасында «оралмандар еліне алам деп емес, берем деп келу керек» деген пікір жиі айтылады. Тәуелсіздік Сіздерге не берді? Сіздер қандай үлес қостыңыздар Атажұртқа?
– Тәуелсіздік алғаннан бері қуанышымыз қойнымызға сыймаған қазақтардың біріміз. Өйтетіні, Алла Тағала бізге тәуелсіздік таңының атқанын көрсетті. Ол кезде Қытай мемлекетінің арнайы бағдарламасымен Алматыда оқып жатқанбыз. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы азаттық үшін күрескен есіл еңбегі текке кетпегенін көріп, көкірегіміздегі шер ақтарылып, көзімізден жас ақты. Құдайға шүкір! Еліміз сағат санап дамып келеді. Бүгінде Қазақ елін әлем таниды.
Біз елге аламыз деп емес, береміз деп келген қазақпыз. Атажұртқа оралғаннан бері жұбайым Риза Қайырбайқызы екеуміз халық алдында үш концерт беріп үлгердік. 2001 жылы отбасымызбен біржола көшіп келген соң, 7 жыл бойы тынбай еңбектеніп, 2007 жылы Республика сарайында «Илигай, сәулем» деген атпен концерт өткіздік. Бұл концертіміздің мақсаты – елге оралған соң не тындырдық, тыңдарманымыз бар ма, жоқ па, халықтың көңілінен шығып жүрміз бе деген сұрақтарымызға жауап іздеп, өз-өзімізге, отанымызға есеп беру мақсатында ұйымдастырылды. Жұбайым Риза Қайырбайқызы елге жеткізген бір ғана «Елік-ай» әнінің өзі қаншама жұрттың құлақ құрышын қандырды. Осы әнге арнайы клип түсіргенбіз. Оның өзі алтын дискке жазылып, Қазақстанда ешқашан айтылмаған тың әуенімен жұрт жүрегінде қалды. Республика сарайына концерт өткізерде жора-жолдастарымыз «осы халықты жинау қалай болады екен» деп алаңдаушылық білдірген. Бірақ қазақтың қанша тарланының табанының ізі қалған жер, «жығылсаң түйеден жығыл», тәуекел деп Республика сарайын таңдағанбыз. Өйткені «елімізге-жерімізге жетсек, осы ұлылардың ізін басып, үлкен сарайда бір концерт берсек» деп қаншама жыл армандадық. Құдайға шүкір, тұңғыш рет концертіміз болғанымен, зал лық толды. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі кетпейді» деп қазақ бекер айтпаса керек. Концертімізде әріптес достарым Ержан Белғозиев, Мақпал Жүнісовалар атсалысып, үлкен көмек көрсетті. «Алыстан келген бауырымыз» деп құшақ жайған сол ағайындарға айтар алғысымыз шексіз. Концертіміздің нәтижесінде ерім дейтін елдің бар екенін, қандасым дейтін қазақтың көп екенін білдік. Тәубе дедік.
– Екінші концерттеріңіз қашан өтті?
– «Республика сарайында кереметтей концерт өткіздік, осымен болдық, толдық» деген жоқпыз. 2009 жылы «Қазақконцертте» тағы да бір ән кешінің шымылдығын түрдік. «Шіркін, әннің бұлбұлы-ай» деп аталған концертімізге өзіміздің «Қазақконцерт» бірлестігі ерекше қолдау көрсетті. Бұл да бір көңілдегідей көрікті кеш болды. Тыңдарманымыздың көбейгеніне марқайдық.
Шығармашылығымызды тек Алматыда концерт өткізумен ғана шектеп қоймадық. Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, гастрольдік сапарда болдық. Құдайға шүкір, ауыл-ауылда біздің әнімізді сүйіп тыңдайтын қарапайым халық құшақ жая қарсы алды. Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісовамен орындаған дуэтіміз үлкен белеске көтеріп тастады. Мен бір Қытай Халық Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері болғанымен, Қазақстанның халық әртісімен қатар тұрып ән шырқау мен үшін үлкен мақтаныш, құрмет болды.Елге, жерге деген махаббатымыз, рахметіміз шексіз. Алтынбек Қоразбаев сынды ағаларым маңдайымыздан сипап, жұмысқа орналастырып, ағалық қамқорлық танытты.
Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейлі мерекесіне тарту болсын деген оймен Абай атындағы Опера және балет театрында «Алқоңыр ән екенсің!» атты концерт бердік. Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен өткен ән кешіміз жұртшылықты тағы бір тәнті етті. 80 адамдық оркестр анау залда отырғанда,ол кездегі қуаныш, ол кездегі сезім тым бөлек болды. Бұл менің бала кездегі, азамат болған кездегі, есейген шақтағы асқақ армандарымның бірі еді. «Менің дауысым сондай оркестрге үйлеседі, үйлестіруім керек, мен Құрманғазы оркестрімен сахнаға шығуым керек» деп мақсат қойғам алдыма. Мен сол арманыма жеткеніме Аллаға шүкір айттым. Қазақ дейтін халқымның пейілінің кеңдігіне, мінезінің өрлігіне сүйіндім. Төңіректің төрт бұрышынан тыңдармандар жиылды. Абай атындағы Опера және балет театрының басшылығы да маған үлкен рахметтерін айтты. «Мұндай көлемде көрермендер, тыңдармандар жиылмап еді бұл залға» деп ризашылығын білдірді. Сол концертте билеттер жетіспей, көптеген тыңдармандарымыз тіпті ренішін айтқандай болды. Аталған концерт теледиардан да жақсы насихатталды.
– Еңбегіміз еленді деп ойлайсыз ба?
– Әрине! Еңбегіміз еленіп жатыр. Өмірлік жарым, сахнадағы серігім, белгілі әнші Риза Қайырбайқызы Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері атанса, өзіме «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер» атағы берілді.
Олжас деген ұлым, Үкілі-ай деген қызым бар. Ұлымның мамандығы – қылқобыз, қызымның мамандығы – прима. Олжас қылқобыздан өткізілген республикалық байқаулардан сан мәрте бас жүлдені жеңіп алды. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің қылқобыз аталымының да бас жүлдегері атанды. Бұл да тәуелсіздікке тарту деп есептеймін. Ұлым негізі қытай тілді боп өскен. Қазір, міне, қазақтың қыл қобызының құлағында ойнап жүр. Бұл да – тәуелсіздіктің жемісі. Жарым Ризаның да әншілігінен сырт, елге әкелген халық мұраларының өзі бөлек әңгіме. Ризаның анасы керемет әнші, халық әндерін құлағына құйып өскен шежіре адам еді. Ал әпкесі Қытайдың халық әртісі Сандуғаш Қайырбайқызы көптеген әндер жазған, тіпті «Ағажан» сынды кейбір әндері халық әні боп кеткен тамаша композитор болған. Әттеген-айы, өмірден ерте өтті.
– Денсаулығыңызды қалай күтесіз?
– Шындығын айту керек. Өнер адамы болғаннан кейін өз-өзіңе күтім жасамасаң болмайды. Өйткені сен кез келген уақытта халқыңның алдына шығып, өнер көрсетуің мүмкін. Мысалы, спирттік ішімдіктер ішпеймін. Кешкі тамақты тарта жейміз. Сыр-сымбатымызды сақтау керекпіз. Бәйге аттарды жаратып, бабында ұстамасаң бәйге алмайтыны сияқты біз де өзімізді күнделікті дайындықта ұстаймыз. Ұйқымызды қандырамыз. Домбырамызды қолға алып, дауысымызды бабына салып отырамыз. Ән таңдаймыз. Кейде бір жақсы әуендер келеді. Соңғы кездері өзімде әйтіп-бүйтіп ән жазып жүрмін. Шәкірт тәрбиелеуді де ойлап қоямын.
– Жарыңыз екеуіңіз де өнер адамысыздар. Бұл деген уақыттың көбі халықтың алдында өтеді деген сөз. Отбасына қарайлауға қалай үлгересіздер?
Дұрыс айтасың. Бірақ енді қолымыз қалт еткен уақыттың бәрін отбасына арнаймыз. Риза екеуміз бір-бірімізге сыншымыз, бір-бірімізге шәкіртпіз, бір-бірімізге ұстазбыз. Артықшылығымызды айтып, кемшілігімізді түзеп отырамыз.
– Тәуелсіздіктің 20 жылдығында қандай «әттеген-айыңыз» бар?
– Мені ең көп толғандыратыны – мемлекеттік тілдің жайы, біздің ата-бабамыздан қалған асыл тіліміздің өз биігіне қона алмай жатқандығы. Бірақ, былай қарасаңыз, 20 жыл деген көп те уақыт емес. Нағыз тәуелсіздік үшін ғасырлар бойы күресіп те жатады. Оған қарағанда «көш жүре түзелер». Болашақта қазақ тілі сөзсіз Қазақстан халықтарының ортақ тілі болады деп сенемін.
— Қандай жаңалықтарыңыз бар?
— Құдайға шүкір! Жаңалықтарымыз көп. Ең басты жаңалығымыз –марқұм Ермұрат Зейіпханұлының «Көк тудың желбірегені» әніне жаңа бейнебаян түсірдік.
Әңгімелескен Нұрғали Нұртай
Пікір қалдыру