Тойы болатын күні жастар қаланың көрікті жерлерін аралап болған соң, тау беткейіне қарай көтерілді. Мезгіл сәуірдің соңы. Алқызыл, қанық қызыл, алтын түсті қызғалдақтармен көмкерілген тау бөктері еріксіз көз тартады. Жастарды баураған да осы қызылды-жасыл сұлу әлем. Беткейге жеткен соң, жастар алқа-қотан отырып, дәмдерін ортаға салып, әндерін айтып сауықтарын жалғастырды.
Қалыңдық құшағындағы бір шоқ алуан түсті, әсем оралған қызғалдақтарын дала қызғалдағының қасына қойды. Міне, қызық айналадағы дала қызғалдықтары жамырай келіп, қала қызғалдақтарына тамсана, үздіге қарады. Қала қызғалдақтары оларды көздерімен бір шолып шықты да, бастарын көтеріп, жылтыр көйлектерінің жағаларын көтеріп қойысты. Оған қарап тұрған дала жауқазындары:
– Беу сұлулар, қайдан келдіңдер, – деді жамырай үн қатып. Ал аналар, сол басын көтерген күйлері:
– Шетелден келдік, – деді дауыстарын созып. Бұны естіген дала гүлдерінің тіпті де, ынтығы артты. Мә саған, шетелден келдік – дейді. Қандай бақытты. Бұны естіген қала гүлдерінің танаулары тіпті де аспанға қарай көтеріле берді.
– Сонда, қайсы елден келдіңдер?
– Голландиядан. Анығын айтқанда Амстердам қаласынан.
– Па шіркін. Бізде барсақ қой.
– Ол үлкен қала ма?
– Әрине, өте үлкен әрі сондай әдемі.
– Біздің Алматыдан да әсем бе?
– Алматы оның бір бұрышында қалады. Бұны естіген дала гүлдерінің ауыздары онан бетер ашылып, қала гүлдеріне тамсана қарай берді. Осы сәт дала гүлінің бірі олардың үлбіреген жүзіне қарап тұрып:
– Жастарың қаншада? – деп сұрады. Қала гүлдері:
– Біздің елде қызғалдақтар 3-4 ай ішінде өсіп жетілеміз. Себебі, бізге адамдар ерекше күтім жасайды.
– Міне, ғажап, – деп жамырасты дала гүлдері. Қараңдаршы, не бәрі неше айлық қана. Бірақ, сөзге қандай шебер, өңі неткен шырайлы. Дала гүлдерінің мүлдем басы салбырап кетті. Не деген бақытты гүлдер еді, ерте жетіледі, ел мен жер аралап сауық салады. Ал біздің түріміз мынау, бізге күтім жасап жатқан ешкім жоқ. Дала гүлдері осылай іштей күйзеліп тұрғанда, қала гүлінің бірі түшкіріп, көзі жасаурай қалды.
– Кешіріңіздер, – деді ол қауашағымен жүзін жасырып, маған салқын тиіп қалды-ау шамасы. Бұл ара тым салқын екен. Қашан қайтар екенбіз? Ол осыларды айтып жастарға, әсіресе, бір түсінсе осы түсінер дегендей қалыңдыққа үздіге қарады.
– Қайдағы салқын, бұл керемет мезгіл емес пе? Сен салқынның көкесін көрмеген екенсің. Күзде, қыста келсең ғой. Онда қатып қалар едің. Мына үстіңдегі жылтыраған көйлегің мұз болып саудырап қалар еді. Бұл сөзге дала гүлдері шұрқырай күлді. "Үһ" еселері бір қайтқандай болып, жеңілдеп қалды. Қала гүлдері олардың мазақ еткеніне шырт етіп, ренжіп қалды да іле сөз әуенін басқа жаққа бұрды:
– Сендердің жастарың қаншада?
– Біздің жасымыз 13 те, ал кей біреуіміздің жасы 14-те. Бұны естіген қала гүлдерінің көздері бақырайып кетті:
– Мүмкін емес, сендердің ақылдарың бізбен шамалас, тіпті, бізге жетпейтін тұстарың да көп секілді. Бірақ жастарың бізге қарағанда 50-60 есе үлкен.
– Бізде солай, біз баяу жетілеміз. Содан 60 жылдан артық ғұмыр кешеміз.
– Қалай, қалай 60 жыл ғұмыр кешесіңдер? Бұл шындық емес, тіпті, әділдік те емес.
– Біздің ата-әжелеріміз де бар, сенбесең оларға ертіп барамыз.
– Қандай өкінішті, біз тіпті, өз ата-анамызды да білмейміз, кіммен туыспыз, кімнен тарадық оны да білмейміз. Біз бірімізбен-біріміз жұптасып, жаңа ұрпақ әкеліп, 3-4 ай ғұмыр кешеміз, содан шетелдерге саудаға шығарады. Ал ол жерде ғұмырымыз тіпті де қысқа болады. Мына жастар тойы біткен соң бізді тастай салады. Біз сонда жатып, сарғайып, шіріп өлеміз. Қала гүлдері өздері айтып, өз сөздеріне өздері мұңайып жылай бастады. Олардың төгілген көз жастарына дала гүлдерінің де қабырғасы сөгілді:
– Бейшаралар-ай, тым қысқа ғұмыр кешеді екен ғой. Оның қасында біздің өміріміз ханның қызындай екен ғой. Осы сәт қала гүлдері тізерлей отыра қалып:
– Өтінеміз, бізді осында алып қалыңыздаршы, сіздермен бірге даланың ауасын жұтып, еркін, ұзақ ғұмыр сүрейік деп шуласты. Осы сәт шуылдаған гүлдердің дауысын естіп бір әже қызғалдақ нарау басып жақындады да:
– Ау, тәйір неге шуылдап кеттіңдер? Дала гүлдері болған жәйді әжелеріне баяндады. Бәрін түсінген әже гүл:
– Беу менің сорлы ұрпағым-ай, сендердің ата-бабаларың ғасырлар бұрын біздің жұрттан шетел асқан болатын. Ал біздің бабаларымыз осында тұрып қалды. Шетелде бауырларымыз бар, – деп отырушы еді көнекөздер, солар сендер екенсіңдер ғой. Келіңдер жетімектерім бауырыма басайын. Әженің сөзін естіп егіле жылаған шетелдік қала гүлдері жамырай келіп, әже гүлдің етегіне оралды.
– Міне, біз іздеген, аңсаған иіс сізде бар екен әже, – деп шуылдасты олар, көздерінен аққан жастары етектерін жуып. Дала гүлдері де жылады. Кенет өксігін тиған бір дала қызғалдағы:
– Әже, бұлардың адамдары да қатыгез екен. Оларды мұнда ақшаға сатып жіберіпті. Құдайға шүкір, даламыз байтақ, халқымыз дархан. Бізді саудаға салмайды. Сондықтан емен-еркін өсіп, туған жердің төсін жайқалтып жүрміз, – деді жүзы алаулап. Оның маңдайынан искеген әже гүл:
– Біздің халық өздерінің ең аяулы, сұлу қыздарын бізге теңеп, "қыз өссе елдің көркі, гүл өссе жердің көркі" – деп бізді өз махаббаттарына бөлейді. Бірақ, бұл жауынгер халықтың басынан небір алапат күндер өтті, сондай кезде аяулы арулары да атқа қонып, елін, жерін, гүлдерін қорғады. Біздің түсіміздей нартқызыл қандарын төкті. Олар елі үшін жан пида еткенде, біз де қолымыздан келгенін істеп, олардың махаббатын өздеріне сыйға тартуымыз дұрыс емес пе? Әже гүлдің сөздері оларды терең ойға салып қойды. Бір сәт үнсіздіктен соң, бір шешімге келгендей жүздері жайнаған дала қызғалдақтары:
– Әже, дұрыс айтасыз, еліміз бен жеріміз үшін қызмет ету, тер төгу, керек болса, жанымызды беру дала гүлдерінің қасиетті борышы емес пе, – деді жамырап. Осы сәт бойларын шаттық кернеген қала қызғалдақтары да:
– Сіздер, өз еліңіз бен жеріңіздің ғана емес, күллі әлемдегі қызғалдақ атаулының, сұлулық атаулының түп қазығы, қайта көктер отаны ретінде оларды сақтап қалатын жалғыз үмітісіздер. Сіздер аман болыңыздар, – деді шабыттанып. Дала мен қала қызғалдақтары құшақтасып дос болысты. Бүкіл тау беткейі дүр етіп, тербеліп кетті. Тұтас жер жүзі құлпырып кеткендей болды.
(соңы)
Қастер Сарқытқан
Абай ат.ҚазҰПУ ұстазы,
"Ешқашан жоқ деме"
кітабының авторы
Пікір қалдыру