Қамшы редакциясына "күйеуімнен зәбір көріп, әділдікке жете алмай жүрмін" деген Гүлмира Балтабаева атты келіншек хабарласты. Келіншек күйеуінің әлденеше рет қол көтергенін дәлелдейтін айғақтары жеткілікті екеніне қарамастан құзырлы орындар тиісті әрекет жасамай отырғанына күйінеді.
Гүлмира Балтабаева – екі баланың анасы. Екі рет некеде болған. Екі перзенті де алғашқы некесінен. Келіншек, алғашқы күйеуінің де қол көтергенін айтты.
– Бірінші күйеуіммен 9 жылдай бір шаңырақ астында өмір сүрдім. Бастапқыда бәрі жақсы болып, тату-тәтті тұрдық. Кейінгі уақытта енеміз ортамызға түсіп, арамыз суи бастады. Оның үстіне күйеуімнің маған деген қарым-қатынасы өзгеріп, үйге қонбайтын болып жүрді. Одан қалды ұрып-соғатын. Бірде шыдамай балаларымды алып, ата-анама кетіп қалдым. Сол уақытта ол басқа әйелге үйленіп алыпты. Оны естіп ажырасып, кейін бармадым, – деген келіншек екінші қарым-қатынасындағы жарасымды сәттер алғашқыдан да қысқа болды дейді.
– Алматы қаласындағы әскери департаментте жұмыс істеп, қызым екеуміз Ақсай-5-тегі отбасылық жатақханада тұрдық. Ал ұлым ата-әжесінің қолында болды. Бірде шағын кафеде бір ер адаммен таныстым. Бір-екі аптадай сөйлесіп жүрдік. Артынан бірге азаматтық некеде тұрып жүрдік. Бастапқыда қызыма жылы қарап, бізге қамқор болып жүрді. Өкінішке қарай, арамыздағы жақсы қарым-қатынас бір айға ғана созылды. Ұзамай ол да ұра бастады. Бірде құрбымның туған күнінен шығып, жатақханаға келе жатсам, бас салып, есік алдында сабай бастады. Сол кезде оның мұндай әдетін алғаш рет байқадым. Әйтеуір, көрші-қолаң әрең дегенде ажыратып алды. Сол күні-ақ полицияға арызданғанмын. Бірақ ертесіне сауыққан соң бар кінәсін мойындап, "енді ішімдікті татып алмаймын, ұрмаймын" деп уәде берді. Айтқан уәдесіне сенгендіктен кешірдім, – дейді Гүлмира Балтабаева.
АЛАЙДА МҰНЫСЫНЫҢ ҚАТЕ БОЛҒАНЫН АРТЫНАН ТҮСІНГЕН
– Көп өтпей күйеуім ашуына тисем, сөзім, не қылықтарым ұнамай қалса, бірден таяқтауға қайта көшті. Жүрген жеріміз айқай мен ұрыс болғандықтан, жатақханада тұра алмадым. Пәтер жалдап бөлек тұруға тура келді. Татуласқан кезімізде жігітім көмектесіп, қарайласып тұрған кездер де болды. Бірақ жиі жанжалдасатынбыз. Мен тікелей құжатпен жұмыс жасағандықтан, күнделікті түрлі хаттар келіп, ер адамдар жұмыс бабымен жиі хабарласатын. Ұялы телефондарымызды алып, қайтарда ғана беретін. Ол мұны жақсы білгенімен үнемі қызғанатын, сенімсіздік танытатын. Таяқ жегеннен жұмысқа үсті-басым көкпеңбек болып барған кездерім де болды. Бірде таңнан кешкі алтыға дейін үйде қамап, телефонымды бермей, шашымнан сүйреп, күні бойы ұрып-соқты. Тіпті бетімнің сау жері қалған жоқ шығар. Қашып кетпек болған әрекеттерім сәтсіз аяқталып жатты. Осы қыста кеш бата үйден қашып шығып, ауыл маңындағы бөтен үйде жан сауғаладым. Сол жерден жедел жәрдем мен полиция шақырып, анама хабарластым. Ертесіне есімді жисам, ауруханадамын, анам халімді көріп, жылап отыр. Содан 15 күндей ауруханада жатып, жаңа жыл қарсаңында жазылып, өз-өзіме келдім. Істі бұлай қалдыруға болмайтынын түсініп, сотқа арыздандым, – дейді келіншек.
ГҮЛМИРА БАЛТАБАЕВА СОТ ТЫМ ЖЕҢІЛ ЖАЗА ТАҒАЙЫНДАДЫ ДЕП САНАЙДЫ.
– Алматы қаласы Алатау ауданының соты сараптама нәтижесін "ауырлық дәрежесі жеңіл" деп таныпты. Ал, менде алған жарақатым ауыр болғанын дәлелдейтіндей фото түріндегі айғақ жетеді. Осы наурызда сот болды. Сонда маған жасалған істерін тізіп айттым. Сот барлық сөзімді естісе де ешкім мені тыңдаған жоқ. Прокурор істі қарап, жаза ретінде оны 15 тәулікке қамауға немесе 3 айға маған жақындауға тыйым салуға болатынын айтты. 15 күн түрмеге отырып шықса ол менің мазамды қайтадан алатынын білдім де амалсыздан жазаның екінші түрін таңдадым. Ол соған қарамастан сәуір айында мені қайтадан тауып алып, қоқан-лоққы көрсетіп, тереземді сындырды. Үйге келген полицей есік алдында сүйеніп тұрып мені тыңдады да, сынған есік-терезені тым болмаса суретке де түсірмей кетіп қалды. Келесі күні полиция бөлімшесіне барғанымда "карантин" деп қабылдамай қойды. Кейін оның 10 күнге қамауға алынғанын білдім. Қазір күйеуімнің қайда екенін білмеймін. Күнім қорқынышпен өтіп жатыр. Үнемі сыртымнан аңдып жүргендей болады да тұрады. Көшеде кезігіп қалсақ, қашып құтыла алмайтынымды білем. Ол тіпті ашулықпен абайсызда адамды жазым етіп қоюыда ғажап емес, – дейді Гүлмира Балтабаева.
КЕЛІНШЕК ҚАС ҚЫЛҒАНДАЙ ЕНДІ КОРОНАВИРУСПЕН АУЫРЫП ҚАЛҒАНЫН АЙТЫП, ЖАҒДАЙЫНЫҢ НЕ БОЛАРЫН БІЛМЕЙ ДАЛ.
– Өткен бейсенбіде буындарым, аяқтарым ауырып бастады. Қатты қиналып жатсам, банктен несиеңді төле деп күнде хабарласады. Өзім жұма күні соңғы рет жұмысқа барғанмын. Жұмыстан келген соң аяқ астынан ыстығым көтерілді. Кешкі 19:00-де шақырған жедел-жәрдемім түнгі 23:30-де бір-ақ келді. Үш сағат күткен дәрігерлерім дәрі беріп, еш шара қолданбады. Тек орын босағанда ауруханаға жатқызамыз деді. Ауырып 1 апта үйде жаттым. 2 шілдеде жағдайым нашарлап ауруханаға түстім. Қазір өздігімнен дем ала алмаймын. Коронавирусқа тапсырған анализ нәтижесі оң шықты. Әрі қарай жағдайым қалай боларын білмеймін, – дейді келіншек.
Пікір қалдыру