Коронавирус әлемнің қай елдерінде өршіп тұр?

/image/2020/07/08/crop-16_5_436x774_photo_326230.jpeg

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 12 миллионға жуықтады. Олардың 535 мыңнан астамы қайтыс болды.

ДДСҰ инфекцияның таралуы артып келе жатқанын айтып жатыр. Өткен аптаның өзінде әлем бойынша 400 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесустің айтуынша, індет өршісе де бүкіл әлем бойынша пандемия шекті деңгейіне әлі жетпеген.

Коронавирустың таралуы бойынша ең алда тұрған елдер

Үндістанда күн сайын 20 мыңнан астам адамнан COVID-19 табылып жатыр. Бұл елде соңғы тәуліктің өзінде 24 248 адам осы індетті жұқтырған. Қазір Үндістан қайтыс болғандар саны бойынша әлемде 8-орында тұр.

Бразилияның денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы тәулікте елде 38 мыңға жуық тұрғыннан коронавирус инфекциясы анықталған. Бір күнде мыңнан аса адам қайтыс болған. Ел президенті Джайр Болсонару да коронавирус жұқтырды.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың айтуынша, аптаның басында елде тәулігіне 500-ге жуық адамнан КВИ анықталып жүрген. Ал соңғы күндері бұл көрсеткіш екі есеге артқан. Коронавирустың ушығуына байланысты билік елдегі қатаң шектеу шараларын қайта енгізді. Бар, клуб, спорт залдар жабылып, іс-шараларға тыйым салынды.

Оңтүстік Корея да маусым айының соңында елде коронавирустың екінші толқыны басталғанын жариялады. Жергілікті билік Тэджон қаласындағы спорт залдарды, мұражайлар мен кітапханаларды жауып, қатаң шектеу шараларын қайта енгізді.

Ресейде коронавирус елдің қазіргі президенті Владимир Путиннің рейтингіне әсер етті. "Левада" орталығының мәліметінше, сәуірде оның рейтингі 59%, ал мамырда 25% болған. Бұл – Путин президент болған 20 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Сарапшылар президент рейтингісінің төмендеуінде коронавирусқа қатысты жағдай маңызды рөл атқарғанын айтады.

Еуропадағы ахуал қалыпқа түскеніне қарамастан, бұл құрлықтың кейбір елдерінде індет әлі таралып жатыр. Сербия астанасы Белградта 10-13 шілде аралығында коменданттық сағат енгізілген. Қалада 299 адамнан COVID-19 анықталып, 13 адам қайтыс болған. Осы жағдайға байланысты Сербияның 19 қаласы мен облысында төтенше жағдай жарияланды. Карантиннің жаңа талаптарына қарсы шыққан тұрғындар Белградтың орталығында жаппай тәртіпсіздік жасады. Наразылық білдірушілер полицияға шабуыл жасап, көліктер мен қоқыс жәшіктерін өртеген. Парламент ғимаратының алдына 5 мыңға жуық адам жиналып, бір бөлігі оппозиция белсенділерімен бірге ғимаратқа басып кірді.

Бұған қоса, Еуро одақ елдерінде экономика да төмендеген. Сарапшылар Еуропа экономикасы биыл 8,3%-ға құлдырап, келесі жылы оның 5,8%-ы қалпына келеді деп болжап отыр (сәуір айындағы болжам – 7,4% және +6,1% болды).

АҚШ-тың бас эпидемиологы Энтони Фаучи АҚШ "коронавирус инфекциясының алғашқы толқынында қатты зардап шекті" деп санайды. Бұл елде қайтыс болғандар саны 130 мыңнан асты. Ал жұқтырғандар саны  3 миллионнан асты.  

Австралиядағы ең ірі қалалардың бірі Мельбурнда коронавирусқа байланысты 6 апталық карантин енгізілді. Бұған қоса, Виктория мен жаңа Оңтүстік Уэльс арасындағы шекара жауып тасталды.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар