Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) жұма күні Қазақстандағы белгісіз өкпе ауруын COVID-19 деп санайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Қамшы тілшісі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.
ДДСҰ төтенше жағдай бағдарламасының жетекшісі Майк Райанның сөзінше, Қазақстандағы COVID-19 қозғалысының жоғары траекториясы белгісіз пневмонияның шын мәнінде COVID-19-дың анықталмаған жағдайлары екенін білдіреді.
Бұған дейін Қытай елшілігі елде тараған белгісіз пневмонияны "Қазақстан вирусы" деп атап, "Қазақстанда коронавирустан да қауіпті вирус таралды" деп мәлімдеген. Елшіліктің мәлімдемесінен кейін кейбір қытайлық сарапшылар пневмонияның Қытайға таралуын болдырмау үшін шаралар қабылдау керек екенін айтып, Қазақстан мен Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаңның шектесетінін ескерткен. Көп өтпей, Батыс БАҚ-тары "Орталық Азия елінде өлім көрсеткіші коронавирустан жоғары жаңа вирус пайда болды" деген мазмұндағы ақпараттарды жарыса жариялаған.
Оған себеп, Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың "2020 жылы пневмониядан 1172 адам қайтыс болды" деген мәлімдемесі. Алексей Цой келтірген дерекке сай, пневмониядан қайтыс болғандар коронавирус өлімінен бес есеге көп, себебі ресми статистика бойынша қазірге дейін Қазақстанда COVID-19-дан көз жұмғандар саны 264.
Ал 3 шілде күні ҚР бас санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова 2020 жылдың алғашқы алты айында 1772 адамның, маусымда 628 адамның пневмониядан қайтыс болғанын айтқан. Бұл есеп бойынша, пневмониядан көз жұмғандар COVID-19-дан қаза тапқандардан 7 есе көп.
Осы деректерге байланысты шетелдің ірі БАҚ-тары "Қазақстанда өлім мөлшері коронавирустан да жоғары, қауіпті вирус тарап жатыр" деген ақпаратты жарыса таратты. Тіпті, кейбір елдер азаматтарына Қазақстаннан абайлау туралы ескертулер жасаған.
Алайда артынша Лондонда шығатын Daily Mail басылымы британиялық және қытайлық эпидемиологтардан сұхбат алып, ғалымдардың Қазақстанда таралған пневмония шын мәнінде COVID-19 деп санайтынын жариялаған.
Бейжіңдегі Қытайдың бас эпидемиологы және Ұлыбритания Уорвик университетінің вирусологы Қазақстанда таралып жатқан "белгісіз пневмонияны" эпидемиологиялық тұрғыдан COVID-19 деп тұжырымдайтынын жеткізген.
Қазақстандық нейрохирург дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев та "пневмониядан қайтыс болып жатқан адамдардың 99 пайызының өліміне коронавирус себеп" деп айтқан.
Пікір қалдыру