"Бір күнде 26 мың теңге таптым". Көшеде көлік фараларын сүртетін жеткіншектердің әңгімесі

/image/2020/07/21/crop-147_104_323x575_112108699500.jpg

Алматы қаласында бағдаршамның қызыл түсіне тоқтаған көліктердің фарасын сүртіп, нәпақа табатын жасөспірімдер бар. Осы іспен айналысатын үш баланы әңгімеге тартуға тырысқанымызда басында сөйлесуге ниет білдірмеді. Жұмыстары туралы баяндап берсе, әрқайсысына 500 теңге бергіміз келетінін айтқанда ғана келісіп, өздеріне 500 емес, 400 теңге де жететінін жеткізіп, "кәсіптері" туралы көсіле сөйлей бастады.

13 жастағы Максим, Ян, Исмад есімді үш бала қаладағы Абай даңғылының Розыбакиев пен Гагарин көшелерімен қиылысатын жерінде көлік фарасын сүртіп ақша тауып жүргеніне бірнеше ай болды. Олар бұл жұмысты өздері секілді балалардың интернеттегі видеосын көргеннен кейін істей бастаған. 

– Мен Youtube желісінен ресейлік блогер түсірген "Көлік сүртетін балалар айына қанша табады" деген видеоролик көрдім. Бұл осыдан екі ай уақыт бұрын мамыр айында, біз оқуды тәмамдаған кезде болған еді. Видеоны көрген соң осы іспен айналысып көруге бел байладым. Серіктес болуға достарымды тарттым. Қажетті заттарды алып, жұмыс істеуге шықтық. Бірінші күні 2000 теңге тауып, қуанышымыз қойнымызға сыймады. Кейін тағы бір рет көрейік дедік, осылай тұрақты түрде айналысып кеттік. Басында шыққан кезде көліктер арасында жүру қауіпті көрінген. Қазір барлық ережелерді сақтап, бағдаршамның қызыл түсі жанған соң жұмысқа кірісеміз. Бір фараны бес секундтың ішінде сүртеміз, – деді 13 жастағы Максим. 

Аа

Олардың айтуынша, ата-аналары бұл кәсіппен айналысқандарына қарсы болмаған.

– Күніне қанша теңге тапсақ та, ақшамыздың жартысын ата-анамызға береміз. Отбасымызда ешқандай қиындық жоқ. Бірақ біз олармен бөліскіміз келеді. Кейде үйге азық-түлік алып барамыз. Қалғанын өзімізге алып қаламыз. Үйде бауырларымыз бар, оларға да тәтті ала барамыз, – дейді Ян. 

Жетінші және сегізінші сынып оқушылары өздері тапқан ақшаны велосипед, жаңа смартфон, самокат алу үшін жинап жатқандарын айтты.

– Ян велосипедке жинап жатыр, Исмед осы күнге дейін жинаған ақшасына Samsung A10S смартфонын сатып алды. Ал мен өзімнің трюк жасайтын самокатыма қосалқы бөлшектер алып жатырмын. Менің бар қызығушылығым сол, – дейді балалардың арасындағы пысықтау келген Максим.

Басында қанша ақша табатынын айтқысы келмеген балалар әңгіме барысында табыстарының жақсы екенін жасырмады.

– Осы айдың басынан бері шамамен 100 мың теңгедей таптық. Бұл енді жолымыздың болғанына байланысты. Кейде бір көліктің өзі 5 мың теңге беріп кетеді, кейде фараларын сүрткізіп болған соң ақшасын бермей кететіндер де бар. Мысалы, бүгін бір кісі фарасын сүртіп беруін сұрады, мен сүртіп бердім. Ал ол менің бетіме қарап тұрып терезесін жауып алды. Сондай сәттерде көңіліміз түсіп кетеді. Арасында  5 теңге беріп кететін адамдар да бар. Көп ақша берген сайын жұмыс істегіміз келеді. Жұма және сейсенбі күні тірлік жақсы жүреді. Неге екені белгісіз бірақ осы күндері біз ақшаны көбірек табамыз, – деді Исмед.

Аа

Балалардың сөзінше, бір күнде Исмед ең көбі 10 мың теңге, Ян 15 мың теңге, Максим 26 мың теңге пайдаға кенелген. Бір күндік ең төменгі табыстары – 5 мың теңге. "Демалыс күндері ақша аз табамыз. Оның барлығы адамдардың көңіл-күйіне байланысты" дейді өздері.

– Бір көліктің өзі кейде өте көп ақша ұсынады. Мысалы кеше Исмадқа бір адам 5 мың теңге берді, ал Ян 1000 теңге алды. Мен болсам, бүгін бір әйел кісіден 10 мың теңге алдым. Қымбат көлік мінген кісілер сараңдау келеді. Қарапайым көлік иелері қолымызды қайтарған емес. Кейбір тауар тасымалдайтын жүргізушілердің балмұздақ, суши, пицца берген сәттері де болды, – дейді Максим.

Кішкентай кәсіпкерлер түскі асты уақыт жоғалтпау үшін жақын жердегі кафелерден ішеді немесе фастфуд сататын дүңгіршектерден донер, бургер алып жейді.

Таңнан кешке дейін көшеде жүретін балалар келесі жылы да жұмыс істегісі келеді. Қазіргі таңда бүкіл Алматы бойынша оларға бақталас болып жүрген 20 шақты бала бар екен. Бірақ бір кәсіппен айналысып жүргендіктен қарым-қатынастары жақсы.

– Біз сияқты жұмыс істеп жүрген 20-25 бала бар шығар. Олармен дос болып араласамыз. Кейбіреулерін жақтыра бермейтініміз де рас. Егер біздің жұмыс істеп жүрген аумаққа келетін болса, біз оларды басқа жаққа жібереміз, бірақ осы күнге дейін төбелесіп көрмеппіз. Ұрыс болды, ал төбелес жоқ, – дейді жеткіншектер.

Кәмелет жасқа толмағандары үшін көп жағдайда полиция қызметкерлері жұмыс істеуге рұқсат бермей, қайтарып жібереді. Ал кейбір полицейлер боқтап, айқайлап өздерімен бірге алып кетеді екен.

– Полиция қызметкерлері бізді қуып жібереді я болмаса өздерімен бірге алып кетеді. Ол енді қандай қызметкер жолыққанына байланысты. Кейбіреулері байқамай қалады, ал байқап қойса, алып кетуі мүмкін. Бүгін мысалы полицейлер отырған көлікке жақындап фараларын сүртіп берсем болады ма дедім. Олар жұмыс көлігімен болған жоқ. Бірақ менің өтінішімді қабылдап, мен көлігінің фарасын тазалап бердім. Еңбегім үшін 200 теңге берді. Артық ештеңе айтпады, – дейді Исмет. 

"Көшеде қайыр тілеп жүргеннен гөрі жұмыс істеген жақсы" деп санайтын балалар жағдайы жоқ адамдарды көргенде қолдан келгенше көмектесіп тұрады екен. 13 жасынан бастап кәсіппен айналысып жүрген оқушылардың болашаққа құрған жоспарлары да бар. Ер жеткен соң Максим – аспаз, Исмед – автомеханик, ал Ян өзінің клиникасын ашып, тіс дәрігері болғысы келеді.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар