Біздегі "жұлдыздар", "қоғам қайраткерлері", "зиялы қауым", "академиктер" шынында кімдер?

/image/2020/08/05/crop-5_7_327x581_11394372_600.png

Біз белгілі адамдардың есімін атағанда лауазымымен, алған атағымен атағанды жақсы көреміз. Бұл үрдістің ертеден бері жалғасып келе жатқаны белгілі. Рас, бүкіл халыққа танымал кісілерді олай атаудың ешқандай әбестігі жоқ. Бірақ бізді ойландыратыны – «Шынымен барлығы сол атаққа лайық па?» деген сұрақ.

Бұқаралық ақпарат құралдарында болсын, әдеттегі ауызекі сөзде болсын сол «мәртебелі атақтарды» орынды қолданып жүрміз бе? Жөнді-жөнсіз, оңды-солды артығырақ сілтеп жіберетін кездеріміз болған жоқ па? Ойланатын жағдай!

«ЖҰЛДЫЗДАР»

Осы атау айтылғанда есімізге алдымен әншілер мен актёрлер орала кететіні шындық. «Дұрыс қой, тыңдармандар мен көрерменнің рухани әлеміне өлшеусіз ләззәт бағыштаған жасампаздар мен өнерпаздарды солай атағанның несі айып?» – дейтін шығарсыздар. Иә, сіздердің бұл пікірлеріңізбен талассыз келісеміз. Біздің айтайық дегеніміз – «жұлдыздар» деген атауды тек әншілер мен актёрлерге ғана меншіктеп беру ақиқатқа қаншалықты жақын келеді?» деген ой ғой. Сонда ұлтымыздың руханиятына таусылмас қазына қосқан жазушыларымыз, халықтың санасына нұр болып құйылатын жақұт жырлар жазған ақындарымыз, керемет жаңалықтарды жалпақ жұртқа жариялап, саяси сараптамалар мен қоғамдық зерттеулерді халық пен билікке қатар жеткізіп жүрген майталман журналистеріміз, әлемді тамсандырып мойындатқан, еліміздің намыс туын асқақтата желбіреткен саңлақ спортшыларымыз «жұлдыз» атануға лайық емес пе?

«ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ»

Кешегі кеңестік кезеңде «Мемлекет және партия қайраткері» деген мәртебелі атақ Тәуелсіз Қазақстан кезінен бастап «Мемлекет және қоғам қайраткері» деген атауға өзгертілгені бәрімізге аян. Иә, ел үшін айта қалсын еңбек сіңірген және сол жолды өмірлік ұстанымы еткен, бүкіл халық құрметтеген аса ірі тұлғаларды «Қоғам қайраткері» атаудың дұрыс екендігін біз де білеміз.

Дейтұрғанмен, қанша биік орындарда лауазым иесі атанса да, туыстары мен жерлестерінен басқа ешкім танымайтындарды «Қоғам қайраткері» деп әспеттей берген қаншалықты дұрыс? Тіпті қазіргі Парламентіміздің мәжілісінде отырған 107 депуттатың, 47сенатордың, үш қала мен 14 облысты басқарған 17 әкімнің, 17 министрдің, үкіметтің жалпы құрамындағы 22 мансаптының, т.т. санап үлгере алмайтын агенттік, комитет, корпорация, ұлттық компания басшыларының барлығын әйтеу мансапты болды ғой деп «қоғам қайраткері» атай беру қисынға сыя қояр ма екен?

Шіркін, билік басында жүрген туыстарымыздың түгелге жуығы «қайраткер» бола алса, қазақтың бақыты аспандап кетер еді ғой! Салиқалы жиналыстарда ұйықтап кететіндер, мандаты аяқталғанша «мәу» демейтіндер, орынбасарлары мен қызметкерлері істі болып ұсталып жатса да міз бақпай отыра беретіндер, өзі туған халқының тірлік тынысынан мүлде бейхабарлар, өздерін «кіші құдай» санайтындар «қайраткер» атануға лайық па?

Күндіз-түні кірпік ілмей қажырлы еңбек етіп жүрген диқан-малшыларымызды, мемлекетке, халыққа толағай табыстар сыйлаған кенішті кеншілерімізді, зауыт-фабрикалар мен кешенді, кемелді жобалар жасап халықтың игілігіне жаратқан сәулет-құрылыстың майталман мамандарын неге «қоғам қайраткерлері» деп атай алмаймыз?!

«ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІ»

Ұрпақтар санасына өлшеусіз білімнің шуағын төккен жанкешті педагоктар, ауруға медет, ажалға араша болған білікті дәрігерлер, ақиқаттың ақ туын желбіретіп, қара қылды қақ жарған құқық қорғаушылар (сот, прокуратура, әділет, полиция қызметкерлері), қарулы күштер саласындағы еңбегі ерен әскерилер, қоршаған орта мен табиғат жанашырлары, адал кәсіппен шұғылданып ел қазынасына қыруар салық төлеп, мемлекет пен халықтың өркендеуіне үздік үлестер қосып келе жатқан ары таза, қолы таза кәсіпкерлеріміз неге «Зиялы қауым өкілдері» бола алмайды? Академиялық білім қабілетін дүниежүзінің үздік мамандары мойындаған әр саланың ғалымдары нағыз «Зиялы қауым өкілдері» емес пе?!

«АКАДЕМИКТЕР»

«Академик» атауы – ғылым мен білімнің ең шырқау шыңы. Ол деңгейге жететіндердің саны да онша көп болмайды. Осы мәртебелі атақ адамзат ғылымына таңғажайып жаңалық әкелген әлем мойындаған кемеңгерлерге ғана беріледі. Ал, қазір ше?

Біздің елде профессорлар мен докторлардың қатары аз емес, көп екен. Кейде теледидарды қарап отырсақ, ешкім білмейтін ғылыми атақ иелерін байқап қаламыз. «Бұл кісі үлкен ғалым болғанымен өзін-өзі жарнамалай бермейтін, тек қана ғылыми зерттеумен айналысқан біртоға кісі болған шығар» деп интернеттен іздей бастасақ, алып бара жатқан ғалым еместігін білгенде қайран қаламыз.

Дәл қазіргі кезде белгілі топтар, орталықтар, қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар да түрлі атақтарды қарша боратып үлестіріп жатыр. Атауларының өзі қандай? Кейде мемлекеттік наградалардың өзін тасада қалдырып кететіндей. Қандай атақ керек, бәрі бар. Тек жарнасын (ақысын) төлесеңіз болғаны. Бірақ бұл жасанды мәртебелеріңіздің барлығын мемлекет мойындамайды. Тек қана куәлік пен төсбелгіңізді қанағат тұтасыз, елге мақтана көрсетуге жарап тұр, бар болғаны сол.

Бір ғана дәлел келтірейік. Бірнеше жылдың алдында моңғолдың бір пысық жігіті «Халықаралық Шыңғысхан Академиясының» лицензиясын алған көрінеді. Кеңсесі Моңғолия астанасы – Ұланбатырдың шетіндегі екі жарым бөлмелі үй, азырақ жалақымен сауатты қызметкер кезекші болып отырады. Сіз осы атақты қатты қажет етсеңіз өмірбаяныңыз бен қоса 2000 АҚШ долларын жіберсеңіз болғаны, «Халықаралық Шыңғысхан Академиясының Академигі» болып шыға келесіз. Бір қызығы біздің біраз азаматтарымыз осы жалған атақты малданып жүр. Білетіндер күледі, білмейтіндер алданып жүреді. Мұндай үрдіс халықаралық ұйымдар мен еліміздегі қоғамдардың табыс жолына айналып кеткен. Біздің айтайық дегеніміз – нағыз мәртебе мен жалған атақты шатастырып алмаңыз деген шағын аңдатпа.

P.S. Біз ешкімнің атақ-мәртебесін, мансап-лаузымын қызғанудан мүлде аулақпыз және ол біздің арман-мұратымыз да емес. Баяғыдағы бабаларымыз айтқандай «жалған дүниеге» бой ұра бермейік деген ізгі ниет қана.

Құрметті оқырман! Артығырақ кеткен жеріміз болса кешіріңіздер! Олқы тұстарымызды толықтырып жіберерсіздер деген үміттеміз...

Төрткен Қызылжар

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар