PR ұғымының қазақи тілге ғана емес, қазақи ортаға да еніп үлгеруі заман талабы болар. Алайда оны толық қанды сіңіріп кеттік деп айта алмаймыз. Тіпті осы саланы зерттеп жүргендердің өзі Қазақстанда PR бар ма, жоқ па деген сауалға екі ұшты ой кешеді. Біздегі шоу бизнес қай деңгейде, PR-ға қатысты біздің өнер саласы нені түсіне алмай жатыр және нені түбегейлі қабылдай алмаймыз деген сыңайдағы сансыз сұрақтар сап түзей береді. Сондықтан сөзге жаңа қалыптасып келе жатқан саланың жас маманын тартқанды жөн санадық.
– Айнұр Ғазизқызы, PR-танушы ретінде айтыңызшы бізде мүлдем қозғалыс жоқ па?
– Неге? Түбегейлі қозғалыс жоқ деуге болмайды. Осыдан 15 жыл бұрын біздің әншілер аққайыңды құшақтап тұрып ән айтатын. Қазір шетелдік талғаммен сәйкес келетіндей деңгейде экшон жасай алатын талантты балалар бар.Бірақ оларда мүмкіндік жоқ. Шынын айту керек, біздің елде идеясы мықты, дарынды жастар жетерлік, бірақ оны жеткізу жүйесі қалыптаспаған. Мәселен, шетелдік телеарна жүйесінде бізге хит ретінде танылып жүрген әндерге арна ақша төлейді, ал бізде керісінше, әніңмен танымал болғың келсе ақаражатты өнерпаз төлеуі тиіс. Дайын шетелдік өнімдерді көшірме етіп, тығырықтан шығуға әрекет жасайтындығымыз да сондықтан. Көгілдір экранды көлденең жайлағандарға сіздің идеяңыз керек емес. Ал бұл өз кезегінде өнер саласының дамуына тежеу болады.
– Енді бізге қайтпек керек, идеям басым, бірақ кедергі көп, не істеуге болады? Суырылып шыққым келеді делік?...
– Негізі тығырықтан шығудың түрлі амалдары мен жолдары бар. Ол заманауи тетік көздерін дұрыс пайдалана білу. Біздің қазақ тілді өнерпаздардың көбі әлеуметтік желілерді дұрыс пайдалана білмейді және өздеріне тиесілі арнайы сайттары жоқ. Демек олар заманауи тұрғыда халықпен дұрыс жұмыс жасап жатқан жоқ деген сөз. Шетелде бір ғана әнші үшін бірнеше топ жұмыс жасайды. Олар өздерін жарнамалаудың түрлі жолдарын қарастырады. Ал бізде керісінше, түсінбеушіліктер орын алған. Мысалы өнерпаз бір журналдың мұқабасына шығуы үшін ұшан-теңіз қаржы төлейді. Қазақстанда әншіні, әртісті өздері бояндырып, киіндіріп, арнайы мамандар кеңесімен мұқабаға тегін шығаратын «Сырласу» деп аталатын журнал бар. Ол басылым әншілерден қаржы табуды көздемейді. Оқырмандардың сауалнамаға жауап беруі арқылы көпшіліктің қалаған өнерпазын көрсетуге тырысады. Алайда әншілердің кейбірі осы мүмкіндіктің өзін де түсінбей қалып жатады. Торғай сойса да, қасапшы сойсын демекші, бір ғана өнерпазды мұқабадан көрсету үшін сайдың тасындай жиналған бірнеше маманның қолтаңбасы керек-ақ. Сонда ғана талғам қалыптасып, өнеріміз дамымақ.
– Қалталылардың шетелден әнші шақыртатыны біздегі әншілердің талғамсыздығынан ба?
– Жоқ. Біздегі өнерпаздарды талғамсыз деп отырғаным жоқ. Шетелдегідей біздің әншілерде зор мүмкіндік жоқ. Себебі біз өнерді бағаламаймыз. Сіз сұраған қалталылар шетелден өнерпазды қаншама қаражатқа шақырады? Олардан ақшаны аямайды. Ал біздегі продюсерлерге хабарласа қалса, саудаласқанды ұнатады. Бағаны барынша түсіргісі келеді. Біз өз өнерімізге жанашыр болуға тиіспіз. Кейде қалам ұстаған әріптестеріңіз қазақ әншілері той жағалап кетті деген наз айтып жатады. Ол да рас. Біздің өнер, өкінішке қарай тойдың деңгейінен ары қарай өркендей алмай жатыр. Себебі ақша сол жерде ғана бар.
– Сонда бізде шоубизнес жоқ па?
– Осы екі біріккен сөзді бөліп қараңыз. Шоу және бизнес. Бізде той түріндегі бизнес бар, бірақ шоу жоқ. Ал шоубизнестен PR-ды, PR-дан өнерді бүгінгі таңда бөліп алып қарау мүмкін емес. Мәселен американдық сахнадан біз жаттанды түрлерді көреміз, алайда олардан жалықпаймыз, ресейлік сахна да дәл сондай. Неге? Себебі жұмылған жұдырықтай бір ғана өнерді көрсету үшін бірнеше маман жұмыс жасайды.Онда өнер директоры, биші, суретші, менеджер сыңайлы мамандық иелері бас қосқан. Кейбір тойсүйер қауымның намысына тиер, алайда тойбизнес тұрғанда біздің шоубизнес дамымайды.
– Қарпайым тілмен түсіндіріңізші жоқ, жоқ дей беретін PR деген не сонда?
– Ол өнерпаздың өзін халыққа көрсете алуы. Шаштың үлгісінен бастап, киген киім, сөз саптауыңыз бәрі PR-ға қызмет етеді. Мысалы мен Айжан Нұрмағанбетованы құрметтеймін. Сіз ол әншіні танисыз ба? Есте қаларлық бір хит әнін атаңызшы.
– Әрине, танимын.
– Қандай әнін жатқа білесіз, оның есімін естігенде қай әні есіңізге түседі.
– Ешқандай әнін есіме түсіре алмай отырмын.
– Ол заңдылық. Ол қазақтардың арасында шашын сарыға бояп эпотаж жасаған әнші. Сейфуллин Жолбарыстың бір әнін есіңізге түсіріп көріңізші
– Бәлкім сүйікті әншім болмаған соң білмейтін болармын.
– Одан емес. Бастысы Сейфуллинды танисыз гой. Оның секіріп ән айтуы да PR.
– Эпотаж дейсіз бе, мен оған келіспеймін біздің ұлттық менталитетіміз бар емес пе?
– Білесіз бе, шоубизнес және PR ұғымдарының соңынан Америкаға барып оқып келсем де ұлттық менталитетті бұзуға мен де қарсымын. Қара PR-дан аулақ болуымыз керек. Біле білсек, ұлттық танымның өзін де шетелдіктер үшін PR-ға айналдырумызға болады. PR туралы Қазақстан үшін ұзақ ойланып тұрудың қажеті жоқ. Іске көшу керек.
– Осы саланың майын ішкен маман ретінде сізден көбі сұхбат алғысы келеді, журналистерден неге қашқақтайсыз, білгеніңізді ортаға салғанның несі айып?
– Өнер саласында менің өзімнің жобаларым бар. Продюсермін. Бізде продюсерлер әншінің арқасында атақты болғысы келеді. Негізі керісінше, әншінің бағын продюсер ашады. Осы тұрғыда өзімді жарнамалғым келмейді.Өнерпаздың көлеңкесінде қалып,оның имджімен айналысатын маман иесі болсам да, кәсібім өзіме ұнайды.
– Әрине бір ғана сұхбатпен сіздің бірнеше жыл зерттеп жүрген дүниеңізді әңгімелеп біте алмайтынымыз анық, десе де өнердің дамуына сын түрткі болады ғой, сондықтан ащы да болса анық айтқандарыңызды оқырманға жеткізіп тұрсаңыз деген ниеттеміз.
– Дұрыс айтасыз. Бәрін бір ғана сәтте түзете салу мүмкін емес. Алайда қасықтап отыратын да уақыт жоқ. Жаһандану басталып кетті. Қазақ өнері жаһандануға жұтылмауы үшін заман талабына біз де үлгеріп отыруымыз керек. Мысалы біздің әншілердің арнайы аудиториясы жоқ. 18 бен 50 жас аралығындағылар үшін Қайрат Нұртас хит.Неге?Қайбіреулер тыңдаушы талғамы төмендеп кетті дегенді айтады. Ал шындығында әншінің өзін жарнамалай алуы жатыр. 95 пайыз ол өзін жарнамалау арқылы атақты болған әнші. Өзін феномен ретінде қалыптастырды десек те болғандай. Демек бүгінгі заман өнеріне дарын мен талант жеткіліксіз. Егер шоу-пиармен көлденең көк аттылар емес, нағыз мамандар айналысатын болса, Азия елдері арасындағы Шоу саласы дамыған елдер қатарына енер едік. Ендігі мақсат ұлттық болмысымызды жоғалтпай осы саланы дамыту.
Әңгімелескен Айнұр Төлеу
Masa.kz
Пікір қалдыру