"Білген боғын жесін" деген Қожахметов сынау мен жамандаудың айырмасын білмей ме?

/image/2020/09/25/crop-14_6_662x1178_whatsapp-image-2020-09-25-at-10.41.06.jpeg

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов Facebook әлеуметтік желісінде дәрігерлердің қызметін сынағандарды "ақ халатты жандарды жамандап, атын шығарғысы келетіндер" деп атады.

"Бордюрге, әкімге, қойнында жатқан әйеліне ренжісе де өшін ақ халатты абзал жандардан алады. Олар аса мейірімді жандар емес па, бәріне шыдайды. Медсестраны қазақ бекерден МЕЙІРбике демейді ғой. Күндіз әлеуметтік желіде оның "бетіне түкіріп, табан сүртіп", кешке жан қиналып ауырғанда түк болмағандай ыңқылдап сол дәрігерге барып емделетіндер бар. АРАМызда. Менің әріптестерім жоқ емес олардың ішінде" деп жазды Қожахметов.

Ол жазбасында дәрігерлер мен аурухананы "жамандау" әлеуметтік сәнге айналғанын, атын шығарғысы келгендер "Минздравқа тисетінін" жеткізген.
 
"Жалпы біреуді жамандап атақ шығаратындар көбейіп кетті. Бүгінгі күннің әлеуметтік сәніне (модасына) айналғаны – дәрігерлерді, ауыруханаларды, Денминді "тепкілеу", жамандау. Өзін өзі батыр көрсетіп, атын шығарғысы келетіндер, сол баяғы Минздравқа тиседі. Челлендж сияқты. Жұрттан қаламыз ба, деп.
Атам айтушы еді: – "білген боғын жесін", деп. Бірақ ойымда жүргенін жеткізгім келді. Әрине, бір демде қоғам өзгеріп мәдениетіміз өрбіп кетпейді. Бірақ әр адам істегеніне, ойымен айтқан сөздеріне бір күні жаратушының алдында жауап береді. Оған күмәнім жоқ.
Сонымен қоса айтайын дегенім, емшілердің намысын қорғайтындар арамызда аз емес. Соныда біліп жүрейік, дегенім ғой" делінген жазбада.
 
Кей журналистер мен қоғам белсенділері Қожахметовтің сөзімен келіспей, азаматтардың денсаулық сақтау министрлігі мен дәрігерлерді сынауын "жамандау" дегеніне наразылығын жеткізіп жатыр.
 
Журналист, "Мұнара" газетінің бас редакторы Серікбол Хасан "Сынау мен жамандау – екеуі екі бөлек нәрсе. Байқауымша, сынның көпшілігі Цойға бағытталып отыр. Жалпы дәрігерлерге емес" деп жазды. 
 
Журналистика және кино зерттеушісі Молдияр Ергебеков қоғаммен бұлай байланыс орнатуға болмайтынын атап өтті.
 
"Денсаулық сақтау министірлігінің баспасөз хатшысы ма, түсінбедім, алайда халықпен боқ арқылы көпір орнатып жүр екен. Ол жағы түсінікті болды. Сөзінде дәлел де, дәйек те жоқ. Таңертең ұйқысынан тұрғанда, туалетке барып көпір орнатып отырған кезінде жаза салған сияқты. Мемқызметкерге "жарасатын" пост" делінген жазбада.
 
 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар