22 қазан – Халықаралық кекеш адамдар күні. Осы күнге орай Қамшы тілшісі "TRAIN YOUR BRAIN" балалар оқыту орталығының логопеді Нұргүл Болатовамен сұхбаттасты. Маман "Баланы неше жастан бастап логопедке көрсету керек? Кекештікті қалай емдеуге болады? Ата-аналар тіл мүкісі бар балалармен қалай қарым-қатынас орнату керек?" деген сұрақтарға жауап берді.
– Кекештік (тұтықпа) бұл – сөйлеу аппараты бұлшықеттерінің тырысуынан болатын сөйлеу қалпының бұзылуы. Бұл кезде адамда сөйлеу ырғағы мен тыныс алу реті нашарлайды. Кейбір дыбыстарды созып немесе буындарды (мме-ме-мектеп, кі-кі-кітап, авт-тт-тт-обус) қайталап, еріксіз мүдіріп, іркіліп айтады. Бұл іркіліс кейде тым ұзаққа да созылуы мүмкін. Жаңа туған сәбиде кекештік байқалмайды. Тұтықпа көбінесе мектепке дейінгі жаста (2-6 жас арасында) кенеттен немесе біртіндеп пайда болады.
Қазіргі уақытта көптеген ата-аналар логопедке тек Р дыбысын айта алмаған кезде немесе кеңес алу үшін 3-5 жасты күту керек деп ойлайды. Алайда бұл кезде баланың уақыты босқа жоғалады. Егер уақытында маманға жүгінсе, тіл мүкісін тезірек емдеуге болады.
Логопедке қай уақытта бару керек?
1 жасқа дейін бала күлмесе, қызармаса, алғашқы сөздерді айтпаса;
2-3 жас аралығында нәресте мүлдем сөйлемесе, "өз тілінде" сөйлесе, сізді түсінбесе;
3-6 жас аралығында сөздік қоры нашар, грамматикалық қателері болып, дыбыстауы бұзылса;
6-9 жас аралығында бала қате жазса, әріптерді төңкеріп жазса, әріптерді жиі "қалдырып" кетсе, логопедтің көмегіне жүгінген жөн, – дейді ол.
Логопед ауыр тіл мүкісін үйден емдемей, маманға көрсеткен жөн деп санайды.
– Егер сөйлеу тілінің бұзылысы ауыр болса, онда ата-ана үйде өз бетінше емдей алмайды. Уақытты жоғалтпай логопедтің көмегіне жүгінген дұрыс.
Осы орайда ата-аналарға пайдалы ақпарат беріп кетейін:
1) Баланың сөздік қоры өте аз болса, күнде тек бір-екі сөзден үйретіңіз.
2) Тұтықпа кезінде үй жағдайында жасалатын жаттығулар. Артикуляцияға және мимикалық бұлшықеттерге арналған релаксациялық жаттығулар:
1.Тісті көрсете отырып, барынша күлу. Зейінді беттегі қысымға аудару.
2. Ерінді алға шығара отырып, 10 секунд бойы үрлеу.
3. Тілді алдыңғы тіске тіреп, зейінді тілдегі қысымға аудару.
4. Ауызды ауаға толтырып, көзді барынша ашу.
5. Дауысты дыбыстармен жұмыс. Тілінде кемістігі бар балаларға сөздегі дауысты дыбысты бөліп айтуды үйрету үлкен нәтиже береді. Дем шығару арқылы дауысты дыбыстармен жұмыс жасау керек: А-о А-о-у-ы М-м-м-м-м-а-а-а М-м-м-м-м-у-у-у
А-о-у А-о-у-ы-и М-м-м-м-м-о-о-о М-м-м-м-м-ы-ы
6.Санау жаттығуларын жасау кезінде бір тыныста терең тыныс алып, санау қажет. 1,2,3,4,5,6,7,8,9,10, кейін сандарды кері санау қажет.
7. Көбірек ән шырқау керек, – дейді маман.
Оның айтуынша, тіл мүкісі бар бала көзінше "логопедке апару керек еді" деген сөздерді айтпау керек. Осы сөздермен ата-аналар балаларына комплекс жасап береді.
– Барлық ата-ана өз баласы үшін алаңдайды және оларға тек жақсылық тілейді. Алайда кейбір ата-аналардың уайымдағаны соншалық, эмоцияларына ерік беріп, өз ойын балаға дұрыс жеткізе алмай, оны ренжітіп алмау үшін қажетті сөз таба алмайды. Баланы сөзбен кемсітпеу керек. "Дұрыстап сөйле!", "Еркелемей сөйле!", "Ол әдейі істейді!" деген деген сөздерді сөздік қолданыстан алып тастаған жөн.
Сондай-ақ баланың көзінше "балам дұрыс сөйлемейді. Логопедке апару керек еді" деген сөздермен балаға комплекс жасап бермеңіз. Үйде балаңызды қолдап, көмектесіңіз.
Тұтықпадан арылудың ерте-кеші жоқ. Сөйлеу ырғағын қайта қалыптастырып, кез келген жаста тұтықпаның белгілерін басуға немесе жоюға болады. Одан біржола құтыла алмау өз-өзіне деген сенімсіздіктен, емделуге дұрыс мән бермеуден болады. Тұтықпаны түзету үшін, ең алдымен, адамның өз-өзіне деген сенімі жоғары болуға тиіс, – дейді логопед.
Нұргүл Болатова "р"-ды "л" деп, "ң"-ды "н" деп, "с"-ны "ш" деп әріптерді ауыстырып айтатындарды емдеуге қанша уақыт кететінін айтып берді.
– Балаларда сөйлеу тілінің алуан түрлі бұзылыстары байқалады. Олардың ішінде ең кең таралғаны – дыбыс айту бұзылыстары. Логопедияда сөйлеу тіліндегі дыбыстарды айтудың бұзылуын "Дислалия" деп атайды. Кей адамдар "р" дыбысын "л" дыбысымен (ж-з , ш -с , д-т, в-ф, к-қ, г-қ) алмастырып немесе дыбысты айтпай тастап кетіп, бұрмалап айтып жатады. Бұл бұзылыс есту қабілеті дұрыс, сөйлеу аппараты қалыпты дамыған балаларда да кездеседі. Мектеп жасына дейінгі балалардың 25-30 пайызында дислалия жиі кездеседі.
Ата-аналар менен "балам "с" дыбысын "ш" деп, "ж" дыбысын "з" деп айтады, бұл қалыпты ма? Қалай түзетсем болады?" деп сұрайды. Әрине, бұл қалыпты емес. Баланың тілі шыққан сәттен бастап, белгілі бір дыбыстың өзіндік органикалық пайда болу уақыты бар. Яғни, балада уілдеу, былдыр уақытылы пайда болса, ызың дыбыстар да (с, з, ц, ш, ж, щ, ч) өз уақытымен шығуы қажет.
Негізінен "с" дыбысы 1 жас 11 ай мен 3 жас аралығында шығуы қажет. Ал "ш" дыбысы 2 жас 4 ай мен 4 жас 11 айдың аралығында шығуы шарт. Әрине, әр балада әр түрлі уақытта пайда болады. Бірақ осы уақыттардан асып кетпеуі қажет.⠀
Ал енді "с" дыбысының дыбысталуына тоқталсақ. Ызың дыбыстарда тіл жақ пен күрек тістердің ықпалында болғандықтан, жаққа көбірек күш түседі. "С" дыбысы астыңғы күрек тістердің артқа шегінуі нәтижесінде, тілдің астыңғы тістердің артына келіп орналасқан кезеңінде ауа ағынының күшімен сыртқа суық ауамен шығады. Ал "ш" дыбысының артикулациялық қалпы өзгеше. Оны дыбыстағанда, үстіңгі және астыңғы күрек тістер түйісіп, сыртқа жылы ауа ағынымен шығады. Міне, бұл жердегі бар мәселе тіс пен тілдің орналасуында болып тұр. Ең алдымен, баланың күрек тістеріне мән беріңіз, сонан соң баланың фонетико-фонематикалық қабылдауын тексерген жөн. Баланың қай кезде дыбыстарды алмастыратынына, қай кезде дұрыс айтатынын ескеріп, қорытынды жасаған дұрыс.
Енді осы бұзылысты түзету әр балада әрқалай уақытты талап етеді. Тек бір ғана емес бірнеше дыбысты дұрыс айта алмаса немесе орындарын алмастырса, онда бірнеше курстың ішінде түзетуге болады (шамамен 1-1,5 ай). Кей балалар 2-3 сабақты, кейбіреуі 7-8 сабақты қажет етуі мүмкін, – дейді ол.
Логопедтің практикасында бірнеше ауыр диагнозбен келген науқастар болған. Қазіргі таңда тілі мүлде түсініксіз егіз қыздардың буындап сөйлеп келе жатқанын баяндап берді.
– Менің тәжірибемде әр түрлі тіл кемістігі бар балалар кездеседі. Осы уақытқа дейін 400-ден астам тіл мүкісі бар баламен жұмыс жасадым. Кейбіреуі жеңіл, кейбірі ауыр диагнозбен келеді. Қыс айында бір ата-ана егіз қыздарын диагностикаға алып келді. Сол кезде анасы "кыздарым бәрін түсінеді, бірақ сөйлей алмайды" деп мұңайып отыр.
Диагностика жасамас бұрын анасынан тіл кемістігінің себебін анықтап алдым, яғни анамнез жинадым. "Жүктілік қалай өтті? Нешінші перзентіңіз? Босану кезінде жарақаттану немесе босану кезінде оттегінің жетіспеушілігі болды ма? Нәрестелік кезеңде қандай аурулармен ауырды?" деген сияқты бірнеше сұрақтар қойдым. Содан жүктіліктілік кезінде анасының тұмаумен ауырғаны анықталды. Баланың тіл мүкісіне сыртқы және ішкі факторлар, атап айтсақ анасының жүктілік кезіндегі токсикозы, вирусты және эндокринді аурулар, жарақаттар, резус-фактор бойынша қанның сыйымсыздығы әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ анасының босану кезіндегі жарақаттануы, асфиксия (оттектің жетіспеуі) және өмірінің алғашқы жылдарындағы әртүрлі аурулар себепкер болатынын түсіндірдім.
Қыздарын тексере келе, сөйлеу тілінің ауыр бұзылысы екенін айттым. Алғашында қыздардың тілі өте түсініксіз болды, "қытайша" сөйлейтін. Тіпті сөзді түсінбейтін. "Мынау не?" деп сұрақ қойсам, өзіме "мынау не?" деп жауап беретін. Бір өкініштісі, логопедке төрт жарым жаста келгені. Бұл жас біз үшін өте кеш. Содан диагностика жүргізіп болғаннан кейін кыздарды невропотолог дәрігерге баруын, арнайы дәрі-дәрмек алуын айттым. Кейіннен олар логопедтің сабақтарымен бірге ой-өрісін дамытатын әртүрлі витаминдер қабылдады. Қазір түзету жұмыстарының жүріп жатқанына 5 ай болды. Нәтижеміз жақсы. Біраз буындарды біледі, 2-3 буынды сөздерді дұрыс айта алады. Ең бастысы, сөзді түсінетін болды. Сұрақтарға толық жауап бермесе де, жартылай жауап беруге тырысады. Сөйлеу тілінің ауыр бұзылысы бар 3 оқушым сабақты жаксы нәтижемен аяқтаған болатын. Алла бұйыртса, осы қыздарымның да дұрыс сөйлеуіне себепші боламын, – деп сөзін аяқтады логопед.
Пікір қалдыру