Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің төрағалығымен өткен жиынға экология департаментінің, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшылары, жер қойнауын пайдаланушылар қатысты.
"Біздің алдымыздағы басты міндет - "Көкжиде" жерасты суларының бірегей көзін сақтап қалу. Осыған байланысты осы кен орнында жұмыс істеп жатқан жер қойнауын пайдаланушылардың қызметіне тексеру жүргізіліп, заң бұзушылықтар анықталды. Сараптама, толық барлау жүргізетін, стратегиялық маңызы бар кен орнының жағдайын зерттейтін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды",- деп атап өтті Қайрат Бекенов.
Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Жақсығали Иманқұлов қазіргі таңда Көкжиденің құмды алқабында "СНПС-Ақтөбемұнайгаз" АҚ, "КМК-Мұнай" АҚ және "Фирма Ада Ойл" ЖШС жұмыс істеп жатқандарын жеткізді.
"Көкжиденің құмды алқабын сақтап қалу мақсатында "Көкжиде-Құмжарған" қаумалы құрылып, Көкжиде кен орны қорын қайта бағалау жобасын жүзеге асыру басталды. Оның міндетіне қорларды бекіту, кен орнының контурын анықтау және жер қойнауын пайдаланушылардың жерасты суларына техногендік әсерін бағалау кіреді",- деді Жақсығали Иманқұлов.
Былтыр "Көкжиде кен орнының жерасты суларының қорларын қайта бағалау мақсатында толық барлау" жобасын жүзеге асыру басталды.
Үш жылға есептелген жобаның қорытындысы бойынша Ақтөбе және Атырау облыстарының халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жерасты суларының қорларын қайта бағалау және бекіту жүргізіліп, Көкжиде кен орнының жерасты суларының қорларын мемлекеттік балансқа қойылады.
Аталмыш жұмыстарды жүргізу қазіргі жағдай мен бүкіл Көкжиде кен орны ресурстарының перспективасын бағалауға, оның гидроэкологиялық жағдайы туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді.
Облыс әкімінің орынбасары: "Біз мұнай өндіруді төмендетуге дайынбыз, кен орнын сақтап қалуға басымдық берілед. Компаниялардың үнемдеу мақсатында қолданып жатқан технологиялары кен орнына кері әсер етуі мүмкін. Бұған жол бере алмаймыз. Заң бұзушыларға қатысты ең қатаң шаралар қабылданатын болады",- деп ескертті.
Пікір қалдыру