Сарматтан қалған ғибадатхана

/image/2020/11/04/crop-0_72_128x228_79680150-7efc-4ac2-afa2-5e8b89d8e871.jpg

Доңызтау өңіріндегі Қызылүйік ғибадатханасы ежелгі көшпенділерден, яғни б.з.д. І мыңжылдықтың ортасы мен б.з. І мыңжылдықтың басы аралығынан қалған ескерткіш болып саналады. "Қазақстанның киелі жерлері географиясы" арнайы жобасы аясында биылғы жылы Ақтөбе облысынан Республикалық маңызы бар қасиетті нысандар тізіміне енгізілді.

 Қызылүйік үйіндісі мен оның жанындағы құрбандық шалынатын орын көрінісі

Қызылүйік Үстірттің солтүстік шың-кемері жиегінен 14 шақырым қашықтықта, Байғанин ауданының Дияр ауылынан оңтүстік — оңтүстік-шығысқа қарай 60 шақырым жерде орналасқан. Қызылүйік атануының сыры о баста қызғылт түсті ұлутастан салынғандығымен байланыстырылады.

Зайнолла Самашев бастаған археологтар оны зерттеуді 1999 жылы барлау жұмыстарының барысында бастап, 2000 жылдар басында қаржы тапшылығына байланысты тоқтатып, ал кейіннен "Мәдени мұра" бағдарламасының аясында қайта жалғастырған.

Фото: Qamshy.kz

2004-2008 жылдары мұнда жүргізілген зерттеу жұмыстарына Зайнолла Самашев, Ақан Оңғар, Ерден Оралбай, Ғалымжан Қиясбек, т.б. мамандар қатысқан. Зерттеушілер бұл ескерткішті сарматтар заманынан қалған ғибадат орны деп санайды. Олар Қызылүйікті Бәйте тектес ескерткіштер қатарына жатқызады. Бәйте — сарматтар заманынан қалған киелі орын, Маңғыстау облысының Сайөтес ауылынан 50 шақырымдай жерде, солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай тізіле орналасқан үш ғибадатханадан тұратын кешен. Бәйтеде қазба жұмыстары сонау кеңестік кезеңде жүргізіліп, қарулы жауынгерлерді бейнелейтін тас мүсіндер табылған. Қызылүйікке деген зерттеушілердің ерекше қызығушылығы оның маңынан да нақ сондай тас мүсіндердің кезігуінен басталса керек. Ал, жалпы, Үстірт аймағынан діни-ғұрыптық мәндегі ескерткіштер көптеп табылған.Бір ғана Қызылүйік тобындағы ескерткіштер тізімінде оннан астам нысан бар.

Фото: Qamshy.kz

Зерттеушілер Қызылүйік кешеніндегі қазба жұмыстары кезінде ғибадатхана, құрбандық шалу орындары, меңгір тастар мен антропоморфты мүсіндер, көмбелер мен тарту-таралғылар тапқан. Ғибадатхана қирандысы қазба жұмыстарына дейін оба үйіндісі тәрізді болып жатқан. Топырақ басып жатқан қабатын тазалағанда, ежелгі ғибадатхана қабырғасының қаланған қалпында сақталып қалған бес қатар тастары көрінген. Құрылыстың диаметрі оңтүстік-солтүстік бағытта — 34,60 метр, ал батыс-шығыс бағытында 29,59 метр болған. Құрылысқа ұзындығы 0,4-0,8 метр, ал ені0,4 метр болатын тастар пайдаланылған.

Фото: Qamshy.kz

Ғибадатхана маңында солтүстік-шығысқа қарай 1000 метрге дейін доға тәрізденіп созыла орналасқан меңгір тастар болған. Әрине, зерттеушілер оларды сынған, бүлінген жағдайда тапқан. Самашев, Ольховский сынды ғалымдар меңгір тастардың Батыс Қазақстан өлкесіндегі көне сармат ескерткіштерінің көпшілігіне тән екенін айтады.

"Бәйте тектес" тас мүсіндер сынықтары

Фото: Qamshy.kz

Меңгір тастарға қоса, антропоморфты мүсіндер де Доңызтау мен Маңғыстау өңірлерінен табылған ежелгі ғибадатханалардың ажырамас бір бөлігі. Қызылүйіктегі тас мүсіндерді мамандар иконографиялық белгілері, қашау тәсілдері, т.б. ерекшеліктеріне қарап, «бәйтелік» және «меретсайлық» деп екі түрге бөлген. «Бәйтелік» пішіндерде оң қол төмен түсіріліп, тік «ұсталады», ал сол қол шынтақтан бүгіліп, ішіне қойылған. Бұлар, негізінен, бес қаруы бар «жауынгерлер» болып келеді. Ал «меретсайлық» мүсіндердегі бейнелер екі қолын да кеудесіне басып тұрады. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, «меретсайлық» пішіндегі мүсіндерде абыздар бейнеленген.

Фото: Qamshy.kz

"Меретсай тектес" тас мүсіндер сынықтары

Ғибадатхана орнындағы қазба жұмыстары кезінде табылған күміс бұйымдар

Қызылүйіктегі қазба жұмыстары барысында табылған заттар б.з.д. І мыңжылдықтың ортасынан бастап Алтын Орда дәуіріне дейінгі аралықты қамтиды. Беріректе бұл ғибадатхана өзінің діни ғұрыптар атқаратын орын ретіндегі қызметін тоқтатып, әрі-бері өткен жолаушылардың уақытша тұрағы ретінде пайдаланылған болуы да мүмкін. Мысалы, ғибадатхананың сырт жағынан табылған құрбандық шалу орындарын, бес қаруын асынған жауынгер түріндегі тас мүсіндерді, сондай-ақ елік бейнеленген, балық пішінді күміс қапсырмалар, қасқыр басты айдаһар түріндегі қапсырмалар, қайрақ,темір және қола жебелердің ұштары, т.б. заттарды зерттеушілер ерте көшпенділер кезеңіне жатқызады. Ал ортағасырлық қыш ыдыстар мен Алтын Орда дәуіріне тән шығыр ыдыстарды Қызылүйіктің берідегі қарапайым жолаушылар тұрағына айналған кезеңінен қалған жәдігерлер санайды.

Фото: Qamshy.kz

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар