Дипломы бар жұмыссыздардың көбеюіне не себеп?

/uploads/thumbnail/20170708193211956_small.jpg

Кеше ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Машбекұлы Сапарбаев ҚР Білім және ғылым министрлігінің 4 жылдық атқарған шаруалары мен реформаларына қатысты өзінің сыни пікірін айтқанын срапқа салған болатынбыз. Материалды оқырман назарына ұсыну барысында Б. Сапарбаевтың А. Сәрінжіповке келтірген  фактілеріне  қарапайым жұрт таң қалмасы анық екенін біліп отырдық. Неге?

 Вице-премьер  өз сөзінде «Біздің колледждер мен жоғарғы оқу орындарын тәмамдаған жас мамандарымыздың 37 пайыздан астамы жұмыссыздар санатында. Сонда біз кімдерді даярлап жатырмыз?  Осы мәселені қашанғы айта беруіміз керек, Аслан Бәкенұлы? » деп көрсеткен. Ал осы мемлекеттің жоғарғы оқу орнын тәмамдаған адам ретінде, атап айтқан 37 пайыздың не үшін жұмыссыз жүргенін түсіну қиын емес. Кез келген оқу орны мектеп бітірушіні өз мекемесіне қабылдарда сапалы білім мен қызметке тұрып кету туралы кепілдік береміз деп жарнама жасайды. Былтырғы жылы бітірген түлектеріміздің 99 % (100 деп айтудан ыңғайсызданатын болуы керек) жұмысқа тұрды деп айтып, алдыңызға мәлімет көрсетеді. Құжат жүзінде дәл солай. Бітірушілердің барлығы дерлік жұмысқа тұрғандығы туралы анықтама алып келіп берген. Ол анықтамалар қайдан шықты? Белгілі бір мекемелердің  мөрі бар анықтаманы бітіруші студент жерден шұқыса да тауып алып келуі тиіс. Әйтпесе диплом қорғауға жіберілмейді. Жіберілсе де, әлгі анықтаманы бермейінше студенттің қолына дипломды бермей ұстап отыруға болады. Біздің білім жүйесінде осындай келеңсіз жайт бар.  Төрт жыл бойы тер төккен дипломды алу үшін жерді шұқып тапса да, ақша ұсынса да студент анықтаманы тауып береді. Осылайша оқу орнының студенті «сұранысқа сай», оқуын бітіре салып «жұмысқа тұрған» маман болып шыға келеді. Біздің елде жыл сайын білім алу үшін мемлекеттік гранттар бөлініп отырады. Бірақ соған сай дипломы бар жұмыссыздар саны көбейіп келе жатыр. Неге бізде жұмыссыздар саны өте көп? Себебі кәсіпорындар саны тым аз. Ішер ас пен киер киімді сырттан тасып жатырмыз. Қапелімде мемлекетте төтенше жағдай орын ала қалса (ұшақ құлап, гептил шашылып дегендей) сырттан маман шақырамыз. Онда несіне мемлекеттің ақшасын ысырап етіп мамандар дайындаймыз, осы біз?

Болондық декларацияға сәйкес диссертация қорғайтын әрбір магистранттың екі мақаласы Импа́кт-фа́кторлы журналда жарық көруі тиіс. Бұның өзі ғылымдағы көз бояушылық. Себебі магистранттың міндетінде мұндай талап жоқ. Батыстың ондай журналдары ғылыми ізденушінің өзіне ғылыми материалды жарялауына зәру. Ал бізде керісінше. Ғылыми маңызды журналдарға ақша тыққылап жатып материалды жарыққа шығаруға болады. Ал ғылыми материалың жарыққа шықпаған екен, ғылыми жұмысыңызды қорғай алмайсың. Сонда біз ғылымды да көзбояушылықпен жасайтын болғанымыз ба? Біздің елде біреу докторлық деңгейге жетіпті десе, оған онша құрметпен қарамаймыз. Себебі оның ғылымға беріліп, көз майын тауысып архивте отырғанына күмәнмен қараймыз. Біз білім мен ғылымды құрметтемейтін дәрежеге жеткенбіз. Ендеше білімді адамды да құрметтеуіміз екіталай. Біздің елде білім алуға адамдар талпынады. Соңғы сиырын сатса да, қазақ баласын оқытқысы келеді. Бірақ берілетін білім ауылдағы ағайынның аузынан ақты айырып, айран-сүтсіз отыруына тати ма?Әлем нанотехнологияны күнделікті тұрмысының бір бөлшегіне айналдырып үлгерді. Ал біз нанотехнология дегеніміз не, ойбай оны игеру керек  екен деген ұранмен жүрміз. Білім жүйесіндегі осындай келеңсіздіктерге реформа жасалмай, біз білімді ұлт бола алмаймыз. «Ғылым таппай мақтанып» қашанғы жүрер екенбіз?

Айнұр Төлеу

 

Қатысты Мақалалар