Жақында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы автократия жайындағы айыптаулар туралы өз пікірін білдірген болатын.
"Конституция: бірлік, тұрақтылық, даму" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын ашу барысында Елбасы қазақстандықтардың діни-мәдени көзқарастары ерекше екендігін атап өтті, деп хабарлайды «Қамшы» порталы Today.kz-ке сілтеме жасай отырып.
Елбасы бас болып айтырын айтты. Ендігі жерде Елбасының биліктегі автократияға қатысты айтқан сөздерін сараптап көрейікші.
"Бізді автократия бар деп жазғыратынын білемін. Егер халық әрбір 4-5 жыл сайын халық жалпы дауыс беру кезінде өз президентін таңдаса, өз парламентін еркін альтернативті сайлау арқылы таңдаса, қандай автократия туралы айтуға болады?»,-дейді Президент Нұрсұлтан Әбішұлы.
Қазақстандағы автократия, авторитаризм туралы сөз айтпас бұрын оның түпкі мағынасына назар аударып көріңізші. Мақаланы оқып шыққаннан соң қорытындылайтын пайымыңыз патша еркіңізде.
Иә, Елбасы «жоқ, болуы мүмкін емес» деген «автократияның» бір адамның жоғарғы өкімет билігін шексіз басқаруы екенін ескерсек, Елбасының жаңағы сөздері ойландыратыны сөзсіз. Біздің мемлекетіміздің Тәуелсіздік алған ширек ғасырында «ақсақал биліктің» тізгінін Әбішұлы Нұрсұлтан Назарбаев ұстап келе жатқандығы жасырын емес. Өз кезегінде халық та өз басшысына әділ бағасын берген. Осы мәселені бізше бажайлап көрейікші. Қазіргі саясаттану ғылымында автократия – саяси билікті бөліспей, тұтас басқаруға тырысқан топты атау үшін пайдаланылады екен.
Ендеше Қазақстанның «Жоғарғы Үкіметінде» осындай саяси күш немесе топ бар ма?
Біздің елде жоғарғы билік Президентке тиесілі. Мұнда Елбасының өкілеттілігіне ешкім шек келтіре алмайтыны анық. Себебі Елбасы өзі айтқандай; Ол халықтың ықыласына бөленген басшы. Ұлт көшбасшысы. Халық өзі таңдаған, мемлекетінің тізгінін ұстауға қатарынан бес мәрте дауыс берген, үлкен саяси тұлға. Әйтсе де, Президент мырзаның автократия туралы айтқан сөздерінен кейін елде «авторитаризм» мүлде жоқ деп түйін жасау да жаңсақтық болатыны сөзсіз. Себебі Қазақстанда Президенттен кейінгі екінші құзырет – премьер-министрде екеніне келісерсіз. Енді осы жерде тағы бір автократты жүйенің белді фигурасына тоқтала кетсек жөн болар. 1991 жылдан бастап билік дәлізінде жүрген ол түрлі министрліктердің тізгінін ұстап көрді. Қазақстандық саясаткерлердің арасында өз беделін қалыптастырған. Сондай-ақ, 8 жылдан астам уақыт Үкіметті басқарып отырғандықтан болар, бүгінде кез келген заңнамалық құжаттар, өтінімдер мен ұсыныстар Мәсімов мырза мақұлдамаса құны көк тиын екені әмісіге аян. Бұл енді автократиядан да зорғысы саналатын – абсолютизм емес пе?
Яғни, жоғарыдағы пайымдарды саралай келе, біздің мемлекеттегі автократты басқару жүйесінде – антогонизм, мүдделер, партиялар қақтығысы болуы мүмкін емес екенін түсінеміз. Ендеше қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары жазып жүрген автократия мәселесі – Президенттік емес, Үкіметтік басқару жүйесіне бағытталғаны ғой.
Әрмен қарай...
«Бізге, батыс елдеріндегідей демакратия жолымен тезірек алға жылжу керек дейді", -дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ширек ғасырға жуық уақыттан бері кезең-кезеңімен әр тұстан айтылып келген мәселені енді Мемлекет басшысының өзі көтеріп отырғаны- көңіл жұбататыны жасырын емес. ҚР Президентінің айтуынша; « демократия – бұл бүкіл адамзат дамуының даңғыл жолы». Бірақ, Қазақстанда діни мәдени көзқарасының ерекшелігінен, демократияны дамыту жолында азаматтар аса абай болуы керек. Иә, абай болу керек. Әйтпегенде түрлі діни-мәдени көзқарастар қақтығысы орын алып кетуі де ғажап емес. Бұған ішінара орын алып тұратын Алматы облысындағы Ұйғыр ауданы, ОҚО-дағы Сарыағаш ауданы, СҚО мен БҚО-дағы ұлтаралық қақтығыстар дәлел болады. Демек, толық демократияның да мемлекет тыныштығы үшін қауіпті болғаны ма?..
Бәлкім, сіз мұнымен келіспейтін боларсыз. Айтпақшы, бұл да сіздің демократиялық құқыңыз ғой.
"Мен біздің достарға азиялық қоғамның жүйесіне, тарихына, мәдениетіне, дәстүріне тереңірек үңілуге кеңес берер едім. Егер біздің мемлекет құрудағы амалдарымыз асығыс саяси абстрактілі кестелер арқылы жүрсе, біз баяғыда құрдымға кетер едік. Біз оны жақын көршілерімізден көзбе-көз көріп отырмыз және мұндай қателіктер апатқа апарар еді",- деп атап өтті Елбасы.
Ел тізгіншісінің аузынан осындай сөздерді есту халықтың Елбасына деген сенімін арттырғаны және арттыратыны сөзсіз. Иә, шынымен біздің аристократиялық Үкіметте автократия жоқ та шығар. Қоғамның дамуын қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстанның әлеуметтік саясатында Нұрсұлтан Әбішұлының саяси беделі жоғары болып қала беретіні анық.
Қорытындылай айтқанда, Елбасы өзі бас болып, автократия, авторитаризм туралы жаңсақ түсінікті жоққа шығаруға кіріскен екен! Енді Үкімет басында үкіленіп отырған шенді мырзалар да Елбасымен бір үдеден шығып, «ақсақал биліктегі» бюрократия мен волюнтаризмді тоқтатуға кірісуі керек секілді. Халықтың да өз Үкіметінен күтері сол болса керек-ті. Сіз қалай ойлайсыз оқырман?
Нұргелді Әбдіғаниұлы