Қыс мезгілі басталысымен етікшілердің жұмысы қыза түсіп, кәсібі өрге домалайды. Етікшілердің халықаралық күнінде ҚазҰУ қалашығы маңында осы кәсіптен нәпақасын тауып жүрген шебер – 67 жастағы зейнеткер Гүлбахрам Тұрсынбайқызы туралы әңгімелемекпіз.
"ЕТІКШІ БОЛУЫМА ӘКЕМ СЕБЕПКЕР БОЛДЫ..."
Гүлбахрам Тұрсынбайқызы Өзбекстанда туған. Мектепті тәмамдаған соң Қазақстанға келіп, содан бері атамекенінен алыстамаған. Түрлі жағдайға байланысты жоғары оқу орнында оқымаған. Есесіне шаруаға ерте араласып, 17 жасынан қолына біз ұстаған. Онысы үшін әкесіне қарыздар. Әкесі де етікші еді.
– Етік тігу – отбасымыздың негізгі кәсібі. Мені бұл іске алғаш әкем баулыған. 10-сыныптан бастап әкеме көмектесіп жүрдім. Кейін өзімнің де қызығушылығым оянды. Әрине, басында қиындықтар болды. Бірақ мен оларды еңсеріп, біртіндеп етік тігудің қыр-сырын меңгердім. Жұмысым өзіме қатты ұнайды, – дейді ол.
Етікшінің шағын шеберханасы ҚазҰУ қалашығы маңында орналасқан. Осы жерде еңбек етіп келе жетқанына 43 жыл болады. Күніне орта есеппен 7-10 шақты адамға қызмет көрсетеді.
– Зейнетте болсам да үйде тыныш отыра алмаймын. Зерігіп кетем. Мен үшін шеберханаға келіп, сүйікті іспен шұғылданудың өзі бір бақыт. Аяқ-киіммен қатар сөмке де тігеміз, кілт те жасаймыз, – дейді шебер.
Етікшінің үш қызы бар. Күйеуімен жолдары екіге айырылған. Бүгінде бір қызымен тұрады.
"АЙЫНА ШАМАМЕН 300 МЫҢДАЙ ШЫҒАРАМЫЗ"
Дәл қазіргі сәтте етікшілердің жұмысы қауырт. Етікшілер жұмысында "сезон" күзде басталып, көктемге дейін жалғасады. Күн жылы кездерде жұмыс саябырсиды. Ондай кезде шебер немерелеріне қарап, үйде отырады. Ал шаруаның қызған шағында айына 300 мың теңгеге дейін табатын кездер болады.
– Күз бен қыс мезгілі басталысымен жұмыс қызып, кәсібіме ораламын. Жаз мезгілінде бұл істен пайда жоқ. Бірен-саран адам келмесе, былайша табыссыз қаламыз. Бірақ қазір бұрынғыдай қаптаған клиент жоқ. Шеберханамыз университетке, жатақханаға жақын орналасқандықтан клиенттердің басым көпшілігі студенттер. Қазір олар үйлерінен оқып жатыр. Сондықтан етігін тіктіруге негізінен осы маңдағы тұрғындар келеді. Олар көп емес қой. сол себепті бүгінгі жағдайда жұмыс тұралап тұр. Жұмысымызға көп те сұрамаймыз. Қатып қалған баға жоқ. Бір аяқ-киімді 500-ден бастап 2500-3000 теңгеге дейін тігемін. Келген клиенттің жағдайына қарай жеңілдік жасайтын кездер де болады. Тіпті тегін тігіп берген жағдайлар да кездескен. Көбіне студенттер келетіндіктен арзанға тіктіргісі келеді. Осынша жылдан бері істеп жатқандықтан, біз оны жақсы білеміз. Бізге клиенттердің риза болып кеткені, шын ықыласпен алғыс айтқаны маңыздырақ. Сонда келушілер де үзілмейді. Жұмыс тоқтамаған кездері айына шамамен 300 мыңдай (теңге – ред) шығарамыз, – деді зейнеткер.
АЯҚ-КИІМДІ ҚАЛАЙ ТАҢДАҒАН ДҰРЫС?
Шебер аяқ-киім сатып алғанда оның тартымдылығына ғана емес, сапасына да көңіл бөлу керектігін айтты. Оның сөзінше, қымбатырақ болса да былғарыдан жасалған аяқ-киім алған дұрыс. Ондай аяқ-киімдерді бірнеше жыл киюге болады. Оның үстіне былғары етікті жөндеу де жеңілірек болатын көрінеді.
– Көп адамдар етік сатып алғаннан кейін кимей тұрып, айналдырып тіктіріп алып жатады. Негізі бұлай жасаудың қажеті жоқ. Оны киіп, тозығы жеткеннен кейін жөндеген жөн, – деп кеңес беруді де ұмытпады шебер.
Етікші карантинге байланысты кей әріптестері бағасын екі есеге қымбаттатып жатқанын дұрыс емес деп санайтынын жеткізді. "Онсыз да жағдайы ауыр халықтыңодан бетер қинай берген дұрыс емес қой" деген ол карантин өздерін де кәдімгідей қысқанын айтып, сонда да бұл тығырықтан ұзамай шығатынына сенім білдірді.
– Ештеңе жоқ, шыдаймыз. Қазір кімге оңай? Бұл күндер де артта қалар, – дейді зейнеткер етікші.
Пікір қалдыру