Парламент мәжілісі сайлауына бойкот жариялаған азаматтық белсенді Жанболат Мамай мен оның жақтастары Алматыдағы республика алаңы маңында митинг өткізіп жатыр. Қамшы тілшісі митингтен арнайы фоторепортаж дайындады.
Алаңға шыққан митингшілер "Оян, қазақ!", "Дариға билікке келмесін!", “Жер шетелдіктерге берілмесін!" деп ұрандатты.
Жанболат Мамайдың жақтастарына қарсы ұрандатқан белгісіз топ өкілдері болды. Олар "Тәуелсіздікті Назарбаев алып берді", "Мамай сатқын", "Тыныштықты бұзбаңдар" деп ұрандатты.
Аты-жөнін атаудан бас тартқан "жастардың атынан келіп тұрмын" деген белгісіз адам наразы топқа қарсы сөйлеп, "елге тыныштық керегін" айтты.
Әлдекімдер алаңға колонка әкеп, қазақ эстрада әншілерінің әндерін қойды. Соның салдарынан шерушілердің даусы дұрыс естілмеді.
Алаңға келген "Oyan, Qazaqstan" қозғалысының мүшелерін де арнайы жасақ қоршап тұрды. Олардың қолында "Не молчи. Протестуй. Говори громче", "ВыВоры 2021" деген плакаттар болды.
Митинг өтіп жатқан алаңға ел ішінде "Амантай қажы" аталып кеткен Амантай Хантемірұлы келіп, "дүниеде тыныштық болсын... Назарбаев халыққа ақшасын қайтарсын! Ол халыққа қарыз! Бірақ елге соғыс керек емес!" деді.
Алаң мен сол жерге жақын маңайда ұялы байланыс нашар болып, интернет мүлдем істемеді.
Пікір қалдыру