Қазақстанда 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік ұйымдардың 38,5 мыңнан астам әлеуметтік қызметкерінің жалақысы өседі. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен алдағы үш жылға шамамен 95 млрд теңге бөлінеді. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап лауазымдық жалақыны ұлғайту жолымен әлеуметтік қызметкерлер үшін жалақы 1,5 есеге, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ағымдағы мәннен 1,75 есеге, ал 2023 жылы 2 есеге өседі.
"Жалақыны көтеру өз қызметін стационарлық (қарттар мен мүгедектерге арналған үйлер) және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде (бұдан әрі – МӘМ) (күндіз болу бөлімшелері, оңалту орталықтары), уақытша болу мекемелерінде (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға, тұрмыстық зорлық – зомбылық құрбандарына арналған оңалту орталықтары) жүзеге асыратын негізгі персонал (әлеуметтік қызметкерлер) мен басшы құрамға, сондай-ақ үйде қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлерге қатысты болады" делінген министрлік таратқан хабарламада.
Сонымен қатар, МӘМ әкімшілік және көмекші қызметкерлерінің жалақысын лауазымдық жалақыға қосымша ақыны 30-дан 40%-ға дейін арттыру арқылы көтеру жоспарлануда.
– Бұл жыл барлығына қиын болды. Біздің әлеуметтік қызметкерлер мекемелерде іс жүзінде тұрды, ерекше контингентпен жұмыс жасады. Біз олардың еңбегін бағалаймыз және олардың маңыздылығын түсінеміз. Бұл шара әлеуметтік салаға мамандарды тартуға, қызметкерлердің тапшылығын азайтуға және кадрлық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді деп үміттенеміз, – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.
Пікір қалдыру