Президент: Даңғаза ақциялар мен даурықпа шаралардан бас тартамыз

/image/2020/12/14/crop-314_44_950x1267_46368.jpg

Тәуелсіздігіміздің 29-шы жылы күрделі, қиын әрі ерекше болды. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде айтты. 

Оның айтуынша, мұндай тағдырлы сынақтар әр ұрпақтың басына түсе бермейді. Жаһандық дағдырысты еңсерген мемлекетіміз бұдан да зор мақсаттар мен міндеттерді көздейді. 

–  Алдағы жыл – межелі кезең. Бұл жыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтеді. Бұл өткенге көз жүгіртіп, қорытынды жасайтын уақыт. Халқымыз үшін осы маңызды датаны нақты істермен және жаңа жобалармен қарсы аламыз. Даңғаза ақциялар мен даурықпа шаралардан бас тартып, бүкіл іс нақтылыққа құрылатын болады. Экономика, әлеуметтік сала, экологиядағы жүйелі шаралардың көлемді кешенін іске асыруды жалғастырамыз. Тұрғындардың барлық топтарының, әсіресе жастар, әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктеріне баса мән береміз. Біз еліміздегі саяси жаңғырту үдерісін жалғастыра береміз, – деді президент.

Мемлекет басшысы келесі жылдың басында жарияланатын жаңа реформалар топтамасы туралы айтты.

– Бұл "халық үніне құлақ асатын мемлекет" құруға, әділет және тең мүмкіндіктер қағидаттарын бекітуге бағытталған Қазақстандағы демократиялық түрленуге тың серпін береді. Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихаттарға сайлау өткізу келесі жылдың тағы бір маңызды оқиғасы болмақ, – деп атап айтты ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы сайлау жоғары азаматтық белсенділік танытып, қоғамның саяси сауатты екенін көрсететініне сенім білдірді.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар