Екінші дүниежүзлік соғыста қаза тапқан жауынгер Сапарғали Ербатырұлының сүйегі туған жері Атырауға 80 жылдан кейін жеткізілді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Атырау облысының коммуникация қызметіне сілтеме жасап.
"Жеңіс" саябағында өткен марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов қатысты.
Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгерді жиналғандар бір минут үнсіздікпен еске алған соң, аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов сөз сөйледі.
– Бүгін жүректі елжіретер ерекше күн. Туған топыраққа тағы бір ұлы оралды. Бұл егемендік пен елдіктің ерек көрінісі. Екінші Дүниежүзілік соғыс – адамзат тарихындағы ең бір қанды қасап болды. Оған қазақ даласынан жүздеген мың жауынгер қатысса, Атыраудан да мыңдаған адам аттанған еді. Сол сойқанда қаншама азаматтарымыз қаза тауып, сүйектері жат жерде қалды. Соғыс даласынан оралмаған боздақтардың бірі – бақсайлық Сапарғали Мұқатов атамыз болатын. Арада 80 жылдан астам уақыт өткенде марқұмның сүйегі туған жер топырағына жеткізілді. Сапарғали Ербатырұлының рухы енді туған жерде тыныштық табады. Адамзат сан соғысты бастан өткеріп, адам баласы тарихында небір зұлматты көрді. Бейбітшілікті басты ұстанымына айналған Қазақстан әлемге өзіндік үлгі көрсетуде. Сонау қиырда қалған батырдың сүйегі арада жылдар өткенде туған жердің қойнына тапсырылайын деп отыр. Бұл – тәу етер Тәуелсіздіктің арқасы. Тәуелсіздігіміз бен тыныштығымыз мәңгілік салтанат құрсын, – деді өңір басшысы.
Жауынгерді ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне Сапарғали Ербатырұлының ұрпақтарымен қатар, батырға құрмет көрсетуге келген бір топ атыраулық қатысы.
Батырдың сүйегінің туған жерге оралуына тек Атыраудың ғана емес, Ресей Федерациясының "Переправа" іздеу отрядының командирі Наталья Максимова, Павлодардың "Майдан жолы" іздеу отрядының командирі Александр Шитов, Атырау облыстық "Жаңғыру жолы" республикалық жастар қозғалысының мүшесі Қуаныш Юсупов және еліміздің басқа өңірлерінен де белсенді азаматтар атсалысқан.
Пікір қалдыру