"Бұл жолы Тоқаев тікелей араласуы керек". Экс-дипломат Ресей депутаты туралы

/image/2020/12/14/crop-3_10_283x504_unnamed.jpg

Әлеуметтік желіде Ресей мемлекеттік думасының тағы бір депутаты Евгений Федоровтың Қазақстан жеріне байланысты айтқан даулы мәлімдемесінің видеосы тарап жатыр. Ол "Беларусь инфо" уoutube арнасына берген сұқбатта "Қазақстан Ресейге өз аумағын қайтаруға тиіс" деп, Қазақстан территория Ресей тарапынан жасалған сыйлық екеніне меңзеп, оны сыйға берілген көліктің мысалында түсіндіруге тырысты. Бұған дейін 12 желтоқсан күні Ресей думасының депутаты және "Большая игра" бағдарламасының жүргізушісі Вячеслав Никонов "Первый канал" мемлекеттік телеарнасының эфирінде "Қазақстан аумағы – Ресей тарапынан жасалған сый" деп мәлімдеген болатын.

Алғашқы мәлімдемеге Қазақстан Сыртқы істер министрлігі назар аударып, Вячеслав Никоновқа наразылық нота жариялаған. Депутаттың өзі мәлімдемеге қатысты Telegram-каналында "Қазақ КСР шекарасы айқындалғанда Қазақстанның барлық мүддесі ескерілді деп санаймын. Бұл кейін Қазақстан Республикасы шекарасына айналды" деп жазған.

Ресей думасындағы ТМД істері, еуразиялық интеграция жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Виктор Водолацкий Вячеслав Никоновтың мәлімдемесінен кейін туған келіспеушілік шешілетінін айтып, Ресей Қазақстанның егемендігін толықтай мойындайтынын, екі ел бір-бірімен барлық салада берік достық және серіктестік байланыстар орнатқанын атап өткен.

Саясаттанушы, бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев арада екі күн өткенде жағдай қайтанып отырғаны "өте түсініксіз", мәселеге президент Тоқаев араласпаса болмайды деген пікірде.

 

– Басында Вячеслав Никоновтың мәлімдемесін әумесер адамның айтқаны деп қабылғанан едім. Енді міне, қатарынан екінші депутат осылай деп отырғаннан кейін ойым өзгеріп тұр. Бұл – дипломатиялық тұрғыда сорақы нәрсе. Жағдай өте түсініксіз. Меніңше, ендігі кезекте мәселеге сыртқы істер министрлігі емес, тікелей президент араласуы керек. Путинмен сөйлесіп, нақты сұрақтар қойылып, нақты жауап алынуы керек. Қазақстан мен Ресей ТМД-ға, Еуразиялық одаққа, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше. Бір-біріне үнемі "дос, серіктес елміз" деп айтады. Осы жағдайда мұндай сөздің айтылуы өте түсініксіз. Дос, серіктес мемлекеттер "жерді сыйлыққа бергенбіз", "біздің жер" деген сөздерді айтпайды. Бұл – азаматтарымыздың намысына тиеді, – дейді экс-дипломат.

 

Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, осы сынды сөздердің айтылуына белгілі бір дәрежеде биліктің өзі де кінәлі.

– Біз көп жағынан Ресейге тәуелдіміз. Экономикалық, ақпараттық тұрғыда болсын, кейбір саяси мәселелер бойынша солтүстік көршіге тәуелдіміз. Сондықтан олар бізге ықпалы жүріп тұрғанын түсінеді, – деп атап өтті Қазбек Бейсебаев.

Саясаттанушы Досым Сатпаев та "егер Қазақстан өзін құрметтемесе, өзгелер де құрметтеуді қояды" деп санайды.

 

– Қазақстан билігі Жириновский, Лимонов, Соловьев, Никонов секілді ресейлік саясаткерлер, журналистер я сарапшылардың сөздерін және республикамыздың ішкі, сыртқы саясатына, оның аумақтық тұтастығына қатысты арандатушылық мәлімдемелерін саяси әзілдердің шулы әсері деп қате қабылдап келді. Шын мәнінде, әзілдер көбінесе патшаның ойындағыс білдіреді. Дипломатия әлемінде белгілі бір мәселе бойынша өз ұстанымын нақты көрсетудің көптеген құралдары бар. Біздің сыртқы істер министрлігіне Ресей басшылығы жоғары Кремль мұнарасынан түкіріп жатқан дипломатиялық ноталардан басқа құралдарға көшетін кез келді. Мәселен, Қазақстанға, оның аумақтық тұтастығына, тарихына, тіліне және т.б. арандатушылық және қорлау шабуылдарына жол берген барлық адамдарды республикамызға келуіне тыйым салуды ресми енгізу сияқты құралдардың бірін қолданатын уақыт жетті. Бұл арандатушылардың көбі Қазақстанға келмейтіні түсінікті. Бірақ бұл жерде дипломатиялық прецеденттің өзі маңызды, онда тізімге Жириновский немесе Никонов сияқтылар кірер еді. Мұндай тізімді жасау ресейлік шенеуніктерге сын болар еді. Оларда тек екі жол ғана қалады. Не осы "клоундарды" ашық түрде қолдайды. Не олардың барлығын Қазақстан халқы алдында кешірім сұрауға мәжбүр етеді. Сондай-ақ мұндай тізімнің пайда болуы немесе болмауы біздің билікке де сын. Олар шынымен де мемлекеттің мүдделерін қорғай ма, әлде сыңай танытқан болып Путиннің қаһарынан қорқа ма? Осы айқындалады, –  деді ол.

 

Ресей шенділері тарапынан осы сарындас әңгімелер айтылғанда ел ішінде Ресей агрессиясы, Ресейдің Қазақстандағы солтүстік облыстарға көз алартуы туралы түрлі әңгіме тарайды. Журналист, әскери сарапшы Амангелді Құрмет мұндай қатерді жоққа шығаруға болмайтынын айтады. Оның айтуынша, мұндай әңгімелер русофобияны қоздыру емес, шындыққа тура, байсалды қарау.

– 2008 жылдары Грузия мен Ресей қақтығысқанда, Ресей "Абхазиядағы азаматтарымызды қорғаймыз" деген сылтаумен әскери қимылдарға барғаны белгілі. Қырым оқиғасын еске алыңыз. Осы оқиғалар Ресейдің әлі де агрессияға құмар екенін байқатты. Агрессия жасау үшін түрлі-түрлі себептерді пайдаланады. Ресей саясаткерлері ара-тұра Қазақстанның солтүстік облыстары туралы түрлі әңгімені көтеріп, халықты сол арқылы елеңдетіп қоятынын білеміз. Ресейдің ақпараттық ықпалында отырғаннан кейін мұндай әңгімелердің әсері болмай қоймайды. Сол себепті Ресейдің солтүстік облыстарымызды басып алу қаупі, арандатуға баруы белгілі бір мөлшерде ықтимал деп бағалаймын. Әрине тікелей әскери күшпен басып ала алмайды. Бірақ әлеуметтік кикілжіңдер, жасырын диверсиялар ұйымдастыру арқылы біздің мазамызды қашыруы мүмкін, – деді сарапшы.

Ал Қазбек Бейсебаев Қазақстан Ресеймен шекара мәселесін толық шешкендіктен, мұндай қауіп жоқ деген пікірде.

– Қазақстанның Ресеймен шекарасы заңды түрде бекітілген. Егер Ресей қандайда бір әрекетке барса, онда ол басқыншылық ретінде бағаланады. Иә, Ресей Грузия, Украина елдеріне жасаған әрекеті арқылы агрессияға жақын екенін көрсетті. Бірақ біздің жағдайымыз бөлек жағдай. Екі ел арасындағы шекара мойындалған, БҰҰ-ға ұсынылған заңды шешімін тапқан мәселе, –  деп атап өтті экс-дипломат.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар