Тоқаев қазақстандықтарды жаңа жыл мерекесімен құттықтады

/image/2021/01/01/crop-5_20_869x1159_eecb3c46-e3a1-42fb-bfdb-6c7fa1b5b822.jpeg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа – 2021 жылдың келуімен құттықтады.

"Санаулы минуттан соң 2020 жыл тарих қойнауына енеді. Осы мерейлі мезетте ескі жылмен қоштасып, болашаққа бағдар түземіз. Бұл – бәріміз жайдары көңілмен бір-бірімізге ақ тілек арнайтын айрықша сәт.

Өтіп бара жатқан жыл күллі әлем жұртшылығының есінде қалатын ерекше жыл болды. Дүние жүзі бұрын-соңды болмаған алапат індетпен бетпе-бет келді. Біздің халқымызға да оның зардабы тиді. Осындай қиын кезеңде тұтас ұлт болып бірлігіміздің қадір-қасиетін жете сезіндік. Дертке шалдыққан әрбір адамның тезірек сауығып кетуін тіледік. Бірақ індет адам талғамайды. Пандемияның салдарынан көптеген азаматтарымыздан айырылып қалдық. Олардың ішінде елімізді өркендетуге зор үлес қосқан танымал тұлғалар да бар. Өмірден өткен адамдардың имандары саламат болсын! Енді мұндай қасірет қайталанбасын. Бұл үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Әр азамат мемлекеттің қамқорлығында болады. Алдағы жылдан бастап коронавирусқа қарсы тегін вакцина егуді бастаймыз. Оны азаматтардың қалауымен, ерікті түрде жүргіземіз.

Осы күрделі кезеңде халқымыз береке-бірлігі мен ынтымағын арттыра түсті. Отандастарымыз бір-біріне қол ұшын беріп, жанашырлық танытты. Бұл – шын мәнінде, ізгілік пен қайырымдылықтың үлгісі. Ең бастысы, біз бәріміз бірге болдық. Мемлекет тарапынан миллиондаған адамға қолдау жасалды. Біз қоғамның игілігі үшін қажырлы еңбек етіп жүрген азаматтардың жұмысын бағалай білдік. Дәрігерлер, мұғалімдер, тәртіп сақшылары, еріктілердің ерен ерлігіне куә болдық. Бұл азаматтар – бейбіт күннің нағыз батырлары. Оларға халқымыз шексіз риза.

Келе жатқан Жаңа жыл – қасиетті Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Біз егемен еліміздің тарихындағы төртінші онжылдыққа қадам басамыз. Бұл – шын мәнінде, аса маңызды белес. Біз келешекте Қазақ елінің қуатын одан әрі арттыра түсеміз. Барлық саладағы реформалар лайықты жалғасын табады.

Менің басты миссиям – халқымыздың тұрмыс сапасын жақсарту үшін сабақтастыққа негізделген тиімді саясат жүргізу. Біз аспен де, таспен де ұлттық мүдделерімізді табандылықпен қорғаймыз. ХХІ ғасырдың жиырма бірінші жылы толағай табыстарға, жаңа жетістіктерге толы болады деп сенемін.

Осы бір ерекше сәтте бәріміздің арман-үмітіміз бір арнаға тоғысады. Бұл – мерекелік ақжарма тілек. Босағадан еніп келе жатқан жыл берекелі болсын! Тек жақсылық пен қуаныш әкелсін! Әрбір шаңыраққа, әрбір отбасына амандық, бақыт, ырыс тілеймін! Отанымыз өркендей берсін!

Жаңа жыл құтты болсын, ағайын!" деді президент бейнеүндеуде.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар