Qumash телеграмм каналында Шымкент қаласының тұрғыны Әлия Мамутованың ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа видео өтініші жарияланды. Онда әйел қызына қатысты зорлық жасаған адамдарды жазалауды сұрайды.
Әлия Мамутова үш баланы тәрбиелеп отыр. Үш баланың бірі 1 топтағы мүгедек. Толғанай есімді қызы 1992 жылы дүниеге келген. Тумасынан мүгедек. Уақыт өте келе талма ауруы қосылған. Жалғыз басты ана отбасының жалғыз асыраушысы болғандықтан 2011 жылы қызы Толғанайды №2 мүгедектер интернатына өткізуге мәжбүр болған.
2020 жылы ол қызын көруге барғанда қызы мазасызданып тұрғанын айтады.
«Неге мазаң жоқ деп сұрасам, «Маған осы жазда бір ағай мен апай дәрігер енді укол салмаймыз, бір-ақ рет спираль саламыз болды» деп сұқ саусағымен көрсетті. Кезекшіден басшылардың бірін шақыруын сұрап едім жексенбі күні басшылардан ешкім болмайтынын айтып Гүлмира есімді психологты шақырды. Психологтан спираль туралы сұрағанымда, барлығын растады. Бұдан бөлек 43 қызға салынғанын да айтты. «Егер спираль салмасақ бұлар екі қабат болып қала береді» дегенде үстіме мұздай суды құйып жібергендей болды», - деп еске алды Толғанайдың анасы.
«Интернатта жатқандардың барлығы бірінші топ екінші топ мүгедегі. Бұлар кімннен және қалай екі қабат болып қалады? Неге бұлар жасырын спираль салады? Не үшін салады? Біз неге білмейміз? 43 қыздың ата-анасы да білмейді. Қызым айтпағанда мен де білмейтін едім», - дейді Әлия Мамутова.
Шымкент қаласының тұрғыны шағымданбас бұрын бәрне көз жеткізбек болған. 2020 жылдың 9 қарашасынан 19 қарашасына дейін қызы Толғанайды медициналық орталыққа апарып тексертпекші болған. №2 интернаттың директор орынбасарынан бастап, медицина қызметкерлеріне дейін карантин екненін айтып, қызын интернаттан жібермеген.
Әлия Мамутова департаментке барғанын айтады. Онда 13 адамнан тұратын комияссия құрылып, №2 интернатта тексеру жұмыстары жүргізілген. Тексеру нәтижесінде 2011 жылы Толғанайдың картасында «қыз» деп жазылғанын, ал 2012 жылы «спираль салынған» деп жазылғаны анықталған.
Толғанайдың анасы 19 қарашада шағым түсіреді. 2020 жылдың 21 қарашасында тергеу басталған. Әлия Мамутованың айтуынша, тергеу жүргізіліп жатқан жоқ. Одан шу шығармауын да сұраған.
«Мен бұдан артық шыдай алмаймын. Осы оқиғадан кейін адамдардан сұрастыра бастадым. Осындай мекемелерде мұндай сұмдықтар болып келген. Дәлелдей алмаған адамдар көп. Мен бұл сұмдықты, айуандықты көріп тұрып үндемей отыра алмаймын. Көшеде итті таяқпен зорлаған адам сотталып жатқанда мен неге мүгедек қызымның арын қорғай алмаймын. Неге мүгедекке осындай айуандық істейді», - деді Әлия Мамутова.
Пікір қалдыру