Қазақстан азаматтары жеке тұрғынүй құрылысына арналған 10 сотық жер учаскесін тегін алуға құқылы. Жер учаскесі өзге жылжымайтын мүліктің барына қарамастан беріледі. Төмендегі материалда уческе алудың тәртібі түсіндірілген.
Учаскені алуға өтініш тапсыру
Алдымен сұралатын учаске орналасқан жердің әкімшілігіне еркін формада жеке тұрғынүй құрылысына арналған учаскеге өтінім жазылады. Егер сұралатын учаске республикалық маңызы бар қала аумағында орналасса, онда өтінім сол қаланың әкімшілігіне бағытталады. Егер учаске ауылдық елдімекенде болса, онда ауыл әкімдігіне жүгіну қажет.
Өтінім беруші адамда жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасы мен көшірмесі болуға тиіс.
Өтінімде жер учаскесін қолданудағы мақсат, оның шекті көлемі, орналасқан орны, сұратылған пайдалану құқығы мен сұраушы адам пайдаланғысы келетін бұдан өзге жер учаскесі туралы ақпарат ұсынылуы міндетті.
Өтінімнің қаралу мерзімі
Өтінімнің жалпы қаралу мерзімі – 2 ай.
Әкімшілік сұралған жер учаскесін пайдалану мүмкіндігін анықтау үшін құжаттарды жер мәселесі мен архитектураға жауапты органға жолдайды. Құжат 10 жұмыс күні мерзімі аралығында қаралады. Артынша 2 жұмыс күні ішінде жер комиссиясының қарауына беріледі.
Арнайы есепке қою (кезекке тұрғызу)
Бөлуге арналған дайын алаң болмаған жағдайда, өтінім арнайы есепке алынады яғни кезекке тұрғызылады. Мұнан кейін 2 жұмыс күні ішінде жалпы тізімдегі кезек номері көрсетілген хабарлама беріледі. Ал дайын алаң болған жағдайда өтінім берушіге бір ай ішінде өтінім беру керектігі туралы хабарлама жіберіледі. Дайын алаңдар мен кезек тізімі туралы ақпарат ашық әрі әкімшілік сайтында немесе ақпарат құралдарында жарияланады.
Жер учаскесін тағайындау
Кезек келген кезде халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгініп, бөлінген жер учаскесін уақытша пайдалану құқығын рәсімдеу үшін қажетті құжаттарды ұсыну қажет. Рәсімдеу кезінде акттерді дайындау мен өзге шығындарға кететін қаражатты өтінім беруші өтейді. Олар туралы толығырақ мына жерден білуге болады.
Жерді пайдалану туралы акт берілген күннен кейін жарты жыл ішінде міндетті түрде жеке тұрғынүйді пайдалануға беру қажет. Сол кезде ғана жер учаскесі жекеменшікке өтеді. Егер жарты жыл ішінде үй салынып бітпесе, ХҚКО арқылы уақытша аренда мерзімін бір жылға дейін созуға болады. Егер екі жыл ішінде жер учаскесі мақсатты пайдаланылмаса, яғни құрылыс жұмысы жүрмесе немесе үй пайдалануға берілмесе, мемлекет оны қайтарып алуға құқылы. Сондай-ақ мұндай жағдайда жер кодексінің 93-баюбына сай мемлекетке келген залалдың орнын толтыру қажет болады.
Осылайша, үй салынып біткенде ғана мемлекеттен берілген жер учаскесі толықтай жекеменшікке өтеді. Оған дейін жер уақытша иелікте болады.
Дереккөз: zakon.kz.
Пікір қалдыру