Күні кешегі жаңалықтарды парақтап отырып, Беларусь басшысының 28 тамызда «Беловежский» ААҚ еңбек ұжымының өкілдері мен Рясно деревнясы тұрғындары алдында сөйлеген сөзіне көзім түсті. Онда ол кісі бүй депті:
- «Оқулықтарды толық өзгертіп шығамыз! Біз мектеп бағдарламасын жоғары мектепте берілетін білім мен сондағы пәндерді тықпалаудан құтқарамыз. Мектептің бағдарламасына жоғары білім беру жүйесінен талай нәрсе еніп кеткен, бұл не үшін керек?»
Мемлекет басының бұл пікірі Қазақстандық ата-аналардың да көкейінде жүрген сөз еді. Сондықтан болар маған да ұнап барады, жалғастырып оқуға кіріскенім сол еді, осы сәт бала бақшаның соңғы "жылдығына", былайғы жұртқа "дайындық топ"-деген атпен таныс ересек топқа жаңа ғана аяқ басқан алты жасар кенже қызым есіктен кіре дауыстап:
- Әке, мына қағазды апайым берді, ата-анаңа бер дейді, осыларды оқиды екенбіз,-деп менің қолыма бір жапырақ қағазды ұстатты да, ойыншық ақ қонжығын қолына алып ойынға кірісті. Мен оның ұсынған қағазына көз салып едім "2014-2015 оқу жылында оқу іс-әрекетіне қажетті оқулықтар мен құралдар"-деген тақырыпшамен оқытылатын пәндер және оған қажетті құралдардың тізімін көрдім. Ұзын саны он түрлі сабақ, әрі оларға қажет он бір түрлі әрқайсысы әлденеше данадан тұратын құралдар ретімен жазылыпты. Тіпті, "кітаптар қаптаулы болсын"- деген ескертпені де қосуды ұмытпапты. Мені таң қалтырғаны сабақтардың саны мен сапасы болды. Дайындық тобы үшін осынша дүниені оқытудың қаншалықты керегі бар? Мысалы қараңыз, "Қарапайым матетатика", "Сауат ашу және жазу", "Тіл дамыту", "Бейнелеу өнері" сияқты сабақтар осы топ үшін жеткілікті болар еді-ау, ал, "Экология", "Валелогия негіздері", "Өзін-өзітану", "Балалар көркем әдебиеті"- тектес пәндердің дәл осы балабақшаның сәбилері үшін керегі жоқ-ақ. Енді ғана оң мен солын танып келе жатқан, әріпті таяқ деп білмейтін, ұл мен қыздың айырмашылығын түсінбейтін, таңдайынан ана сүтінің дәмі кетпеген бүлдіршін-сәбилерге жастарына лайық дүние жоқ емес бар ғой, соларды неге ұсынбасқа?
Мен түсінем, бұны құрастырушылар: «Бұл пәндердің аты таудай болғанымен, сәбилерге оны барынша қарапайым етіп, тек анықтама тұрғысынан үйретеміз»,- деп уәж айтуы мүмкін. Бірақ, соны балдырғандарға оқытудың қажеті бар ма? Әлдеқандай бір шарасыздықтан барып отырмыз ба,-деген сұраққа келгенде олардың берер жауабы жоқ. Болса да татымсыз. Мектеп бағдарламасы бұдан да күрделі. Тіпті, қазақ әліпбиін білмейтін бірінші сынып оқушысына ағылшын тілін үйретеміз, кезінде біз университеттің бастапқы курсында оқыған пәндерді орта мектеп оқушылары оқып жүр. Оқушылардың сабақтық жүктемесі ғылыми тұрғыдан барған сайын ауырласып барады. Оны оқушы емес, оқытушының өзі де, ата-аналар да зорға түсінетін. Тіпті кейбірін мүлде түсіне алмайтын, түсіндіріп бере алмайтын халге жеттік. Содан барамыз да: "Оқушылар жылдан-жылға дарынсыз болып барады, бастарына сабақ кірмейді"- деп оларды жат та кеп айыптаймыз. Ата-анасынан бір, мектептен екі, өз тұрғыластарынан үш, жалпы қоғамнан төрт тепіреш көрген, түсіністік сезінбеген, тек кінәлау мен үрейлендіруден өзге естімеген, оның үстіне албырттық пен аңқаулық қатар қабаттасқан ұрымтал жастар түрлі қауіп пен қатерге ұрынып жатыр. Осының ар жағында мектеп жүктемесінің ауырлығының әсері жоқ па деген сұрақ мені мазалап келеді. Тек мені ғана емес, барлық ата-аналарды да сары уайымға салып отырса керек.
Қастер Сарқытқан
Абай атындағы ҚазҰПУ доценті
Пікір қалдыру