Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі жолында қуғын-сүргін құрбандары болған азаматтардың еңбегі мен ерліктерін мәңгі есте қалдыру жөніндегі арнайы жоба әзірленіп жатқанын хабарлады.
Оның айтуынша, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында "Алаш" қозғалысының 30 шақты тұлғасына көше атаулары берілген. Оның ішінде, Мағжан Жұмабаев, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Ермеков, Жаһанша Досмұхамедұлы, Мұстафа Шоқай, Халел Досмұхамедұлы, Халел Ғаббасұлы, Уәлитхан Танашұлы, Айдархан Тұрлыбайұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Жақып Ақбайұлы, Аспандияр Кенжеұлы, Міржақып Дулатұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Ғұмар Қараш, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Шәймерден Қосшығұлұлы, Сұлтанбек Қожанұлы, Бірімжановтар, Нәзір Төреқұлұлы, Смағұл Садуақасұлы, Хайретдин Болғанбайұлы, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Телжан Шонанұлы, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов атындағы көшелер бар.
– Еліміздің азаттығы үшін күрескен Алаш қайраткерлерінің есімдерін мәңгілік есте сақтау мақсатында 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласының білім беру ұйымдарына Ахмет Байтұрсынұлының, Әлихан Бөкейханның, Шәкәрімнің есімдері берілді. Қазіргі уақытта Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында елорданың бірқатар білім беру мекемелеріне Нәзір Төреқұловтың, Мұстафа Шоқайдың, Қошке Кемеңгерұлының, Қаныш Сәтбаевтың, Смағұл Сәдуақасұлының есімдерін беру мәселесі қарастырылуда, – деді ол Ақжол партиясының депутаттары жолдаған депуттаттық сауалға жауабында.
Сондай-ақ Ералы Тоғжанов мемлекеттік хатшының төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылғанын, оның құрамына қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен ғалымдар, президент әкімшілігі мен үкімет өкілдері, депутаттары, мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары кіргенін айтты.
Мұрағат көздері мен басқа да материалдарды жинау, зерделеу, мемлекеттік комиссияға қорытындылар дайындау жөніндегі 11 бағыт бойынша жұмыс топтарының құрамы бекітілген.
– Сіздердің 700-ден астам тұлғаны құрайтын Алаш қайраткерлерінің тізімі Мемлекеттік комиссия қызметін сүйемелдеу жөніндегі жобалық офиске, сонымен бірге тиісті жұмыс тобына жолданып, қарау нәтижелері ғалымдардың мұрағаттарда жүргізген жұмыс қорытындыларына сәйкес ұсынылатын болады. Жалпы, барлық зерттеу және іздестіру жұмыстары аяқталғаннан кейін Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі жолында қуғын-сүргін құрбандары болған азаматтардың еңбегі мен ерліктерін мәңгі есте қалдыру жөніндегі арнайы жоба әзірлеу жоспарлануда, – деді ол.
Пікір қалдыру