Мәжілістің жалпы отырысында депутат Дариға Назарбаева премьер-министр Асқар Маминге екі бірдей депутаттық сауал жолдады.
Назарбаева алғашқы сауалында жекеменшік балабақша мамандарының жалақысына қатысты мәселе көтерді.
Депутаттар бұған дейін мектепке дейінгі жекеменшік білім беру ұйымдарына мемлекеттік тапсырыспен қаржы бөлу мәселесіне назар аударған. Сол кезде үкімет жекеменшік балабақшаларды қолдау мақсатында салық төлеуден босату, жалақыға үстемақы төлеу сияқты тиімді шаралардың қолға алынғанын мәлімдеген. Ал биыл кейбір облыстар республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді сұраған.
– Алайда республикалық бюджеттен тиісті нысаналы трансферттер бөлінген жоқ. Жоғарыда айтылғандардың негізінде келесі сұрақтарға жауап беруіңізді сұраймын. Неліктен бұл қаржыландыру 2021 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде ескерілмеді? Биыл Түркістан және Алматы облыстарына қосымша қаражат бөлу көзделіп отыр ма?, – деді депутат сауалында.
Сондай-ақ Назарбаева шетелдік инвесторлармен жұмыс істеу тетіктерін жетілдіру қажеттілігі мәселесіне де назар аударды. Айтуынша, кез келген мемлекет инвестицияларды барынша көп тартуға мүдделі. Алайда жауапсыз инвесторлар осы жағдайды пайдаланып, еншілес компаниялардан тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жоғары бағамен сатып алу арқылы инвестициялау көлемін жасанды түрде көп етіп көрсете салады.
Осылайша, депутат 2017 жылдағы Анатолий Статидің ісін мысал ретінде келтірді.
– 2017 жылғы 6 маусымда Ағылшын соты, «Анатолий Стати жалған ағылшын Perkwood компаниясын пайдалана отырып, алаяқтық жолмен Қазақстан Республикасында газ өңдеу зауытын салу үшін жеткізілген жабдықтың құнын 100 миллион АҚШ долларынан астам сомаға асырып жібергенін" анықтады. Жалған басқару қызметтерін көрсетіп, 44 миллион АҚШ доллары көлемінде сыйақы төлеу және жоқ жабдықтар үшін 72 миллион АҚШ доллары көлемінде төлемдер сияқты басқа да алаяқтық әрекеттерін көрсетуге болады, – дейді ол.
Ол төрелікке жүгінген кезде жауапсыз инвесторлар жұмыс бағдарламаларында жазылған өздерінің жалған инвестициялары үшін сотқа жүгінетінін де атап өтті. Төрелік инвестордың пайдасына шешім шығарған жағдайда, жасанды көтеріңкі сомалар елге борыштық ауыртпалық түсіреді, мемлекет активтері үшін өзге де теріс тәуекелдер жасайтынын жеткізді.
Депутат инвесторлармен жұмысты ұйымдастыру кезінде шығындарды жасанды арттыруға жол бермеу мақсатында инвестициялық міндеттемелерді (жұмыс бағдарламаларын) орындаудың нақты және ашық тетігін белгілеп, оны бақылауда ұстауды ұсынды.
Пікір қалдыру