Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласындағы тұрғын үй кешеніндегі лифтте мониторды шаққан мас ер адамның әрекетіне пікір білдірді. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.
– Жуырда елордада мас адам лифттегі мониторды сындырғаны үшін оған 14 мың теңге ғана айыппұл салынған. Бұлай болмайды. Мұндай іс-әрекет үшін кемінде 15 тәулікке қамау керек немесе 1 жылға түзету жұмыстарына салу жөнінде жаза кесу қажет. Мұндай жағдайларға мүлдем төзбеу керек. Жеңіл жаза жарамайды. Ал іс жүзінде жазаламау салдары құқық бұзушылық пен қылмыстың одан әрі өршуіне алып келеді. Сондықтан осы мәселе бойынша заңнаманы қатаңдату керек, – деді президент.
Бұған дейін әлеуметтік желіде елордада лифт кабинасына орнатылған мониторды сындырған ер адамның видеосы тараған. Артынша ер адам мас күйде болғаны анықталды. Оған қатысты қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнаманың 434-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалып, 5 АЕК (14585 тг) көлемінде айыппұл салынған.
Пікір қалдыру