Шымкентте инвестициялық штабтың отырысы өтті

/image/2021/08/12/crop-83_18_826x1101_094155778700.jpg

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Онда 8 жоба таныстырылып, өзекті мәселелері талқыланды.

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан тағы бір аяқ киім шығаратын жаңа кәсіпорын ашылмақ. Ол үшін өндірістік аймақтан 1 гектар жер берілетін болып шешілді. Қала әкімі жобамен танысып, инфрақұрылым мен экономикалық аймақтың жеңілдіктерін ұйымдастыру тұрғысында мемлекеттік қолдау көрсетілетінін айтты.

Тағы бір жоба - кеңселік және типографиялық қағаз шығаруға бағытталған. Құны – 621 млн теңге болатын кәсіпорын іске қосылған кезде өнімін ішкі нарыққа және ТМД елдеріне шығарады. Мекемеге «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан 1,96 гектар жер берілген. Бүгінде барлық қажетті құрал-жабдықтар сатып алынған. Кәсіпкер жер және инфрақұрылыммен толық қамтамасыз ету жөнінде көмек сұрады. Жобаға қолдау көрсетілетін болады.

Одан өзге, маңызды жобаның бірі – өндірістік аумақ құру туралы болды. «ADS Industries» ЖШС түрлі кәсіпке арналған дүңгіршек салуды жоспарлап отыр. Кәсіпкер оған 1 гектар жер сұрап отыр. Шаһар басшысы қала ішінен жер тауып беріп, барлық қолдауды көрсететін болып шешім қабылданды.

Ал, «JANNA ELTANOVA» ЖШС киім, аяқ киім мен шұлықтар шығармақ. Оған «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан 0,7 гектар жер берілді. Бүгінде онда жер жұмыстары басталған, трансформатор қойылған. Қала әкімі жерді жалға беру ақысы, дайын инфрақұрылым мен экономикалық аймақтың жеңілдіктерін ұйымдастыру тұрғысында мемлкеттік қолдау көрсетілетінін жеткізді.

«Asar House» тұрғын үй кешенін салуға ниетті кәсіпкер жерінің нысаналы мақсатын өзгертіп беруін сұрады. Мұрат Әйтенов көп қабатты тұрғын үйдің эскиздік жобасы мен орналасатын орны бойынша қаланың Бас архитекторымен бірге қарап, ұсыныс енгізуді тапсырды.

«Штабтекс» кәсіпорны аралас және мақта-мата шығаруды қолға алмақ. Жаңа мекеме арқылы 100 адамды жұмыспен қамти алатынын айтқан ЖШС жетекшісі жер бөлуді және дайын инфрақұрылым арқылы АЭА-та жеңілдіктер қарастырып беруді сұрады. Жоба штаб барысында қолдау тауып, «Оңтүстік» АЭА-тан 1 гектар жер бөлінетін болып шешілді.

Тағы бір инвестор тоқыма емес материалдар өндірісін ашпақ. Жобаны іске қосу үшін мемлекеттік қолдау ретінде «Оңтүстік» АЭА-тан 0,8 гектар жер беріліп, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілетін болды.

Құрылыста маңызды болып табылатын газоблок өндірісін ашу туралы жобаны «Асыл Өркен Құрылыс» ЖШС ұсынды. Тәулігіне 60 текше газоблок шығаратын кәсіпорынды іске қосу үшін 0,5 гектар жер сұрап отыр. Қала әкімі «Жұлдыз» индустриалды аймағынан жер қарастыру бойынша сала басшысына ұсыныс беруін тапсырды.

Жиынды қорытындылаған шаһар басшысы штабқа ұсынылатын әрбір жобаның өзіндік ерекшелігі мен тиімділігіне мән беруді жүктеді. Сала жетекшілеріне инвестиция тарту мәселесіндегі түйткілдерді зерделеп, хаттамалық негізде бақылауға алуды тапсырды.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар