6-шы ТАПСЫРМА
ҚР Үкіметі 2013 жылдың 1 шілдесіне дейін:
- 2020 жылға дейінгі біліктіліктің ұлттық жүйесін кезең-кезеңімен әзірлеу Жоспарын дайындап, қабылдасын;
- ЖОО-лар мен колледждер түлектері үшін біліктілікті бекітудің тәуелсіз жүйесін құру жөніндегі жұмыстарды белсендірек жүргізсін
с) Еңбек дауларының алдын алу, ескеру және реттеу
Бүгінгі күні Қазақстанда еңбек даулары мен жанжалдарын реттеу, ескеру және алдын алу тетіктері жақсы дами алмай отыр.
Әрине, мүлдем кикілжіңсіз қоғам болмайды, бірақ біз мұндай тәуекелдерді барынша азайтуға ұмтылуға міндеттіміз.
Біріншіден, бүгінде өндірістегі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен бақылау жұмыстарын күшейту қажет.
Еңбек жөніндегі мемлекеттік инспекция заңға сәйкес жұмыс берушіге бір ай бұрын ескерте отырып, жұмысшының шағымы немесе жасалған жоспар бойынша бақылауды жүзеге асыра алады.
Мұндай тексеру жағдайында оның өткірлігі мен күтілмегендік мәні төмендейді. Әдетте, жұмыс беруші еңбек шарттарын сақтап отырған секілді әрекеттер жасап үлгеріп, тығырықтан шығып кетіп жатады.
Мұндай жағдай Қазақстан ратификациялаған ХЕҰ-ның «өнеркәсіп пен саудадағы еңбекті инспекциялау туралы» Конвенциясы талаптарына сәйкес келмейді.
Неліктен мен бұл проблема туралы айтып отырмын? Бұл - техникалық қана мәселе емес. Бұл - адамдар өмірі!
Өйткені, қауіпсіздік талаптарын бұзу, тәртіптің жоқтығы салдарынан туындайтын бақытсыз оқиғалардан нағыз еңбек жасындағы адамдар зардап шегуде. Ал олардың асырап отырған отбасылары, балалары бар. Сондықтан бұл істе тәртіп орнату керек.
Екіншіден, бізде әлеуметтік-еңбек дауларын туындатқаны үшін құқықтық жауапкершілік жағы жеткіліксіз.
Көп жағдайда еңбек шарттарының әдейілеп төмендетілуі, өндірістік үдерістердің тоқтатылуы, еңбекақының кешіктіріліп төленуі және осыған ұқсас басқа да жағдайлар әсерімен мұны еңбек ұжымдарының өздері туындатып жатады.
Сонымен қоса, не Еңбек, не Әкімшілік, не Қылмыстық кодекстерде еңбек дауларын туындатқаны үшін жұмыс берушілер, жауапты және басқа да тұлғаларды жауапкершілікке шақыру баптары қарастырылмаған.
Жұмысшыға еңбекақыны дер кезінде төлемегендік секілді ереуілге мәжбүрлеу айыбы 10-20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде болса, ал ұжымдық шарт бойынша міндеттемені орындамағандығы үшін айып - 200-ден бастап 500 АЕК-ті құрайды.
7-ші ТАПСЫРМА
ҚР Үкіметі 2012 жылдың соңына дейін мынандай ұсыныстарды әзірлеп, ұсынсын:
- «Мемлекеттік бақылау мен қадағалау туралы» Заңға және Еңбек кодексіне кәсіпорындарға тексеру жүргізу бөлігінде ратификацияланған ХЕҰ Конвенциясына сәйкес өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы;
- Еңбек, Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге еңбек дауларын әдейілеп туындатқаны үшін жауапкершілік жөніндегі ережені енгізу туралы;
- әлеуметтік өштесуді қоздырғандығы, ереуілге мәжбүрлегендігі, еңбекақыны дер кезінде төлемегендігі, ұжымдық шартты орындамағандығы және басқа да құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту туралы.
Үшіншіден, еңбек қатынастары саласындағы қарама-қайшылықтарды реттеудің тиімді көп деңгейлі тетіктерін құру қажет.
Еңбек дауларының негізгі себептері ретінде екі мәселені атап көрсетуге болады: бірінші - жұмысшылардың кәсіпорынды басқару мәселелерінен шеттетілуі, екінші - даулар мен жанжалдарды соттан тыс реттеу тетіктерінің әлсіздігі.
Мұнда кәсіпорындарда өндірістік кеңестер әрекет ететін бірқатар дамыған елдердің тәжірибелерін пайдалану керек.
Оларға жұмысшылар мен қызметкерлердің, сондай-ақ кәсіптік одақтардың өкілдері кіреді. Әдетте, оларда еңбек шарттарының жағдайы мен оларды жақсартудың көптеген мәселелері шешімін тауып, жұмысшылардың әртүрлі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері қаралып жатады.
Осы ретте жұмысшыларға кәсіпорындар мен компаниялардың миноритарийлері «халықтық ІРО», сондай-ақ жұмысшылар мен қызметкерлердің шеттетілуін еңсеруге де ықпал ететінін атап көрсеткен жөн.
Қазіргі күні «халықтық ІРО-ны» тікелей жүргізу үдерісі басталды, «ҚазТрансОйл» ұлттық компаниясының акциялары сатылуда. Бұл мәселеде ешқандай бір атүстілік болмауы керек.
ҚР Үкіметіне «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесе отырып, «халықтық ІРО-ның» бірінші тәжірибесіне кең көлемді талдаулар жүргізу, акционерлендірілетін ұлттық компанияларға алдын ала тұрақты экономикалық және заңгерлік аудит жүргізуді қарастырып, олардың нәтижелерін әлеуетті миноритарийлерге жеткізу мәселесін шешу қажет.
Бүгінгі күні медиация құрылымы мен үдерісін, соның ішінде оларды еңбек қатынастары саласында құру және пайдалану жөніндегі жұмыстарды күшейту қажет.
Медиациялар құрылымын ұлттық және ірі жекеменшік компанияларда құрған жөн. АҚШ-та, Австралияда және басқа да елдерде барлық даулардың үштен бір бөлігі соттың араласуына дейін медиация үдерістері аясында реттеледі.
Мемлекет тарапынан қазір даулар мен жанжалдарды, соның ішінде әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы даулар мен жанжалдарды соттан тыс шешудің жүйесін енгізуге мүмкіндік беретін бастамашыл қадамдардың болуы маңызды.