10-шы ТАПСЫРМА
ҚР Үкіметі 2013 жылдың 1 шілдесіне дейін мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, ең төменгі әлеуметтік үлгі-қалыптар мен кепілдіктерді енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлесін.
а) Тұрғын үй жағдайының үлгі-қалыптары: қолжетімділік пен жайлылық.
Тұрғын үй, үй, пәтер - әрбір қазақстандық үшін бірінші дәрежелі мәселе, мұның өзі жеке бастың өмірі мен отбасындағы жақсы ауанның сенімді негізі, бұларсыз әл-ауқат пен өнімді еңбекке атымен қол жетпейді.
Сондықтан менің тапсырмам бойынша қазірдің өзінде «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» және «ТКШ-ны жаңғырту» атты жаңа ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылуда.
Жалдамалы тұрғын үй нарығын дамыту мақсатында заңнаманы жетілдіру маңызды.
Мемлекеттік тұрғын үй жалдамалық қорын басқару жөніндегі мамандандырылған компаниялар құруды ынталандыру, сондай-ақ бірүлгілі келісімшарттар жасау жолымен ұзақ мерзімді жалгерлердің құқын қамтамасыз ету керек. Жалгерлікке қатысты шарттардың бәрі мөлдір әрі түсінікті болуға тиіс. Жалға берілетін тұрғын үй алуға құжаттар жинау ісін оңтайландыру маңызды.
Жеке тұрғын үй құрылысының көлемін әсіресе болашағы бар қалалық агломерациялар, моноқалалар айналасында өсіру үшін жаңа серпін қосар тетіктер қажет.
Бұл істе жеке үй салып алғысы келетін және оған шамасы жететін адамдар үшін салықтық жеңілдіктер, несие берудің жеңілдетілген шарттары енгізілуі мүмкін.
Тұрғын үй құрылысына үлестік салымдарды сақтандыру жүйесін жасап, барынша дамыту қажетті болып көрінеді.
ТКШ-ны жаңғырту аясында коммуналдық сектордың желісі мен нысандарының ахуалы жөніндегі біртұтас жалпыұлттық мәліметтер базасын қалыптастыру маңызды. Әр өңірде коммуналдық желілерді жаңғырту жөніндегі жоспарлар жасау қажет.
Әкімдер бұл жұмысты ұдайы бақылауда ұстауға тиіс. Сумен қамтамасыз ету мен су арналарының, электр қуаты мен жылу берудің, сондай-ақ басқа да коммуналдық қызметтердің кепілді үлгі-қалыптарын жасап, енгізу керек.
ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасына «тиімді меншік иесін» қалыптастыру жөніндегі іс-шараларды қосу қажет.
Әрбір пәтер иесі үйлерді басқару ісіне нақты қатысып, осы Бағдарламадан пайда көретіндей болуы маңызды.
11-ші ТАПСЫРМА
ҚР Үкіметі 2012 жылдың соңына дейін жалдамалы тұрғын үй нарығын одан әрі дамыту және жеке тұрғын үй құрылысын ынталандыру жөніндегі ұсыныстарды талдап-жасасын және енгізсін.
b) Білім беру жүйесін жаңғырту жөніндегі бұдан былайғы қадамдар.
Білім беру жүйесіне Қазақстан тұрғындарының үштен бір бөлігіндейі тартылған. Мұндағы ең маңыздысы біздің балаларымыздың нақ осы білім беру жүйесінде өсетіні, қалыптасатыны және есейетіні. Бұл әрбір отбасын толғантады.
Сондықтан да бүкіл жаңғырту үдерісінің табысқа жетуінің түйінді факторы ұлттық білім беру жүйесін жаңартудың табысты өтуі болып табылады.
Қазақстандағы білім беру жүйесін жаңғырту үш басты бағыт бойынша жүргені көкейге қонымды:
1. білім беру мекемелерін оңтайландыру;
2. оқу-тәрбие үдерісін жаңғырту;
3. білім беру қызметтерінің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру.
Оңтайландыру аясында білім берудің үздіксіз көлбеуін нығайту қажет. «Жасқа қарайғы» білім берудің тұтас лифт сияқты мектепке дейінгі, бастауыш, орта, кәсіптік, жоғары және жоо-дан кейінгі барлық түрлерінің өзара қисынды байланысын қалпына келтіру маңызды.
Бұл орайда жеке және мемлекеттік білім беру мекемелері ұсынатын білім беру қызметтерінің арасындағы елеулі алшақтыққа жол беруге болмайды.
Білім беру жүйесі жалпыұлттық күйінде қалуға тиіс.
Біріншіден, орта білім беру жүйесінде директорлар корпусының сапасын жақсарту жөнінде шаралар атқару қажет.
Екіншіден, мемлекеттік білім беру үлгі-қалыптарының жеке мектептерде, колледждер мен жоо-ларда, соның ішінде халықаралық жоо-ларда да сақталуына бақылауды жолға қою қажет.
Үшіншіден, жоо-ларды оңтайландыру үдерісін жүргізу маңызды. Қазақстанда 146 жоғары оқу орны бар. Олардың талайы маман тәрбиелеп шығарудың қажетті сапасын қамтамасыз ете алмайды.
Үкімет Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе отырып, қазақстандық еңбек нарығын Бесжылдық Жалпыұлттық Болжауды талдап-жасауды және жариялауды тәжірибеге енгізуге тиіс. Мұндай құжат мамандық таңдауда қазақстандық мектеп бітірушілер үшін жол көрсеткіш болады.
Сондай-ақ қазір жұмыс істеп тұрған барлық жоо-ларды тексерістен өткізіп, қорытындысы бойынша олардың санын біріктіру немесе жекелеген мекемелерді тарату жолымен оңтайландыру керек.
Төртіншіден, дуальды кәсіби білім беруді дамыту маңызды. Жаппай мамандықтар кадрларының жетіспеушілігін еңсеруге мүмкіндік беретін осы заманғы қолданбалы біліктілік орталықтары қажет.