Әлеуметтік жаңғырту 18 және 19-тапсырмалар

/uploads/thumbnail/20170708195437375_small.jpg

18-ші ТАПСЫРМА

1. ҚР Үкіметі 2012 жылдың соңына дейін:

- «Ақпараттық Қазақстан-2030» Мемлекеттік бағдарламасының жобасын әзірлеп, енгізсін;

- «Мемлекеттік қызметтерді электронды пішінде көрсету туралы» заң жобасын әзірлесін;

- мемлекеттік қызметтер ұсыну үлгілерін және олардың орындалуына бақылау жасау жүйесін құруға кіріссін;

- облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесіп «электронды әкімдіктің» облыс, қала, аудан үлгісіндегі үш деңгейлі бірүлгілік сызбасын құру жөнінен ұсыныстар енгізсін.

2. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі:

- 2012-2013 жылдары Қазақ ұлттық электронды кітапханасының қорын ұлғайтуды қамтамасыз етсін;

- журналистердің қоғамдық бірлестіктерімен бірлесіп Журналистік этика кодексінің жобасын әзірлесін;

- отандық БАҚ-тарды жаңғырту жоспарын әзірлесін.

Мәдениет саласындағы жұмыс жаңа сапаға ие болуы тиіс. Өйткені, мәдениет қазіргі заманғы адамды қалыптастыруға және дамытуға ықпал ететін әлеуметтік жаңғыртудың елеулі жиынтығы болып табылады.

Қарама-қайшылықты ахуал орын алатын жағдайлар бар.

Елде 40 республикалық және 8 мың облыстық мәдениет мекемелері жұмыс істейді. Қыруар қаржы бөлінеді. Тәуелсіздік жылдары ішінде республикада 18 жаңа театр ашылды.

Соңғы 10 жылда кітапханалар саны - 579-ға, мұражайлар - 58-ге және мәдениет үйлері 1,5 мыңға артты.

Сонымен бірге, мәдениет мекемелеріне бару деңгейі осы саланың даму динамикасынан кейін қалуда.

Мен еңбек адамына, өз ісінің білгіріне ар­налған әлеуметтік бағыттағы отандық мәдени өнімдер (кино, кітаптар, театр қойылымдары, телебағдарламалар) үлесінің жеткіліксіз екендігіне шығармашылық интеллигенцияның назарын айрықша аударғым келеді. Өскелең ұрпақ пен жас буын кәсібилік пен білікті еңбек өнімділігінің тартымды үлгілерін іс жүзінде көре алмайды. Мәдениет, ақыр соңында, қа­зіргі заманғы еңбек адамына қарай бетбұрыс жасауы тиіс!

Өңірлер арасында олардың экономикалық және мәдени жетістіктері туралы ақпараттар алмасу жеткіліксіз дәрежеде қалуда.

ХХІ ғасырда әлеуметтік қамтылу әншейін жұмысқа орналастырудан гөрі әлдеқайда кең ауқымды ұғымға ие. Әлеуметтік қамтылу - сол сияқты жергілікті билік органдарының күш-жігерін қоғаммен үйлестіре отырып ұйымдас­ты­ратын бұқаралық іс-шаралары.

Еуропа, Америка, Азия сияқты дамыған елдер агломерациялары мен мегаполистерінің мәдени өмірлерінмодельдеудің шетелдік бай тәжірибелері бар, олар - көпшілік алдындағы велосипедті шерулер, бұқаралық шахмат турнирлері, қалалық марафондар, ұлттық спорт түрлерінен байқаулар, ауылшаруашылық мейрамдары, жастар театрларының карнавалдары, балалар турнирлері және басқалар, жалпы алғанда, құмар ойындарға жатпайтын іс-шаралар.

Сондықтан мен сөзімді барлық әкімдерге арнаймын: қоғамдық, әлеуметтік өмір әрбір жекелеген ауылда, қалада, аудан орталығында, облыста тұрақтылық ахуалын нығайтатындай тұрғыда ойластырылған бұқаралық оң сипатты іс-шаралар арқылы дамытылуы тиіс.

Қалалықтардың, шағын елді мекендер тұрғындарының өз-өздерін ұйымдастыруының халықаралық тәжірибесін, әсіресе, ерте жастан бас­тап, Қазақстанда оң сипатты әлеуметтік іс-шаралар жүйесін құру үшін пайдалану қажет, ол қоғамда оң ахуал қалыптастыруға жағдай жасайтын болады.

Қазіргі заманғы тиімді бұқаралық мәдени-ойын-сауық іс-шараларының негізі оларды ұйымдастыруға азаматтардың, ҮЕҰ-лардың өздерінің тікелей қатысулары болмақ. Бұ­қаралық іс-шаралар өткізу туралы арнайы заң қабылдау, оларды ұйымдастыру мен өткізу жөнінен жергілікті әкімдіктер үшін бірүлгілік ережелер қабылдау туралы мәселені қарастыру қажет.

Қазақстанда мемлекеттік және ұлттық мерекелер өткізу туралы тұжырымдаманың 2001 жылдың өзінде-ақ қабылданғанын еске салып өтпекпін.

Содан бері жаңа мемлекеттік мерекелер - Астана күні, Тұңғыш Президент күні, Отан қорғаушылар күні пайда болды. Наурыз, Конституция күнін тойлау пішіні өзгерді.

Жаңа кәсіптік және басқа да мерекелер пайда болды, мәселен, мен Ана күні туралы бастама көтердім. 

19-шы ТАПСЫРМА

1. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі:

- 2012 жылдың 1 қыркүйегіне дейін еңбекке, адал кәсіби табысқа, Отанға қызмет етуге, жоғары патриоттық ниеттерге оң көзқарастар қалыптастыратын отандық әлеуметтік мәдени өнімдерді жаңғыртудың салалық бесжылдық жоспарын әзірлеп, қабылдасын.

2. ҚР Үкіметі 2012 жылдың соңына дейін:

- «Бұқаралық іс-шаралар өткізу туралы» заң жобасын әзірлеп, Парламентке енгізсін;

- ҚР мемлекеттік ұлттық, кәсіптік және басқа да мерекелерді тойлау тұжы­рым­дамасын жаңартсын, бұқаралық іс-шаралар өткізудің бірүлгілік ережесін әзірлеп, бекітсін;

- Астана, Алматы қалалары мен облыс әкімдерімен бірлесіп облыстар арасындағы ақпараттар және мәдени жетістіктер алмасуды күшейтсін, өзара «облыс аптасы» тұрақты өткізілсін, әлеуметтік бұқаралық іс-шаралар өткізу моделін әзірлесін. 

5. Әлеуметтік үдерістерді мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесі

Әлеуметтік үдерістерді басқарудың тиімді мемлекеттік жүйесі әлеуметтік жаңғыртудың маңызды бөлігі болып табылады. Және бұл жүйе өзі үшін емес, халық үшін жұмыс істеуі тиіс.

Қазіргі сәтте әлеуметтік саладағы жұмыстарды үйлестіретін және бағыттайтын мемлекеттік органдардың бүкіл құрылымы әлі күнге бұрынғы модельдің сарқыншақтарынан арыла алмай келеді.

«Әлеуметтік ведомстволардың» жұмыстарын орталық атқарушы билік деңгейінде үйлестіру айтарлықтай дәрежеде нашар. Министрліктер мен ведомстволар олардың жекелеген салалары шеңберінде жаңғырту үдерісінің қалай дамитындығын айқын түсіне бермейді.

Бүгінде әлеуметтік үдерістерді басқару жүйесін сәйкес жағдайға келтіру қажет.

Біріншіден, әлеуметтік жаңғырту жөніндегі барлық жұмыстар бірегей жоспарлы негізде құрылуы тиіс.

Екіншіден, азаматтық қызметті заңдық реттеудің маңызы үлкен болатынға ұқсайды.

Бұл 1,5 миллионнан астам қазақстандыққа, соның ішінде 370 мың педагог пен 184 дәрігерге және басқа да медицина қызметкерлеріне қатысты. Олар - жаңғыртудың басты күші. Олардың құқықтары мен міндеттері заңдық негізде реттелуі тиіс. Осынау сапалық өзгерістерсіз білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерінде табысқа жету өте қиынға түспек.

Үшіншіден, әлеуметтік үдерістерді тыңғы­лықты түрде зерттеу қажет.

Әлеуметтік мәселелер жөніндегі шешімдер мұқият есептеліп, ғылыми негізделіп, алдын ала, яғни олар әлеуметтік проблемалар мен дау-жанжалдарға ұласпай тұрғанда қабылдануы тиіс. Сондықтан мемлекеттік ғылыми-сараптамалық құрылымдардың жұмысын сәйкес жағдайға келтіріп, мемлекеттік емес сараптамалық секторды дамытуға ықпал жасау қажет.

Төртіншіден, әлеуметтік үдерістерге бас­шылық жасаудың «кабинеттік стилінен» бас тартқан жөн.

Отандық мемлекеттік шенеуніктер әлеуметтік үдерістерді басқарудың барлық деңгейдегі басшыларымен тұрақты семинарлар өткізуі тиіс.

Бесіншіден, әлеуметтік жаңғырту мәселелерін шешу міндеті жүктелген басқару буындарын үй­лес­тірудің нақты вертикалін қалыптастыру орынды.

Алтыншыдан, басқару жүйесі үкіметтік емес сектормен әріптестік қағидаты негізінде жұмыс істеуі керек. Мемлекет үшін үнқатысудың сан түрлі алаңқайларын құру мен оларға қолдау жасаудың, бұқаралық іс-шараларды бірлесіп өткізудің маңызы зор.

Бұл басқарудың әрбір деңгейіне де тән болуы тиіс. 

 

Қатысты Мақалалар