12 қараша күні Түркияның Ыстамбұл қаласында Түркі кеңесінің VIII-ші саммиті өтті. Түркиялық басылымдардың хабарлауынша, саммит әлем елдері мен шетел басылымдарының назарын өзіне аударған. Жиында қандай мәселелер талқыланды? Саммиттің негізгі мақсаты мен жоспары қандай? Қамшы тілшісі осы сұрақтардың жауабын іздеп, түрік басылымдарына шолу жасап шықты.
Саммитке қай елдер қатысты?
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның төрағалығымен өткен Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесіне Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев, сонымен бірге бақылаушы ел ретінде Мажарстанның премьер-министрі Виктор Орбан мен биыл бақылаушы ел ретінде алғаш рет Түркіменстанның президенті Гурбагул Бердімұхаммедов пен Түркі кеңесінің бас хатшысы Бағдад Әміреев қатысты.
"ТRTAVAZ" ақпарат агенттігі саммитте талқыланған мәселелер туралы хабарлады.
Саммит "Цифрлық технологиялар дәуіріндегі жасыл технологиялар мен ақылды қалалар" тақырыбында өткен. Саммит қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме жарияланды.
Басылым мәліметінше, Түркі кеңесі елдерінің көшбасшылары Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін "Түркі мемлекеттері ұйымы" деп қайта атау туралы шешім қабылдаған.
Шешім ұйымның мәртебесін арттыру мақсатында, сондай-ақ Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі құрылған сәттен бастап қол жеткізілген прогресті ескере отырып қабылданған. Жаңа атау беру ұйымның халықаралық аренадағы позициясын нығайтуға және оның қызметін кеңейтуге оң әсер етеді деп күтілуде.
"Түркі әлемінің болашағы – 2040" құжатын қабылдау туралы шешімге қол қойылды.
Стратегиялық құжатта алдағы жылдары қауіпсіздік, көлік және кеден, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, энергетика, туризм, денсаулық сақтау, экология, ауыл шаруашылығы, мәдениет, білім және ғылым, жастар мен спорт, диаспоралармен жұмыс сияқты мәселелер түркі мемлекеттері ұйымы қызметінің басым бағыттары болатыны атап өтілді.
Түркіменстан түркі мемлекеттері ұйымына бақылаушы ел ретінде қатысты.
Басылым бұл шешімді алға қарай жасалған маңызды қадам және достықтың жарқын үлгісі ретінде сипаттайды.
Мәлімдемеде қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдайды бейбіт жолмен шешу жөніндегі Қырғызстанның күш-жігері құпталатыны атап өтілді. Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы диалог құпталады, оның барысында екі тарапқа да өзара сенімді нығайту және болашақта жанжалдардың алдын алу үшін қажетті шаралар қабылдау ұсынылды.
Терроризммен күрес мәселесі
Басылым ақпаратында терроризмге, экстремизмге, сепаратизмге, нәсілшілдікке, кемсітушілікке, ксенофобияға, исламофобияға және өшпенділіктің барлық түрлеріне қарсы күрестегі ынтымақтастықты дамыту және халықаралық аренада осы бағыттағы күш-жігерді үйлестіру туралы шешім қабылданғаны атап өтілді.
Экономикалық ынтымақтастық
Мәлімдемеде өзара сауда мен инвестицияларды жеңілдету және ұйымға мүше мемлекеттер арасында қолайлы жағдайлар жасау саласында қабылданған шешімдерді орындау үшін тиісті органдарға тапсырмалар берілген. Ұйымға мүше мемлекеттер мен бақылаушы мемлекеттер арасында сауданы, экспорттық әлеуетті және инвестицияларды кеңейту үшін Түркі сауда үйлерін құру жұмыстары басталған.
Anadolu ajans ақпарат агенттігіне Түркия президентінің баспасөз хатшысы Фахреттин Алтун Түркі кеңесі ұйымының мүшелері ортақ тарих пен маңызды болашақ үшін Ыстамбұлда жиналғанын қуанышпен хабарлаған.
– Біз экономикадан бастап дипломатияға, білім беруден технологияға дейінгі көптеген салалардағы стратегиялық ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтуымыз керек. Ғасырлар бойы шетелдік державалардың әсерінен шығу тегіміз, тіліміз бен дініміз және өткен тарихымыз бір-бірінен алшақтап кетті. Сол олқылықтардың орнын толтыру үшін 300 миллион адамнан тұратын түрік әлемі қайтадан бір ортаға жиналды.
Түркі кеңесі ортақ құндылықтар мен өткен тарихты ескере отырып, болашаққа қарай сенімді қадамдар жасауда. "Түркі әлемінің болашағы – 2040" стратегиялық құжаты қабылдануының аясында түріктілдес елдер бір-бірінің арасында еркін жүріп-тұруға және мүше мемлекеттер арасында еркін сауда аймақтарын құруға мүмкіндік беру мақсатымен Түрік кеңесі жаңа дәуірге аяқ басты. Сондықтан біз түрік кеңесінің болашағына үлкен сеніммен қараймыз, – деді Фахреттин Алтун.
"Hаber 7" ақпарат агенттігі Түркі мемлекеттері қайтадан бір ортаға жиналғаннын хабарлап, өте маңызды тарихи кезеңге аяқ басып жатқанын мәлімдеді.
– Әлемдiк геосаясатта бүкiл елдер үшiн бiрлескен шешiмдердi қауымдастық ретiнде қабылдау, күш бiрiктiру, ортақ құндылықтар төңiрегiнде жаңа стратегияларды анықтау өте маңызды. Түркі Кеңесiнiң басқа ел серiктестiктерiнен ерекшелiгi – алты тәуелсiз елдiң ұлттық және этникалық тұжырымдамасының, шығу тегінің ұқсас болуында, – дейді "Hаber 7" ақпарат агентті.
Түркия басылымдары Ресей мен Қытай Түркі кеңесін мұқият қадағалап отырғандығын айтады.
"Жақында ресейлік баспасөз "Түркия Түркі мемлекеттерінің одағымен бірлесіп НАТО-ны Орталық Азияда жүзеге асырып жатыр" деген ақпарат шығарды. Бұл жаңалықты саммит алдында жариялауы Ресейдің қорқынышын көрсетіп тұр. Ресей мен Қытай Түркі Кеңесінің қызметін мұқият қадағалап отырады. Ресей түркі мемлекеттерінің бірігіп жатқанына алаңдаушылық танытып отыр. Қытай, екінші жағынан, түркі республикаларын өзіне тәуелді ету үшін көптеген бағыттар бойынша стратегиялық қадамдар жасап жатыр.
Түркі республикалары қазір отыз жаста. Олар өз мемлекеттерінің болашағы үшін бірігіп Ыстамбұлда ұзақ әрі маңызды жолға шықты. Осы жолда Түркия саммиттегі басқа мемлекеттерге ағалық жолын көрсетіп, қолдайтынын айтуда" делінген хабарламада.
Сонымен қатар Түркиялық басылымдар бұл саммитке түркі әлемнің ақсақалы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғаш рет қатыспағанын айтып, осындай шешім қабылдағанына таңданыс білдірген.
– Бұл саммит түркі тілдес мемлекеттердің қайта өрлеуіне жол ашады деп үміттенеміз, – дейді олар.
Пікір қалдыру