Алматыда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай алғаш рет өзге ұлттан шыққан имамдар арасында «Тіл – достық көпірі» атты интеллектуалды білім сайысы өтті.
Жетісу ауданына қарасты «Абай Құнанбайұлы» мешітінде өткен сайысты ҚМДБ Алматы өкілдігі ұйымдастырса, мақсаты – өзге ұлт өкілдерінен болған дін қызметкерлері арасында қазақ тілінің мәртебесін көтеру, тіл тазалығы мен сөз өнерін насихаттау.
Тартысты өткен сайыста жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай, ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі Мырзабаев, филология ғылымдарының кандидаты, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі Төреәлі Қыдыр, PhD доктор Тимур Әкімханұлы және Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан қазылық етті.
Сайысқа Алматы қаласындағы мешіттерде қызмет ететін өзбек, шешен, тәжік, ұйғыр, дүнген ұлтынан шыққан 21 имам қатысты. С.Елубайдың «Ақ боз үй» кітабының мазмұнын айтып беру, 7 тақырыпта мақал-мәтелдерді жатқа айту және сауаттылық сайысы (қазақ тілінде диктант) кезеңдері бойынша өткен сайыста топ жарған дін қызметкерлері қаржылай жүлделермен марапатталды.
«Сіздер, елді бірлікке бастап жүрген азаматсыздар. Жастар сіздерге қарап бой түзейді. Қазақ тілін дамыту мақсатында өтіп жатқан сайыс – мемлекеттік тілге көрсетілген құрмет. Алматы қаласының бас имамы ұйытқы болған бұл шараның маңызы зор деп санаймын» деді жазушы С.Елубай. Сонымен қатар қаламгер өзінің туындысын имамдардың оқып, осы роман бойынша сайысқа түсіп жатқандығына ризашылығын білдірді.
«Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан 7 бағыттың бірі – дін мен дәстүр. Имамдар арасындағы бұл сайыс қазақ тілінің мәртебесін және дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеуге бағытталған. Барша имамдарымызға Алла жар болғай» деді наиб мүфти Кенжеәлі Қоңыратбайұлы.
Тілдік білім деңгейі мен сөз өнерінде ерекше көзге түскен Наурызбай ауданына қарасты «Нұр» мешітінің ұстазы Мұхаммедәмин қари Басиев бас жүлдені қанжығасына байлап, Ұмра қажылығына жолдама алды.
I орынды иеленген Алатау ауданындағы «Нұр» мешітінің наиб имамы Абдрахман Сұлтанов 100 000 теңге қаржылай сыйақыны жеңіп алса, II орын Медеу ауданындағы «Фатима» мешітінің азаншысы Мұхаммеджан Расулметовке бұйырып, 70 000 теңгені қанжығасына байлады. Ал III орынға табан тіреген Алатау ауданына қарасты «Нұр» мешітінің наиб имамы Бахрам Асановқа 50 000 теңге берілсе, сайыста белсенділік танытқан өзге 5 имамға 10 000 теңгеден ынталандыру сыйлығы табысталды. Одан бөлек сайысқа қатысушы барлық имамға қаржылай сыйақы үлестірілді.
Алғаш рет өткізілген сайыс жөнінде Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан: «Сайысты өткізудегі басты мақсат – қазақ тілі мен салт-дәстүрді дәріптеу. Сонымен қатар өзге ұлт өкілдерінен болған имамдарымыздың қазақ тілінде еркін сөйлеп, жамағатпен жақын араласу деңгейін көтеру және қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту. Бұл шара өз жалғасын табады деген сенімдеміз» деп атап өтті.
Білім сайыс Алматы орталық мешітінің YouTube арнасынан тікелей эфирде көрсетілді. Сайыс қатысушылары алдағы уақытта да осындай игі бастама арқылы дінге қызмет, ұлтқа, қазақ тіліне құрметті күшейтетін жоба жалғасын тапса екен деген тілекпен тарқасты.
Пікір қалдыру