Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2050 стратегиясын жариялаған Қазақстан халқына Жолдауында ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатерін атап көрсеткен болатын. Бұл туралы "Қамшы" порталы Айқын Ақпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Егер «2050 стратегиясы біз үшін неліктен қажет болды?» деген сұраққа жауап берер болсақ, онда бұл бағдарлама арқылы көреген Көшбасшымыздың осынау сын-қатерлерге төтеп бере алатындай ел құруды ойлағаны түсінікті. Бағдарлама негізінен осы уақытқа дейін жасаған игіліктердің негізінде әлемнің дамыған 30 елінің сапында бола алатын экономикасы сенімді, халқының әлеуметтік-тұрмыстық деңгейі жақсы мемлекеттік жасақтаудың ауқымды жоспары десек те болады. Бұл бағдарламаның әрі-беріден соң мерзімінен бұрын орындалуы мүмкіндігі жеткілікті екендігін осы «Айқын» газетінде талай-талай ғалымдар мен елге танымал аузы дуалы тұлғалар оқырманға түсіндіріп бергені де баршаға белгілі. Өйткені 1997 жылдан бергі кезең ішінде даму қарқынын бәсеңдетпеген Қазақстан индустриясын түгелдей дерлік қайта құруға, жаңғыртуға, инновациялауға мүмкіндігі жететінін іс жүзінде дәлелдеп шықты. Ол ол ма кез келген ауқымды бағдарламаны өз бетімізше жүзеге асыруға да жететіндей алтын-валюталық қор жасақтап алды. Халықтың білімділігі кез келген бағдарламаны жүзеге асыруға қабілетті. Табиғи қорлар жеткілікті. Жан-жақпен сенімді әріптестік байланыс орнатылған. Бұл күндері жүзден астам мемлекетпен экономикалық байланыс орнатсақ, солардың бәрі де Қазақстанның сенімді мемлекет екенін іс жүзінде біліп алды. Біздің ел – Еуразия құрлығының кіндігінде жатқандықтан да алып базардың бір мықты ойыншысы. Осынау артықшылықтардың қорытындысы ретінде еліміздің энергиялық қорларға байлығын және айтып өткен жөн. Бұл салада шетелдіктер, трансұлттық брендтер көптеп жұмыс істеп жатыр. Қысқасы, Қазақстан Көшбасшысы ұлттық экономиканың түбірінен және түбегейлі жаңғыртатын кезеңнің келгенін және бұл іс уақыт талабы екенін біліп, бағдарламаны атқарушы билікке жасаттырды да, іле-шала іске қосты. Бұл біздің бүгінгі таңдағы ең ұтысты тұсымыз. Әлем шамырқана түскен дағдарыстың шырмауынан бұлтара алмай жатқан шақта Қазақстан екі бірдей бағдарламаны – 2050 стратегиясын және «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асы-рып жатқан ел болып тұр. Бұл бағдарламалар бүгінгі таңда Қазақстандағы жұмыссыздық дейтін кеселді жеңуде үлкен жанды қызмет атқарушы екенін және еске саламыз.
Міне, жоғарыда айтқанымыздай осынау еліміз үшін аса қажетті үкілі үміттей бағдарламаларды жүзеге асыруда аймақтарға ерекше ауыр жүк артылған. Сол міндетті ойдағыдай орындау жолында аймақтар әкімшіліктері көңіл толарлықтай жұмыс жасап жатқаны да баршаға белгілі. Осынау ұлы көште Атырау облысы тындырған игілікті істер айтарлықтай. Бұл жөнінде облыс әкімі Бақытқожа Ізмұхамедов өзінің өңір халқы алдындағы есебінде егжей-тегжейлі айтылғанын білеміз. Біз енді өңірдегі ел үшін маңызды атқарылған ұлан-ғайыр іске өзіндік зор үлес қосқан компаниялар туралы оқырманды хабардар ету ісін қолға алдық. Осы мақсатпен бүгінгі әңгімеге шақырғанымыз – Атырау мұнай машиналарын жасау компаниясының бас дирек-торы Донсков Александр Валадимирович мырза. Біздің «өз компанияңыздың шежі-ресі жайлы білгіміз келеді» деген сұрағымызға ол былай деп жауап берді:
– Тарихымыз әріден, 1918 жылдан басталған екен. Бұрынғы Гурьевке темір жол және су қатынасы деп аталатын тасымал арнасы келгеннен-ақ қалада механикалық шеберхана құрылған. Өмір қажетіне орай 1922 жылы шағын шеберхана «Ембімұнай» комбинатының құрамына беріліп, ол енді мұнай өнеркәсібі саласында пайдаланылатын техникаларды жөндеумен және солар-ға қажетті бөлшектерді жасап шығарумен айналысуға көшеді. Ал «Машина жасаушы» зауыт ретіндегі өмірбаянымыз 1931 жылдан бастау алады. Бұл жылы шағын шеберхана негізінде тұтастай үлкен елдің машина жасау саласындағы ауыр жүкті арқалайтын зауыт болып маңызын да, өнімділігін де ұлғайтып, қайта құрылады. 1941 жылы соғыс зардабына байланысты Донбастан эвакуацияланған Петровский атындағы машина жасау зауытының өндіргіш техникасы осы біздің зауыт аумағына орналастырылған екен. 1941 жылдың 5 қарашасында зауытқа төңкерісшіл Григорий Иванович Петровскийдің есімі беріледі. Соғыс уақытында және одан кейінгі біраз мерзім ішінде зауытымыз осындай атаумен жұмыс істеді.
Кеңестер одағының ыдырауы біз-дің зауытқа да біраз қиыншылықты ала келді. Өйткені біздің өнімдерге тапсырыс берушілердің қалың бір тобы енді басқа мемлекеттің аймағында қалып қойды емес пе? Осындай тіннің үзілуіне байланысты 1995-1997 жылдар аралығында аса қиын қаржылық жағдайға байланысты зауыт мардымды жұмыс істемеді десе де болады. 1997 жыл Қазақстан экономикасының аздап-аздап өсімге ұмтылған шағы десек, бұл біздің өмірімізде де сезілді. Десек те зауыттың «күшіне қайтадан мініп», жаңа заман талабына сай қызмет ету дәуірі 2000 жылдың 25 мамырында басталды дей аламыз. Бұл зауытымыздың «АтырауМұнайМаш» ЖШС болып қайта құрылуы басталған кез. Жаңа кәсіпорын бұрынғы «ЗиП» меншігінің заңды қожасы болып шықты. Ал бұл кезең Қазақстанда «мұнайға шабуыл» басталған дәуірмен тұспа-тұс келеді. Елімізге «Шеврон», «Ексонмобил», «Тексако», «Шелл», «Аджип» секілді әлемге танымал трансұлттық мұнай өндіруші алпауыт компаниялар келіп, қара алтынды игере бастады. Ал бұл өз кезегінде осы салада жұмыс істейтін машиналарға техникалық қызмет көрсету, қажетті құрал-жабдықтар шыға-ру кәсібін жандандыруға ұйытқы болды. Бастапқыда аталған алпауыт компаниялар өзінің мұндай қажеттілігін импорт тауарлармен өтеп жүрді. Десек те Қазақстанның жоғарғы билігі мен аймақ әкімшілігінің тікелей араласуымен олар отандық зауытқа тапсырыс беру арқылы бізге екінші тыныс-тай әсер етті. Біз енді жаңа заман талабына сай озық техника мен оның қажетті бөлшектерін шығара алатын кәсіпорынға айналдық. 2006 жылы зауытымыз өзі орналасқан бұрынғы қала орталығынан тысқары жерден 50 гектар алып, өндіріс алаңын ұлғайтты. Жұмыс алаңының ұлғаюы өнідіріс көлемі мен еңбек өнімділігінің артуына да жол ашты. Сөйтіп, біздің жаңа, жаңғырған тарих 2008 жылдың 15 қыркүйегінде басталды дейміз. Бұл жаңарған, жаңғырған машина жасаушы зауыттың ресми ашылған күні.
Байқаған шығарсыз, біздің компанияның тарихы ел тарихымен тікелей байланысты. Қазақстан жаңғыруға, дамуға бет бұрғанда бізде қайта түлеп, гүлдендік. Олай болса, зауытымыз, бүгіндері елімізді ерекше риза етіп отырған кәсіпорнымыз ұлан-байтақ Отанымыздың ажырамас және құрамдас бір бөлшегі деген жөн.
– Иә, сіздің тарихы тереңде жатқан кәсіпорныңыздың өнімді жұ-мысы, жоғары нәтижесі еліміздің ерекше риза етуде. Мүмкін болса, өндірістік көрсеткіштерді тілге тиек етсеңіз.
– Бірінші жарты жылдықта 1 340 000 000 теңгенің өнімін шығарыппыз. Ал жоспар бойынша жыл аяғына дейін 3 000 000 000 теңгенің өнімі өндірілмек. Біздің мақсат – өндірісті ұдайы ұлғайту және бұл игілікті еңбек өнімділігін арттыру арқылы қамтамасыз ету.
Егер осы сұрағыңызға тереңірек және жан-жақты жауап берсек, онда біздің зауыт Қазақстанға бұл көрсеткіштің сыртында да орасан зор пайда келтіріп тұр дей аламыз. Айталық, егер біздің зауыт толыққанды және жоғары сапада жұмыс істеп өнім шығармаса, жоғарыда аталған соммадағы өнімнің біраз бөлігін шетелдерден алдыртуға тура келеді ғой. Ал ол импорттық валюта шығыны ретінде отандық қаржы базарында жүрген халықаралық валюталар массасын біраз мөлшерде азайтары сөзсіз. Бұл, түптеп келгенде, теңгеміздің әлсіреуіне апарар еді. Яғни қаржыгерлер айта беретін табиғи девальвацияны біз және біз секілді импорт алмастырғыш өнім шығаратын кәсіпорындар тежеп тұр дегенді батыл айта аламыз. Егеменді елге әр кәсіпорын осындай пайда келтіріп тұрса, онда, сөз жоқ, Қазақстанымыз гүлденеді. Мен азамат ретінде де Президентіміздің 2050 стратегиясын қолдаушымын. Ал оны басқаша түсіндірсем, ауқымды бағдарламаға елімізді импортқа тәуелділіктен шығарудың жалғыз жолы ретінде қараймын. Қысқасы, бағдарлама ғылыми негізді және дер кезінде қолға алынған жасампаз істің жобасы.
– Өндірісіңіздің «құпиясын» аша түссеңіз?
– Бұдан он жыл бұрын біз бұрғылаушы құрал-жабдықтарды ғана шығаратынбыз. Өнім түрі мейлінше аз болды. Өзімізде еңбек ететін жаңашыл инженер-техник қызметкерлердің ұдайы ізденісінің нәтижесінде, жаңа өнім түрлерін өндіруді игердік. Соңғы жеті жылдың өзінде бірнеше тауар түрін шығарып жатырмыз. Әрине, барлық өніміміз осы сала қажетін өтеуге арналған. Ескерте кетейік, салаға қажетті аса күрделі және жер қыртысының алуан түрі жағдайында жұмыс істей алатын бұрғылаушы қондырғы-лар мен соған қажетті бөлшектерді шығарғанда, оған өзіміз қосқан жаңалық, «Ноу-хоу» да жеткілікті. Бұл арада айта кететін бір тұс, біздің тауарларымыздың, жаңалықтарыңыздың барлығы Қазақстан және Ресей Федерациясында арнайы сынақтап өтіп, меншік иесі патентіне ие болдық. Сондықтан біздің тауарымызға көрші елдерден де сұраныс баршылық. Құдай қаласа, болашақта экспорттық әлеует өседі деп ойлаймыз. Енді мына тұсқа көңіл бөліңіз. Біздің компания және оның өнімдері: ISO 9001-2009, ОHSAS 18001-2008, сондай-ақ тұтастай өндіріс U таңбалы ASME сертификатына ие. Бұл дегеніңіз – өнімнің сапалылығы кез келген жерде өтімділігін дәлелдейтін анықтама. Яғни бізге сапаға қатысты кедергі болмайды. Ендеше, экспорттық әлеует жасауға ұмтылысымыз бір нәтижесін беріп қалар деп ойлаймыз. Жалпы алғанда, көмірсутектері саласында Қазақстан өндірісі көлемін ұлғайта түсуде. Олардың да тапсырысы біздің өндірісіміздің қарқынды дамуын қамтамасыз етері сөзсіз. Солай десек те, Елбасымыздың үлгісіндей тоқмейілсуді білмегенге не жетсін!
– Кәсіпорныңыз қанша адамды жұмыспен қамтыған?
– Дәл қазіргі таңда 268 адам бізде жұмыс істейді. Жоғарыда айтып кеткенімдей, компания ұдайы даму үстінде. Өйткені оның тауары мен қызметі сұранысқа ие. Экспорттық жолды ашу туралы ойымыздан да хабардар еттік. Демек, жоғарыдағы айтқан сан ұдайы өсімде болады. Біздің бүгінгі шамалауымызша, 2015-2016 жылдарда 100 жұмыс орны тағы да ашылатындай. Өйткені тапсырыстар легі біздің осылайша өндірістік қуатымызды ұлғайтып отыр.
– Дұрыс-ақ. Дүниежүзінде, тіпті дамыған Еуропаның өзінде қысқартулар мың-мыңдап жүзеге асырылып жатқан шақта сіздің компанияның жұмысшы күшінің көбеюге ұмтылуы бұл еліміздің жалпы жағдайынан жақсы хабар беріп тұрғандай. Олай дейтін себебіміз, сіздерге тапсырыс берушілер де өз дамуының арқасында сондай жасауға барып тұр ғой. Қысқасы даму дамуды жетелейді. Осылай деуге бола ма?
– Әрине, дамуды даму жетелейді. Егер бізге тапсырыс беруші жақтар өндірісін дамыта алмай жатса, онда бізге тапсырыс қайдан келсін. Демек, біздің дамуға ұмтылуымыз жалпы мұнай-газ саласының, ол ол ма тұтастай аймақтың, тіпті Қазақстан Республикасының дамуы ақиқат екенін дәлелдеп тұрған бір көрсеткіш. Сондықтан да біз өзіміздің компаниямызды халықтық сұранысқа ие фирма деп мақтанышпен атаймыз. Соған сай жұмысшы қызметкерлердің орташа жалақысы да республикалық деңгейден жоғарырақ. Бұл күндері бізде еңбек ететіндердің орташа айлық кірісі 134 860 теңге. Бұдан, меніңше, тек таза тау-кен өндірісінде жүргендердің ғана айлығы жоғары шығар. Олай болса, осындай айлыққа жұмысқа тұрғысы келетіндер саны өсе түсуде. Біз де өзімізге қажетті маман инженер-техник қызметкерлерді таңдап аламыз.
Ал егер ұжымның әлеуметтік-тұрмыстық деңгейі мен еңбек ережелерінің сақталу жағдайына келетін болсақ, онда бұлардың бәрі де халықаралық жоғары талап деңгейіне сай. Жұмысшы-техниктердің қызмет орындары жинақы да таза сақталады. Қысқасы, бізде өңкей «интеллегенция» жағдайында жұмыс істейді деуге болады. Мұнда осылай болып тұрғанында қызметкерлеріміздің үйінде тұрмыстық жағдайлары да соған сай екеніне сенеміз.
– Әрине, бұл аймақта көз көргенде көңіл марқайтатын игілікті істер жеткілікті. Солардың бірін жасаушы сіздің компания болуы ерекше қуантады. Өйткені Қазақстан әлі де ұзақ уақыт тау-кен саласында жұмыс істейтіндердің табыстарына зәру болатыны анық. Шикізаттық аймақ атауынан он шақты жылсыз құтыла алмаспыз. Шамамен, сол он шақты жылдың ішінде 2050 стратегиясының алғашқы нәтижелерін өмірде сезіне бастаймыз. Осындай нәтижені қазірдің өзінде қайдан көруге болады дегенге сіздің компанияңызды нұсқар едік. Иә, көңіл қуантатын игіліктер жасап жатырсыздар. Өзіңіз жоғарыда айтып кеткеніңіздей тоқмейілсуден бас тартып алға ұмтылатын ұжым таяу болашақта қандай жоспарлар белгілегенін білгіміз келеді?
– Қазақстан дамуға ұмтылудың нәтижесі дегенді жиі естиміз. Елдің осындай құрметті де танымал болуы үшін Ұлт Көшбасшысы Н. Назарбаев-тың алға ұмтылғыштық қасиеті локомотивтей әсер етті десек артық айтқандық емес. Осындай үлгіні көре отырып бізде ұдайы ізденіс арқылы өрісімізді кеңейтіп, өнімімізді молайтуды жоспарладық. Оның ішінде ерекше бөле-жара айтатынымыз мейлінше күрделі тауарлар өндірісін қалыптастыруға көңіл бөліп жатырмыз. Қазіргі таңда ауыр машина жасау өндірісі жұмысқа кіріскен. Бұл жаңалықты республика экономикасындағы айрықша маңызды іс деп айтуға болады. Жобалық құны 5 844 712 349 теңге тұратын бұл жаңа ісіміз бұрын-соңды болмаған мүлде жаңа өнім шығарады. Айталық, ұзындығы 144-ені 60 және биіктігі 30 метр тұратын еңбек алаңында жапондық «Марубени» компаниясымен жасасқан жаңа келісімшарт бойынша осы уақытқа дейін мүлде болмаған жаңа өнімді шығару ісіне кірісіп те кеттік. Айталық, «хоппер» деп аталатын бір өніміміздің массасы 450 тонна тартады екен. Мұндайды Қазақстан өз тарихында шығармаған. Ол ол ма Орталық Азия мен Таяу Шығыста да мұндай өндіріс болмапты. Міне, алға ұмтылыстың елге беретін берекесі мен сыйы осылай.
Айта берсек, зауыт басшылығы инженер-техник қызметкерлермен ақылдаса келе, көптеген тауар шығаратын үлкен өндіріс орнын қалыптастыруды жоспарлап отыр. Олардың бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Ең бастысы, өз саламызда импорт алмастырғыш өндірісті толық жасақтаймыз. Ал осының алдында ғана айтып кеткен өндірістік жаңалық бізге елімізден тысқары жерге де жол ашады деп үміттенеміз. Атыраулықтар қазірдің өзінде көптеген шетелмен тікелей байланыс орнатқан. Көптеген шетелдің осы сала бойынша жұмыс істейтін бірқатар мамандары мен лауазымды тұлғалары біздің өндірісіміз бен өнімдерімізден хабардар. Олардың өндірісте сынақтан жоғары баға алғандықтарын да жақсы біледі. Мұның өзі біздің тауарымыздың өтпей жатып қалуын болдырмайтын бір тұс. Қысқасы, «АтырауМұнайМаш» зауыты бүгінге қызмет ете отырып, тұтастай алғанда саланы «Өгіздей өрге сүйрейтін» локомативтік қызмет атқарып, өз заманының озық талаптарына жауап беретіндей өнімдерімен Қазақстан ырысын молайта бермек. Бұл біздің 2050 стратегиясын жүзеге асырушы миллиондаған отандастарымыздың ортақ ісіне қосқан өзіндік үлесіміз болмақ.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Жұмабек ЖАНДІЛДИН