Ресей Қауіпсіздік Кеңесінде егемен елдердің ішкі істеріне қол сұқпау туралы қағиданы құптайтын декларация қабылдауға ниетті екенін білдірді. Мұны РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров венесуэлалық VTVCanal8 телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді. Бұл туралы «Қамшы» порталы gordonua.com-ға сілтеме бере отырып хабарлайды.
РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров АҚШ-тың Сириядағы қимыл-әрекетін ортақ келісімнің қалыптасуына пайдасы жоқ «біржақты амал» ғана деп санайды.
«Дәл қазіргі кезеңде американдықтар жеке өзіндік коалицияны қалыптастырып отыр, олар ешбір Қауіпсіздік Кеңесіне жүгінбеген. Ирактағы террористерді Бағдад үкіметінің келісімімен бомбалайтынын жариялады. Бірақ, Сирия аймағындағы террористерге шабуыл жасау үшін оларға Дамаск рұқсатының қажеті шамалы екен. Меніңше, бұл біржақты амал-қарекет!» - деп мәлімдеді Лавров мырза.
Сонымен қатар, министр Ресейдің Қауіпсіздік Кеңесінде мемлекеттердің ішкі істеріне араласпау мәселесін көтергісі келетінін айтты: «Айтқандай, қазіргі таңда венесуэлалық және қытайлық әріптестерімізбен, және өзге де мемлекеттер тобымен бірге егемен елдердің ішкі мәселелеріне қол сұқпау тақырыбын талқылағалы жатырмыз. Бұл, өз кезегінде, БҰҰ-ның негізгі жарғыларының бірі».
Нью-Йоркта өткен БҰҰ-ның Жалпы Ассамблеясында көптеген мемлекеттер Қауіпсіздік Кеңесіне реформа енгізу керектігі туралы ұсынысқа қолдау білдірген болатын. БҰҰ-дағы Украинаның тұрақты өкілі Юрий Сергеевтің сөзін арқау етсек, Қауіпсіздік Кеңесінде вето құқығын шектеу туралы бастаманы 73 мемлекет қолдаған екен.
5-қыркүйекте Петр Порошенко Ресей мемлекетінің Қауіпсіздік Кеңесі құрамында қала беруіне болады, бірақ өзі қатысып отырған қақтығыстар мен дау-дамайларда вето құқығынан айырылуға тиіс деп, мәлімдеме жасаған еді.
Бүгінде вето құқығына Ресей, Қытай, АҚШ, Франция және Ұлыбритания сынды БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшесі ие болып отыр.
Назгүл Назар