КЖП бүлікшілері бейсенбі күні таңертең Түркияның оңтүстік-шығысында орналасқан Диярбақыр провинциясында екі әскери қызметші отырған көлікке оқ жаудырған. Бұл туралы «Қамшы» порталы euronews.com-ға сілтеме бере отырып хабарлайды.
Бұған дейін түрік әскері КЖП-ға қарсы жауынгерлік әрекеттерін Хаккари провинциясы мен Ирактың солтүстігінде жүргізген болатын. Мемлекеттің әскери күштері сепаратистерді әуеден бомбалап, алғашында 24 объекттің көзін жойған болатын.
Түрік әскерінің бүлікшілерге қарсы белсенділік көрсетіп жатқаны туралы «Қамшы» порталы алдыңғы жаңалықтарында да жазған болатын. Мына сілтеме арқылы өтіп, оқи аласыз (http://qamshy.kz/home/show/1670).
Оқиғаны бақылаушылар қақтығыстың ушығуын Түркиядағы 1-қарашаға жоспарланып, мерзімі жақындап келе жатқан сайлаумен байланыстырып отыр.
Шілдеде үш жыл қатарынан жалғасқан бітімгершілік келісімі жойылғаннан кейін күрд бүлікшілері қолынан қаза тапқан түрік әскери және полиция қызметкерлерінің саны 150-ге жеткен болатын. Түрік БАҚ-тың мәліметтері бойынша, күрдтер жағының адам шығыны 1300-ден асады.