ЕАЭО лидерлерінің БҰҰ мінберінен айтқандары: ақиқат пен аңыз

/uploads/thumbnail/20170708195441726_small.jpg

Әлем лидерлерінің басын біріктіретін БҰҰ Бас Ассамблеясына барған әр елдің басшылары бірлесіп, жаһандық саясаттағы түйткілді мәселелерді шешетін кәдімгі қалып жоқ, биыл. Бұл жолғы сессия бұрынғыдан өзгеше. Сессиядан сенсация іздеген БАҚ-тың назары  Путин мен Обамада. Қайтер екен? Бір-бірінің қолын қыса ма, жоқ па?

Кейбір ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының ақпарттарына сүйенсек, бұл Путин мырзаның БҰҰ-дағы соңғы мәлімдемесі. Енді ол Нью-Йоркке мүлде бармайды. Бауыры Обамаға өкпелі екен. Дәлірек айтсақ, екеуі бір «клиентке» таласып қалыпты.  Ассамблеяда сөз алған Владимир мырза шынымен де салқындық көрсетті. Ешкімнен жасқанбады. Айтарын ашық айтып салды. Қой, сізге тәптіштеп жатқаным жөн болмас.  Ресей президентінің сөзін өзіңіз оқып көріңіз.

В.В.Путин, Ресей Федерциясы президенті:

-Соңғы жылдары әлем лидерлерінің арасында қарама-қайшылықтар жиілеп кетті.  Бұл әсіресе, БҰҰ мүшелерінің арасында жиі кездеседі. Тіпті өзара түсініспеушіліктер ұйым құрылған 70 жыл бойы жалғасып келе жатыр. Біз әртүрліміз. Пікірлеріміз бен түсінігіміз де әр алуан және еш қайсымыз бір-біріміздің көлеңкемізге айналуға міндетті емеспіз. БҰҰ таза жұмыс істеп отыған жоқ екенін мойындаңыздар. Сіздер анархия құрдыңыздар. Сіздердің қажырлы жұмыстарыңыздың нәтижесінің артында әлемнің әлсіз мемлекеттерін басып алып, қан-жоса етіп жатқан   «Ислам мемлекеті» деген террористер тұр. Олардың құрамында әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған ондаған мың содырлар. Олардың құрамында бұрынғы Ирак әскерилері бар. 2003 жылы АҚШ әскері басып кіргенде өз жерінен қуғындалып,  далада қалған жандар еді ғой. Олардың құрамында Ливия әскерлері бар. Сол Ливияның талқандау туралы шешімді мына сіздер, БҰҰ қабылдаған еді ғой. Ал қазір Батыс елдеріне арқа сүйеген Сирия оппозициясы да солардың сапында соғысып жүр. Кіммен? Сізбен. Оларды қару-жарақпен қамтамасыз етеді, жаттықтырады. Ал олар кейін ИШИМ сапына ауысып кетеді. Логика өте қарапайым. Ал БҰҰ олардың қаржыландыру жолдарын біле тұра кескен жоқ. Неге? Соғыс арқылы пайда табудың жолы бұл. Олар қалай күн көріп отыр? Әрине, заңсыз мұнай саудасы, наркобизнес т.б. Өйткені кейбіреулер оларды өз пайдасына асырғысы келеді. Бірақ, ойланыңдар! Олар қатыгез болғанымен, ақымақ емес. Кім-кімді пайдаланып кететінін уақыт көрсетеді.

Әлемдік саясатта әлі ықпалы болмаса да, Орта Азия құрамында болуға құлық танытып отырған одақтың тағы бір мүшесі Александр Григориұлы да БҰҰ залынан сөз сөйледі. Айтпақшы, ол кісі ол жерде болмағанына тұп-тура 10 жыл болған екен. Жиналып қалыпты, ішінде. Келді де БҰҰ-да отырған әріптестеріне сұрақты төтесінен қойды. Тіпті, Каддафидің өліміне өз әріптестерін кінәліп шықты. Бір сөзбен айтқанда, ескі һәм жаңа одақтың биылғы төрағасы Ресейді позициялық тұрғыдан қолдады.

Александр Лукашенко, Белорусия президенті:

-Біз тоқырау кезеңінен кейін өз күшімізбен аяққа тұрған мемлекетпіз. Біздің әлеуметтік тұрмысымыз әлде қайда дамудың жолына түскен. Біздің елді ана мен бала өлімі деген жоқ. Біз сонымызбен ерекшеміз. Міне, бұл – демократия. Ал біздің Батыстағы жолдастырымыз айтқан демократия деген түсініктің бізге керегі де шамалы.

Мысалы осында отырғандар, Ирак ядролық қару туралы жариялай бастаған кезде барлығыңыз  Иракты «демократизациялау» туралы шешімге келдіңіздер? Енді, сол демократияларыңыз қайда? Ирак қайда? Президентін неге өлтірдіңіздер? Сол мемлекеттің тұрғындарының өмірі жақсарды ма? Жоқ! Сіз, кінәлі, «қателесіппіз» деп айтуларыңыз керек еді. Алайда жоқ, ары кеттік. Тунистен бастап Ливияға жеттіңіздер. Президент Каддафиге не істедіңіздер? Ливияда өмір жақсарды ма? Және жоқ! Жолдастар, мүмкін жетер енді? Жоқ, сосын Сирияға жеттіңіздер. Неге бейбіт адамдарды өлтіресіздер? Неге Асад билігін құлатқыларыңыз келеді? Башар Асад сіздерге несімен жақпай қалды? Тоқтаңыздар!!!

Ал әлемдік саясаттағы салмақты ойыншы Нұрсұлтан Назарбаев әдетінше «бейтараптық» танытқандай болды. Қазақстандық БАҚ-тың назары Назарбаев мырзада. Не істер екен? Не айтар екен? Жоқ, әлемде Путин мен Обамадан да басқа шаруалар жеткілікті емес пе? Нұрсұлтан Әбішұлы әңгіменің төркінін солай қарай бұрды.

Назарбаев мырзаның сөзінен кейін, Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің көрсеткіші 19 есеге артқанын білдік. Орташа жалақымыз 13 мың доллар екенін білдік. Ал 2016 жылы 15 мың доллар, 2018 жылы 24 мың доллар алатынымызды тағы білдік. Көңіліміз бір демделіп қалды. Ресей рубльі мен қазақ теңгесі оңбай девальвацияланып  жатқанда біздің әлеуетіміз сұмдық артқан екен. Ана мен бала өлімі 65 пайызға азайған екен. Денсаулық сақтау саласында да ілгерілеу сезіледі. Айтпақшы, өз мемлекетінде өгейдің күйін кешкен қазақ тілі тұңғыш рет БҰҰ мінберінен естілді. Бұл да прогресс. Жә... Қазақстан президентінің сөзін оқиық. Жоғарыдағы керемет статистикалардан бөлек Нұрсұлтан Әбішұлы тағы не айтты?

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті:

-Қазақстан халықаралық қатынастардағы өзара ынтымақтастықты, түсіністік пен сенімді нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдайды.70 жыл бойы әлемдік қауымдастық жер бетіндегі жанжал, қақтығыстардың шешімін табуға тырысып келеді. Бірақ, қақтығыстар азайған жоқ. Мысалы, терроризм. Бұл кейбір мемлекеттердің территориясын ыдыратып, мемлекеттін ойран еткен оқиға.

Стокгольмдегі әлемдік мәселелер институтының мәлеметінде көрсетілгендей, былтырғы жылы дүниежүзінде қару-жараққа шығындалған қаржы – 1,70 трлн доллардан асып кеткен немесе бүкіл әлемдік ЖІӨ 2,5 пайызы. Күн тәртібіндегі мәселелердің негізі – кедейшілік, терроризм, еңбек мигранттары т.б. Біз дамудың жаңа модернизациясына ауысуымыз керек.

Осылайша Нұрсұлтан Әбішұлы БҰҰ-на тағы да ұсыныс жасады. Әлемдік тұрақтандырудың жаңа астаналық жобасын ұсынды. Нәтижесін уақыт көрсете жатыр. Одақты құрған үштіктің сөздерінен менің түйгенім осы болды. Алып қосарларыңыз болса, қанеки...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Қатысты Мақалалар