Ерлан Зәйтенов – Шығыс Қазақстан облысына танымал кәсіпкерлердің бірі.
Бородулиха ауданында орналасқан «Е.Зәйтенов шаруа қожалығы» – біз әңгіме өзегіне айналдырып отырған Ерекеңнің қолтаңбасы. Өз ісіне мығым, іскер, тәжірибелі азамат Ерлан Әмірбекұлы ұйымдастырып, басқарып отырған шаруашылық жыл өткен сайын өркендеп келеді. Оның дәлелі – кейінгі жылдардың қорытындысы. Жаңашыл, болашаққа үлкен үмітпен қарайтын шаруа қожайыны маңайына, әсіресе, жастар үйір. Олар білмегенін үйреніп, қызығушылықпен жұмыс атқарып келеді. Ыждаһаттылықпен істеген істің нәтижесі зор болатынын ұғынып, «Ондай болмақ қайда?» демей, өздері де істің көзін табуға барынша әрекет етіп бағуда. Ұстаз Ерланды қуантатын да жастардың бойындағы осы қасиет.
Негізі, «Е.Зәйтенов шаруа қожалығы» тақыр жерден пайда бола кеткен ұжым емес. Бұл мекеменің түп негізі – «Заветы Ильича» ұжымшары. Сонау бір жылдары тірлігі шатқаяқтай бастаған ұжымшардың негізінде жеке шаруашылық құрып, жұмыс бастауды қолға алады. 2001 жылдың 15 наурызында жеке шаруашылық құрып, заңдастырады. Бұл шаурашылық сол кездің өзінде-ақ Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың осы күні жиі айтатын әртараптандыру жайын басты назарда ұстайды. Шаруашылық сан салалы. Мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу басты нысанаға алынған. Шұжық, сүт, өсімдік майын өндіру цехтары жұмыс істеп тұр. Диірмен, наубайхана, мал сою цехы да халыққа қызмет көрсетіп келеді. Өндірілетін нан және шұжық өнімдерінің сан түрі тұтынушының талғамына сай. Айран-сүт өнімдері, «Гауда» ірімшігі, «Крестьянское» сарымайы, қаймақ, өсімдік майы, бірінші және жоғары сұрыпты ұн – шаруа қожалығының негізгі өнім түрлері. Ірі қара малын және шошқа сою цехтары да үздіксіз жұмыс істеп тұр. Өнімнің сапасы бұзылмай сақталуы үшін тоңазытқыш құралдары пайдаланылады. Бұл туралы "Қамшы" порталы Айқынға сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Әрине, ауылда қырық жыл істеп тұрған сүт фермасында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оны жаңадан іске қосуо ңайға түскен жоқ. 8 ай бойы қызу жұмыс жүргізудің нәтижесінде бүгінде заман талабына сай сүт фермасы іске қосылып, Швецияның роботтары қолданылып, оның артықшылықтарын көріп отыр. Швециялық ДеЛаваль фирмасының көмегімен тауарлы сүт фермасында қойылған төрт робот бұл күндері Қазақстанда екі ғана шаруашылықта орналасқан. Соның бірі – осы «Е.Зайтенов шаруа қожалығы». Бұл жерде барлық жұмыстар компьютердің көмегімен атқарылады, үш оператор кезекпен жұмыс істейді. Шаруа иелері шығаратын барлық өнім түрлері Шығыс Қазақстан облысының барлық елді мекенінде саудалануда. Мысалы: пастерленген сүт аудандағы мектептер мен интернаттағы оқушыларға беріледі. Сонымен қатар Семейдегі бройлерлер фабрикасына, облыстық ауруханаға, «Багратион» ЖШС-ға жіберіледі. Семей қаласының жұртшылығы «Зайтеновтің ірімшігі, қаймағы бар ма?» деп өздері іздеп жүріп сатып алады. Өйткені өнімнің сапасы өте жақсы әрі экологиялық таза. Асыл тұқымды тайыншаларды жыл сайын Алматы облысымен көршілес Ұлан аудандарына сатады.
– Қазіргі таңда біздің шаруашылыққа қарасты мекемелерде жұмыс істейтіндердің саны – 300 адам, – дейді шаруашылық басшысы Ерлан Әмірбекұлы. – Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен 2009 жылдың 5 ақпанынан бастап №5 «Е.Зәйтенов» шаруа қожалығы асыл тұқымды шаруашылық деп танылды. Шаруашылықта 2600 ірі қара мал бар. Оның 700-і – сауын сиырлар. Ел арасында «Сиырдың сүті – тілінде» деген жақсы сөз бар. Бұл жақсы сүт аламын десең, сиырдың жемшөбін дұрыстап бер деген мағынаны білдіреді. Біз сондықтан ірі қара шаруашылығын ақыры қолға алғаннан кейін оның күтіп-баптауы мен дер кезінде жемшөбін беріп отырғанды жөн деп табамыз. Жылына 100 сиырдан 90 бұзау алып, сүт өндіруді де арттырып келеміз. Шаруашылықта, сондай-ақ 130 жылқы, 100 шошқа, 250 қоян өсіреміз. Шаруа қожалығымыз соңғы жеті жылда жұмыс қарқынын қалыпты сақтап келеді. Салық төлемдері мен еңбеккерлердің жалақысы уақтылы төленіп тұрады, ешқандай берешегі жоқ. Үш жылдағы табыс 100 миллион теңгеден асып жығылды. Бұл бізде жұмыс істейтін әрбір еңбеккердің төгілген маңдай терінің жемісі деп түсінуіміз қажет. Өйткені мұндай ауқымды жұмысты жүргізу бірен-саран адамның қолынан келмесі анық. Ұжымның ұйымшылдығы мен «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ауызбіршілікпен еңбек еткенінің нәтижесі.
Шаруа қожалығының иелігінде 14 мың гектар егістік алқап бар. Оның 11,5 мың гектарына астық пен басқа да дәнді дақылдар егілсе, 3000 гектарға көпжылдық шөп егіледі. Шаруашылықта мал басы болғаннан кейін оның жем-азығын да ойламасқа болмайды. Астықтан кейінгі үш жылда орташа түсім гектарына 12,0 центнерден айналып отыр. Жыл сайын 3 мың тонна пішен, 5,0 мың тонна сүрлем мен 5,0 мың тонна қыстық пішендеме дайындалады.
Шаруашылықта жаңа технологиялармен жұмыс жасауға үнемі назар аударылады. Осы күні техникаң сайлы болмаса, мол өнім алам деп әурелену бекер. Сондықтан да жыл өткен сайын техниканы жаңарту мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді.
– Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың саясатын толық қолдаймын, – дейді кәсіпкер. – Өйткені Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына үлкен көмек көрсетіліп, субсидия беріледі. Мемлекеттік түрлі бағдарламалардың игілігін көріп келеміз. Жергілікті басшылар, атап айтқанда,Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов пен Бородулиха ауданының әкімі Григорий Акулов мырзалар үнемі бізді қолдап, жігерлендіріп отырады, – дейді риза көңілмен шаруашылық басшысы.
Ерлан Зәйтенов отбасында бүгінде Тарлан, Тайырхан, Зере, Ясмин, Амаль есімді немерелерінің қызығын көріп отыр. Ұлы Әмір – бірнеше шет тілде еркін сөйлейтін, экономика саласын жетік меңгерген білікті азамат. Ол қазір мұнай саласында үздік еңбек етуде. Өз отбасымен бірге бақытты өмір сүріп жатыр. Қызы Әсел де мемлекеттік қызмет атқарады. Жары Айгүл де кәсіпкер. Қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанған, ерінің қас-қабағына қарап, көңілінің марқайып, жұмысты алаңсыз істеуіне үнемі жағдайын жасап отырады.
Ерлан Әмірбекұлы – өте қарапайым, туысшыл, бауырмал жан. Достары өте көп. Әсіресе, бала кезден бірге өскен достардың орны ерекше. Жұмыс істеп жүрген кездегі достарымен де қарым-қатынасты үзбейді. Жылдың көктем, күз айларын жақсы көреді. Раушан гүлдерін сыйлағанды ұнатады, сәлемдемесіз жүре алмайды. «Ауылдан сәлемдеме» деп әрқашан қолына базарлықтары салынған қорапшаны ұстап жүретіндігін де жасырмайды. Сүйінші сұраған адамның да көңілін қалдырмайды. Өз ауласына бау-бақша егеді. Жүзден аса гладиолус гүлдерін өсіреді. Көре алмайтын, қызғаншақ, өсекші адамдарды жек көреді. Өзін бір алдап кеткен адамды екінші рет маңайына жолатпайды.
Өмірдің заңдылығы ғой, әкесі ерте қайтыс болды, сенетін ешкімі болмады. Балалық шағы орыс, неміс ұлттары араласқан ауылда өтіп, ержетті. Ол жастайынан неміс халқының ұқыптылығын, тазалығын, өте ретті болатындығын үйренді. Әкесі Әмірбек ақсақал бір кездері ұжымшар басқарған, сөзінде тұратын, өте қайырымды адам болған. Ол кісінің есімі ауылдастарының және ел адамдарының әлі жадында.
– Ауылдастарым «Әмірбектің баласы» деп мені де құрмет тұтады, – дейді Ерлан Зайтенов. – Бұрынғы ауылымызда шешен ұлты өте көп тұрған. Әкем оларға көп қолғабыс жасағанын, көже пісіріп ішуге бидай бергенін қазір ол кісінің көзін көргендер жыр ғып айтып отырады. Ал анам өте қайратты, мықты адам болған. 8 бала тәрбиелеп, өсіріп, 88 жасында қайтыс болды. Нағашы аталарым қажылыққа барған адамдар. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, мақсатым – ата-анамнан алған тәрбиемнің арқасында елге күлкі болмай, жақсы жұмыс істеу, ілгерілеу, биіктен көріну. Мен үнемі «Қазақ ұлты ешкімнен кем емес, біздің қолымыздан бәрі келеді» дегенді маңайымдағыларға айтып отырамын. Жиырма жыл бұрын шаруашылықтар бытырап, тарап жатқан кезде біз шаруашылықты сақтап қалдық. Сол кезден бері халық үшін жұмыс істеп келеміз. Сол бір аумалы-төкпелі, өтпелі кезеңде аудандағы 11 шаруашылықтан 2 ғана шаруашылық қалған еді. Мен үнемі халықпен біргемін. Бір сәт еңбек демалысын алған күннің өзінде өз ауылымда, өз елімде боламын. Мүмкіндігіміз болса да, шетелге шыға бермеймін. Еліміздің бір қиырында тұрып жатсақ та, Мәңгілік ел болуға мен де өз үлесімді қосамын деп сенемін, – дейді Ерлан Әмірбекұлы ағынан жарыла. Еліміздің әрбір патриоты осындай-ақ болар.