Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында жиырмадан астам заң жобасы қаралды. Бұл жолы депутаттар назарына ақпаратқа қол жеткізу, органикалық өнім өндіру, еңбек қатынастары, мемлекеттік сатып алу және өзге де мәселелер ұсынылып, жан-жақты талқыдан өтті. Бұл туралы "Қамшы" порталы http://egemen.kz/-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң жобасы ілеспе түзетулерімен екі оқылымда қаралып, мақұлданды. Заң жобасының жаңашылдығы сол, онда барлық мүдделі адамдарға «электронды үкіметтің веб-порталына орналастырылатын мемлекеттік органдардың нормативтік-құқықтық актілері тұжырымдамаларының және мәтіндерінің жобаларымен танысуға және оны талқылауға қатысуға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар, бюджеттік есептілік пен мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижелері, мемлекеттік органдар қызметін бағалау туралы ақпарат, стратегиялық жоспарлардың және аумақтарды дамыту бағдарламаларының мақсатты индикаторларына қол жеткізу туралы есеп те аталған веб-порталдан көрініс табатын болады. Бұл ретте, мемлекеттік органдардың қызметін жария талқылау, сондай-ақ, ақпарат иеленушілердің ұдайы негізде ашық деректерді интернет-порталда орналастыру міндеті көзделіп отырғандығын да айта кету керек. Және де жазбаша сұрау салуларды қараудың барынша ұзақ мерзімі 15 күн, ал ол туралы ақпаратты сұрататын адамды міндетті түрде хабардар ету және де күрделі сұрау салулар үшін 30 күн белгіленіп отыр.
Бұдан кейін бірінші оқылымда қаралған жаңа Еңбек кодексінің жобасы қолдау тапты. Кодекс жобасында мемлекеттің жұмыскерлерге берілетін кепілдеме мен өтемақының ең төменгі деңгейдегі еңбек стандарттарын анықтап, жұмыс берушінің бұл міндеттемелерді орындауын қатаң бақылайтыны көзделген. Және де кәсіподақтардың рөлі де кеңейтіліп отыр екен. Жұмыс берушінің қызметкерлер санын қысқартудың орнына толық емес жұмыс уақыты режімін енгізу және қызметкерлерді уақытша өзге жұмысқа ауыстыру сияқты тиімді тетіктерді қолдануы да көрініс тапқан. Сондай-ақ, жұмыс берушінің қызметкердің денсаулығына зиян тигізбейтін кез келген бос орынға ауыстыру құқығы да қаралған. Атқарылатын жұмыс, көрсетілетін қызмет көлемінің азаюы салдарынан ұйым жағдайының нашарлауына байланысты жұмыс берушінің еңбек шарттарын бұзу негіздемесі де енгізіліпті. Бұл жағдайда қызметкер 1 ай бұрын хабарландырылады және қысқарту жағдайында бір айлық орташа еңбекақы көлемінде өтемақы алады.
Бұдан басқа, жұмыс берушілер мен қызметкерлер өкілдеріне түнгі уақыттағы, демалыс және мейрам күндеріндегі, сонымен қатар, шамадан тыс жұмыс істегені үшін төлемақы мөлшерін еңбек және ұжымдық шарттар арқылы реттеу ұсынылады. Шамадан тыс жұмыс істегені үшін төленетін төлемақы негізгі мөлшерлеме көлемінің бір жарым есесінен кем болмауы шарт. Қоғамдық бақылау саласын күшейту де назардан тыс қалмаған. Кәсіподақ ұсынатын қызметкерлер арасынан техникалық инспекторлар институтын құрып, олардың еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау бойынша тепе-теңдік негізінде құрылатын өндірістік кеңестер аясында құзыреттілігін қарастыру ұсынылған. Өндірістік кеңесті тепе-тең шарттар негізінде қызметкерлер өкілдері мен жұмыс беруші 2 жыл мезгілдік ротация негізінде басқаратын болады. Жұмыс беруші үшін өндірістік кеңестің шешімі міндетті. Өз кезегінде, мүгедектерді шамадан тыс жұмыстарға пайдалануға тыйым салуды сақтау да қарастырылған. Жұмыс уақыты мен қысқартылған жұмыс уақытының жалпы есебі (аптасына 36 сағаттан кем емес) өзгеріссіз қалатыны да қарастырылыпты.
Сондай-ақ, депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да бірінше оқылымда қарап, мақұлдады. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова этностық қазақтардың тарихи Отанына оралуын ынталандыру мақсатында заң жобасымен олардың қоныстану өңіріне қарамастан оралман мәртебесін алу, шетелдік азаматтарға қарағанда төлем қабілетін растаусыз уақытша тұру ықтиярхатын алу мүмкіндігі берілетіндігін ерекше атады. Министрдің сөзіне қарағанда, Үкімет белгілеген өңірлерге қоныстанған жағдайда оралмандарға жағдайлар жасалады. Атап айтқанда, жұмыспен қамту бойынша шаралар шеңберіндегі этностық қазақтар үшін көлік шығындарын өтейтін, қызметтік баспана немесе жатақханадан бөлме беруді құрайтын әлеуметтік пакеттер қарастырылатын болады. Үкімет белгілегендей, еліміздің бір өңірінен екіншісіне қоныстанған оралмандар үшін де дәл жоғарыдағыдай әлеуметтік топтамалар қарастырылған. Қоныстанған адам бес жыл мерзімнен бұрын өз бетінше көшіп-қонып немесе қоныс аударса, мемлекеттік қолдауларды қайтаратыны да белгіленіпті. Оралмандарға Қазақстан Республикасының азаматтығын беру мерзімін тұрақты тұру ықтиярхатын алғаннан кейін бір жыл ішінде шешу көзделеді.
Заң жобасына сипаттама бере кеткен Мәжіліс Төрағасы қаралып отырған заң жобасының өте күрделі әрі қажетті құжат екендігін, заң жобасында көптеген мәселелердің оң шешімін тапқанын, оның мемлекетіміз үшін, халқымыз үшін, оралман ағайындар үшін аса маңызды екенін атап өтті.
Күн тәртібіне сәйкес қалған мәселелер де жан-жақты қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.