Керімқұл БЕГАЛИЕВ, «Злиха» шаруа қожалығының төрағасы, Жуалы аудандық мәслихатының депутаты:
«Злиха» шаруа қожалығы өңірдегі ірі шаруашылықтың бірі. Негізгі өндіретіні картоп өнімі. Кеңес үкіметі тарап, колхоз, совхоз дегендеріңіздің бәрі ыдырап жатқан кезде әулеттің тірегі әкелері – Мамыр Бурный совхозынан 56 гектар жер сұрап, егіншілікпен айналысуға ниет білдіреді. Алайда сол кездегі билік Гагарин ауылынан 35 гектар ғана жер беріп, «қазақтың қолынан не келеді?» дегендей қалған жерді басқа азаматтарға берген екен. Дегенмен, Мамыр қария ұлы Нұржігітпен бірігіп, барды құрастырады. Сөйтіп, 1996 жылы алғаш би-дай тұқымын себеді. Сол жылы мол өнім түскен екен. Бірақ жинап алуға техника мен жұмыс күші тапшы. Мамыр қария Шымкентте жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүрген ұлы Керімқұлға келіп, көмек сұрайды. Керімқұл бірден мұндай бастамаға қаржы құюды жөн көреді. Сол жолы қанша қаржы салса да, алғашқы орақтан комбайншылар 20 пайыз өнімді алып кетеді. Осылайша, егер жеке техникаң болмаса шаруаның еңбегі еш болатынына көзі жеткен Бегалиевтер ортақ еңбектің көрігін қыздырып, бел сыбана қожалық жұмысын бастап кетеді. Шағын шаруашылықтардың басын біріктіріп, егістік көлемін 480 гектарға дейін жеткізеді. Осылайша, бидайдан бөлек, 2000 жылы алғаш 1,5 гектарға картоп өнімін егеді. Ол кезде Бурный совхозы Орта Азия елдерін картоппен қамтамасыз етіп отырған, белгілі бірден-бір кеңшар болатын. Өнімге деген сұраныс та жоғары болды. Ал оны толықтай қанағаттандыру үшін картоп көлемін арттыруға тура келді. Керімқұл ең алғаш Қарағанды қаласына семинарға барып, ол жақтағылардың шаруашылыққа пайдаланып жатқан германдық технологияларымен танысып қайтады. Шетелдік технологиялардың тиімділігін көзбен көр-ген ол шаруашылықты жаңаша қарқында дамыту тетігін қолға ала бастайды. Шаруашылық 2006 жылы лизингке жаңа шетелдік техникалар сатып ала бастайды. Нәтижесінде, көрсеткіш гектарына 120 – 150 центнерге жетіп, кейіннен 220 – 250 центерге дейін өнім алуға мүмкіндік туды. Ал 2011 жылы голландық тұқым себу технологиясы арқылы, өнім көлемін 430 центнерге дейін арттырды. Қазір өнім Алматы, Астана және Шымкент өңірлеріне жөнелтілуде. Шаруашылықтың басында жүргендер 180 гектар картоп егістігін кеңейтуді қолға алуды көздеп отыр.
– 2006-2007 жылдары қырғыз елімен суға таласып, жаға жыртысуға дейін бардық. Сол кездері «Тәуелсіз елімізде қашанғы ағын суға тәуелді боламыз?» деп билікке де бірнеше мәрте хат жолдағаным бар. Дегенмен, 2013 жылы жанайқайымыз жоғары жаққа жетіп, «Көксай» каналы салынды. Қазір аталмыш каналдың ауданды сумен қамту деңгейі жаман емес. Ол үшін Елбасы мен облыс әкіміне алғысым шексіз. Десе де, әлі де болса олқылықтар бар. Мәселен, каналдың сыйымдылығы жоба бойынша 3500 литр суға қауқарлы болуы қажет болатын, алайда қазір 2000 литрді әрең сыйғызып отыр. Өйткені ағын судың жылдамдығы сағатына 100 шақырымға жетуде. Мұндай жағдайда егер 3500 литр су бірден келетін болса, каналға зақым келуі мүмкін. Каналдың жобасын о баста жүйелі қылып жасау қажет еді деп ойлаймын. Әрине, бұл мәселе билік назарында екеніне бек сенімдімін. Сол себепті, бұл түйткілдің де түйіні тарқап қалар. Егістікті тиімді суғару жайын ойлап, биыл 50 гектарға жаңбырлатып суғару технологиясын енгіздік. Бұйыртса, бұл тірліктің соңы жемісті болар. Жалпы, аймақта шағын шаруалардың бізден бөлінуіне қызғаныш пен көреалмаушылық себеп болды. «Злиханың» қарқынды дамығанын көріп, өзгелер де өз бетінше тірлігін тіктей аламыз деп сенді. Алайда олардың арасында қазір тас-талқан болып ыдырап, жоқ болып кеткендері жетерлік. Оған себеп, көпшілік жерін жалға алып пайдаланып отыр.
Ал өзгенің жеке меншігіндегі жерден шаруалар субсидия ала алмайды. Оған қоса, ағын су мәселесі де бір бүйірден қысты. Осыдан барып, шаруалардың дені тірлігін тастап кетті. Жалпы, қазір біз де жерімізді өзгеден жалға алып отырмыз. Сондықтан біздің картоптан да қолға тиетін субсидия жоқ. Бұл мәселені көтеріп, қақпаған есігім қалмады. Алайда әлі шешімін табар емес. Осы жағын мемлекет біржақты етіп берсе, шаруаларға көп демеу болар еді. Ал ұсақ шаруаларды қайта біріктіру жағына келер болсақ, оған қазір біз мұқтаж емеспіз. Рас, әлі де болса егістік көлемін арттыруға жер қажет. Алайда бір қосылып, бір бөлінетін қожалықтардың маған түкке қажеті жоқ. Одан да барымды ұқсатып, «асықпай арбамен қоян ілгенім» артық. Жалпы, «картопты егемін» дейтін шаруаларға мол өнім алу үшін бұл істі ерекше махаббатпен істеуі қажет. Егер ас пісіретін болсаң, оны сүйіспеншілікпен, қоспаларын қосып жасасаң тәтті тағам шығады ғой. Дәл сондай картоп күтім мен махаббатты қажет етеді. Сондай-ақ жұмысыңнан жеміс күтетін болсаң, не ексең сонымен бірге жерге еніп кетуі керек. Сөйтіп, төрт ай бойы тұқыммен бірге өніп, жер бетіне бірге шықсаң өнім жақсы шығады. Көп шаруалар тұқымды сепкеннен кейін, жұмысында қалғып жүріп дәнді құртып алады. Ал мұндай жағдайда сапалы өнім алу мүмкін емес, – дейді Керімқұл Бегалиев.
Шаруашылықтың тізгінін ұстаған Керімқұл Голландия елінен тұқым мен заманауи технологияны қатар алып келіп, шаруашылығымды жаңаша дамытып жатқан кез еді. Сол жылы өнім көлемін де сан есе арттырды. Міне, осы еңбегі бағаланып, 2011 жылы Астанада өткен ауыл шаруашылығы форумына қатысты. Осы жиында ең алғаш Елбасымен жүздесудің сәті түсті. Ұлт Көшбасшысын алғаш көргенімдегі сәтті айтып жеткізу мүмкін емес дейді ол. «Бір қарасам, Президент халықпен амандасып, залдан шығып бара жатыр екен. Осы сәтте бейнебір әкесімен қауыша алмай қалған баладай орнымнан тұра келіп, «Нұр-аға, Астанаға сіздің қолыңызды алу үшін келіп едім» деп айқай салдым. Елдің бәрі маған қарай жалт қарап, залдың іші тым-тырыс бола қалды. Аяғымды тез-тез басып қасына қалай келгенімді өзімде байқамай қалдым. Елбасы «Саған қол керек па, мә!» деп күліп жіберді. Айналадағылардың барлығы қоса күліп жатыр. Ал мен арманыма жеткеніме сенер-сенбесімді білмей, жүре-гім жарылардай болып тұр. Ол кісі болса қолымды ұстап тұрып келген жерімді, ауылдың жағдайын сұрап жатыр. «Жамбыл облысы Жуалы ауданынан келген шаруа-мын» дегеннен басқа, не айтқанымды шыны керек, қазірдің өзінде еске түсіре алмаймын.Әйтеуір сөз соңында Елбасы-мыз «Жарайсың, шаруашылығың алға бассын!» деп ақ батасын бергені ғана есімде» дейді сол сәтті үлкен тебіреніспен еске алған Керімқұл.
– Ал екінші кездесуімде ол кісінің есте сақтау қабілеті керемет екеніне қайран қалдым. «Нұр Отан» партиясының кезекті съезі елордада өтетін болды. Соған жамбылдық бір топ азамат аттандық. Тағы алдыңғы қатарда отырмын. Ұйымдастырушылар мені танып қалыпты. «Аға өткендегідей, Елбасының алдынан айқайлап шыға келмеңіз» деп маған ескерту жасап жатыр. Ал менің бар ойым ұлт Көшбасшысының қолын тағы бір мәрте алу. Жиын басталды. Президент баяндамасын жасап болғаннан кейін, артқа қарай сәл шегініс жасағаны сол еді тағы да орнымнан түрегеліп «Ассалаумағалейкум, Нұрсұлтан Әбішұлы» деп алға шыға келдім. Ұйымдастырушылар тұра келіп, отырыңыз дегендей ымдап жатыр. Ал Елбасы болса маған қарап, «Тағы да менің қолымды алуға Астанаға келдің ба?» деп күліп жіберді. «Иә, аға» деп қос қолдап қолын алдым. Сонда ол кісінің қанша уақыт өтсе де, алғашқы амандасқан сәтімді ұмытпағанына таңғалдым.Үшінші кездесуімде де Президенттің қолын алуға барымды салдым. Партияның XVI съезі аяқталып, жиналғандар Елбасымен амандасуға асығып жатыр. Қарасам, Нұр-ағаны қаумалап қалған адамдардың қарасы ұзын-сонар. Топ ішіне кіргеннен еш пайда жоғына көзім жетіп, залдан шығатын есіктің тұсына барып күттім. Есікке жақындаған сайын Президенттің қасындағы адамдар азайып, маған жақсы мүмкіндік туа түсті. Міне, осы тұсты тиімді пайдаланып «Ассалаумағалейкум, Нұрсұлтан аға, сізбен үшінші мәрте амандасуға келдім» дедім. Елбасы жылы қабақпен, «Бар болыңдар!» деп қолын созды.
Міне, ұлт Көшбасшысымен жүздескен осы үш сәт, өмірі есімнен кетпейді, – дейді Жуалы өңірінде шаруасын дөңгеле-тіп отырған жігіт ағасы.
– Менің үш ұл, бір қызым бар. Інім Нұржігіт төрт қыз, бір ұлды тәрбиелеп отыр. Бұдан бөлек, Нұрлан Ілесов есімді бауырымыз бар. Міне, осы үш ағайынды «Злиха» шаруа қожалығының тірлігін тіктеп отыр. Ұл-қыздарымызды да осы салаға бейімдеп оқытып жатырмыз. Мәселен, Нұржігіт баласын Қытайға жіберіп арнайы оқытып, агро саласының білікті маманы етіп шығарды. Мен болсам ұлымды есеп саласына бердім. Қазір есепші мамандығына оқып жатыр. Осылайша, шаруашылығымызға қажетті мамандарды өз отбасымыздан дайындап, қазірден қолға алудамыз. Бұйыртса, бұл жастар «Злиханың» болашағын баянды етеді дегенге сенім мол, – дейді Керімқұл Бегалиев.
«Злиха» шаруа қожалығы тұқым шаруашылығын дамытуды қолға алуда. Рас, ол үшін зертхана мен 600 гектар жер керек.Егістік алқабынан биыл 4000 тонна өнім алуды да жоспарлап отыр. Оған қажетті, техника мен жұмыс күші сақадай-сай дайын тұр. Сөйтіп, қожалық болашақта картоп өсірудің кластерлік жүйесін қалыптастырмақшы. Зауыт соғу ойда бар. Ол кәсіпорында картоптың түрлі өнімдері шығарылатын болады.