Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен "ӨКМ операторы" ЖШС басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев 2 айға қамауға алынды.
"2022 жылдың 27 қаңтарында Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті А.А.Пірімқұловқа, М.Қ.Құмарғалиевке қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады" делінген хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа да деректері Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жарияланбайтыны хабарланды.
26 қаңтарда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ахметжан Пірімқұлов пен Медет Құмарғалиевтің ұсталғанын растаған болатын.
Антикордың мәліметінше, олар сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке ілініп, екеуі де Нұр-Сұлтан қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Пікір қалдыру