Болат Төкежанов "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының" (ӘМСҚ) басшысы қызметінен кетті. Бұл туралы КазТАГ ақпарат агенттігі хабарлады.
Төкежанов аталған қызметке 2020 жылдың 12 шілдесінде тағайындалған.
Еске сала кетейік, 2020 жылы елде коронавирус пандемиясы өршіген тұста Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында ауыс-түйіс болған.
2020 жылғы 10 шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев ӘМСҚ және "СК-Фармация" басшыларын қызметтен босатып, қажет болған жағдайда тергеу жүргізуді тапсырған. Сол күні денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен ӘМСҚ бұрынғы басшысы Айбатыр Жұмағұлов қызметінен кеткен болатын. Президент сол кезде әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына іскер адам керектігін айтқан.
Кейінірек президент сенім артқан Төкежанов жалақы мөлшерін жария етуден бас тартып, жанжалға тап болды. Оның әрекеті қазақстандықтардың наразылығын тудырды. Жұртшылық оның коммерциялық емес акционерлік қоғамға қатысты "коммерциялық құпия" деген сөзін құптамады. Жарна енгізу міндеттемесінің ерікті еместігі, қордың топ-менеджері шын мәнінде халықтың ақшасынан жалақы ала тұра еңбекақы мөлшерін "коммерциялық құпия" деуі көпшіліктің наразылығын тудырған.
Пікір қалдыру