Қант неге қат?

/uploads/thumbnail/20170708195615818_small.jpg

Қант саудасы қияметке айналды. Қазақстанның көптеген аймағында қанттың бағасы аспандап, дүкендерден қант табу қиындап кетті. Қантқа қатер қайдан келді?

Қазір еліміздің барлық аймағында бағаны тұрақтандыруға бай­ланысты түрлі шаралар атқарылуда. Алайда қант жеткізуші кә­сіпкерлер әкімдіктің қойған талабына көнбей отыр. Оның бірінші себебі – қант бағасының қымбаттауына доллардың өсуі әсер еткен. Бізде қант өндірісі аз болғандықтан, қант нарығын шетелдік қант өнімдері тол­тырып жатыр. Шетелден келетін тауарлар доллармен саудаланғанын ескерсек, қант бағасының шарықтауының бір кілтипанын осы жерден табуға болады.

Әзірге қант бағасын ұстап тұрған аймақтар – Атырау мен Пав­лодар. Бұларда қант 180-200 теңгеден сатылуда. Ал Тараз, Семей, Шымкент, Қостанай және Петропавлда 200-220 теңгеге бағаланған. Ақтөбеде қант 3 пайызға өсті. Қаладағы бірқатар дүкендерде 5 келіден артық қант сатылмайды. Ақтау мен Қарағандыда да қант бағасы шарықтап тұр. Тіпті Ақтаудың кішігірім дүкендерінде қант атымен жоқ. Бұларға жеткізушілер қант әкелуді баяғыда доғарған. Ақтаудың бір дүкендерінде қантты 2 келіге дейін ғана сатып алуға рұқсат етсе, енді бірінде бағаны 180-нен бірден 250 теңгеге көтеріп жіберген. Мұнда 25 келілік қант бір айдың алдында 4600 теңгеден сатылса, қазір 5500 теңгеге бір-ақ ұшқан. Қарағандыда да қант бағасы 170-тен 290 теңгеге өсті. Ал рафинадтың бағасы тіптен қымбат. 
Алматыда да қант бағасы 9,1 пайызға көтерілді. Дүкендерде бір адамға 5-10 келіден артық қант алғызбай жатыр. Мұны естіген жұрт кәдімгідей үрейленіп қалды. Қайтсін енді, қазақтың жылына 30 келі қант жейтіні рас болса, қант біздің өміріміздің нәріне айналғанының белгісі. Содан болар қалтасы қалыңдар қазір қап-қап қант сатып алып, қамбасын толтыруға асығып жатыр. 
Қант бағасының жоғарылағаны аздай, кейбір дүкендер мен базар­лардан ұшты-күйлі жоғалды. Жоқ емес бар, бірақ сатпайды. Былайша айтқанда, жеткізушілер қант саудасын қолдан бәсеңдетуде. Доллардың әсерінен қант бағасы өзгеріп кете ме деп, қант саудасын тежеуде.
Рас, біздегі қант бағасының құбылуы долларға тікелей байланысты. Себебі, бізге қанттың мол үлесі басқа елдерден келеді. Қазақстанға ең көп қант импорттайтын ел – Бразилия. Биылғы жылдың қаңтар-шілде айларында Бразилиядан бізге 57,9 мың тонна қант әкелінген. Қант жіберетін екінші ел – Молдова. Бұл елден биыл 38,9 мың тонна қант келген. Ал 2014 жылы Молдова Қазақстанға 700 тонна ғана қант тасы­малдаған болатын. Ал биыл бұл елдің импорты 55 есеге дейін өскен. Одан бөлек Қазақстанға биыл Беларусьтан 25,6 мың тонна, Польшадан 18 мың тонна және Чехиядан 14,1 тонна қант әкелінді. Сонда барлы­ғы Қазақстан биылғы қаңтар-шілде аралығында шетелден 178,2 мың тон­на қант сатып алған болып шығады. 
Қазақстанда да қант өндірісі жоқ емес. «Ортаазиялық қант кор­порациясы» ЖШС жыл сайын 500 тоннаға жуық қант өндіруде. Кор­порация Жамбыл және Алматы облыстарындағы «Қант», «Алматы қанты», «Алматинский сахар», «Азия Сахар», «Көксу-Шекер» секілді бірқатар қант зауыттарын біріктіріп отыр. Еліміздегі ең ірі қант өндіруші компанияның отандық нарықтағы құмшекер мен рафинадты толықтырудағы үлесі зор. Алайда, біздегі бір қиындық – қант қы­зыл­шасы жоқтың қасы. Елімізде қант қызылшасы өсірілмейтіндіктен, қант алуда қиындық туындауда. Фермерлер үшін де қант қызылшасын өндіру оңай емес. Мемлекет қызылша өндірісіне субсидия бөлген күннің өзінде, әр гектардың шығынын ұстауға қомақты қаржы жұмса­лады екен. Сондықтан қант қызылшасын өндіруге ешкім құлшына бермейді. Ал мұның соңы бірқатар қант зауыттарының өз жұмысын тоқтатуына себеп болды.
Қант бағасын тежеудің бір ғана жолы – сырттан келетін қант им­портын азайтып, отандық қант өндірісінің жолын ашу. Бұл дегені­міз – қант қызылшасы өндірісін дамыту деген сөз. Қанттың көп бөлігі өзімізде өндірілсе, ішкі нарықтың кем дегенде 60 пайызын өтесе, қант қалтаға салмақ салмас еді.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар