Кеңес Одағының шекпенінен шыққан елдерде сол баяғыша 5 баллдық жүйенің бүгінгі таңға дейін іске асып, білім сапасын өлшеумен қоса, белгілі бір дәрежеде тәртіпте ұстау, бақылау, тіпті жазалау ретінде де қолданылып келгені де аян. Бұл туралы "Қамшы" порталы Айқын-ақпартқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Еліміздегі қарым-қабілеттері әртүрлі 2,6 миллион оқушының небары «5 баллдық жүйемен» («1» және «2» қойылмайды десек те болады) бағаланып келуі де – білім беру ісіндегі түйткілді проблемалардың бірі. Осындай субъективті бағалауларға етіміз үйреніп, оған оқушыларымыздың да бейімделіп алғаны байқалады. Мәселен, оқушы бір тақырыптан «бестік» баға алған соң «әзірге бағам бар» деген түсінікпен келесі тақырыпты оқымай-ақ сабаққа келетін жағдай-ға жетіп отырмыз. Салдары сол, жекелеген тақырыптан алған «бестік» бағаларына қарай, баланың жылдығына «5» қойып жатамыз. Осы кезде сұрақ туындайды: «Баланың алған біліміне шынайы «бестік» қойылды ма? Бұл аз десек, қолымызға қызыл сиясы бар қаламсап алып, оқушылардың жазған жұмыстарын қызыл ала қылып түзетулер жасау, оны алып келіп сыныпта құрбыларының алдында көрсету қалыпты жағдайға айналғандай. Бұл – біздің педагогикалық құзырлылығымызды көрсетпейді, тиісінше бағалаудағы олқылықтарымыздың айғағы. Осыдан келіп оқушы мен ұстаз, ата-ана мен ұстаз арасында түсінбеушілік туындап жатады.
Білім беру ісіндегі бағалаудың шынайы болмауына байланысты немесе себебін анықтамай субъективті түрде нашар баға қою салдарынан оқушыларымыздың суицидке баруы да ішінара орын алып отыр. Тіпті жақсы оқитын оқушы белгілі бір себеппен сабаққа дайындалмай келсе, оның байыбына бармай «екілік» қойып жібереміз. Тағы бір көңіл аударарлық жайт, бағаның балаға емес, баланың жұмысына немесе орындаған тапсырмасына қойылуы. Бұл ұғым да бірқатар мұғалімдердің бағалауға көзқарасын өзгертуі тиіс.
Қазіргі кезде қолданылып отырған бағалаудың негізінен, көрсеткішке бағытталғаны анық. Оқушы қандай жолмен болса да «5» немесе аралық тестілеуден жоғары балл алуға тырысады. Бұл тақырыптың мазмұнына терең үңілу емес, тиісінше формальді түрде жоғары көрсеткішке ұмтылу ғана.
Кеңес Одағының аясында болып келген көптеген ел де осы бағалау жүйесіне өзгерістер енгізуге талпынғаны анық. Мысалы, Белорусь Республикасында 2003 жылдың өзінде білімді бағалаудың он баллдық жүйесі енгізілді. Ондағы жаңа бағалау жүйесінде оқу қызметінің бес деңгейі анықталған. Оқушылардың нәтижесі осы бес деңгей бойынша бағаланады. Сондықтан да еліміздің білім беру ісіндегі бағалау жүйесіне басқаша қарау – бүгінгі күннің басты талабы.
Елімізде де Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында Тәуелсіз сыртқы бағалау элементтерін қамтитын лицензиялау, аттестаттау, аккредиттеу, рейтинг, ұлттық бірыңғай тестілеу, мемлекеттік аралық бақылау, талапкерлерді кешенді тестілеу т.б. ұлттық білім беру сапасын бағалау жүйесін құруға қадамдар жасалуда.
Байқап отырсақ, шетелдік тәжірибеде балалардың өзін-өзі бағалауына айрықша мән береді. Ал біздің жүйемізде бағалаудың біржақты, тек мұғалім тарапынан қолданылып келгені анық. Бұған қоса мұғалімдер бағалауды сабақтан кейінгі «белгі қою» шарасы ретінде қарастырып келді. Шетелдік мамандардың осы модульге қатысты зерттеулеріндегі мәселенің ең бастысы бағалауды ынталандыру тетігі немесе педагогикалық тәсіл ретінде қарастыруы жаңаша көзқарас қалыптастырып отыр.
Осы жерде мұғалімдердің біліктілігін арттырып отырған деңгейлік курстар аясындағы «бағалау» ұғымының қалыптастырушы және жиынтық ретінде екі мағынада түсіндірілетіні де көңілге қонымды. Себебі, біз бұған дейін бағалауды осылай бөліп қарастырмаған едік. Тағы бір мәселе, қалыптастырушы бағалаудың сабақтың ең алғашқы минуттарынан бастап-ақ жүріп отыратын педагогикалық тәсіл екенін ұғынулары осы тақырыптың мақсатының орындалғаны деп бағалауға болады. Мұғалім өз қызметіндегі нәтижелі жетістіктер мен кемшіліктерге баға беріп, тәсілдерін толықтырып, түзетулер жасап, жеке балалармен жұмыс жолдарын табуға тырысады. Өз кезегінде оқушы да берілген тақырыпты қай деңгейде игеріп, меңгергенін ұғынады. Егерде білім деңгейін тексеріп отырмаса, онда оқушы да өз білімін жан-жақты және тиісті түрде бағалай алмайды. Бала да баға алғаннан кейін өзінің білім ордасындағы, үйдегі жұмыстарын арттыруға, жақсы дағдыларын дамытуға, сонымен қоса кемшіліктерін жоюға мүмкіндік ала-ды. Өзінің аты айтып тұрғандай, қалыптастырушы бағалау оқушыларды ұдайы білім алуға қызықтырып, ынталандырып, құштарлықтарын арттырып отырудың тиімді де озық құралы ретінде қарастырылады.
Оқушыларға бақылау жасау немесе олардың орындап келген үй тапсырмаларын тексеру көптеген ақпарат береді. Кей жағдайларда ұтымды таңдалған ашық немесе ауызша сұрақтардың да маңыздылы-ғы көп. Осы тұста мән беретін бір нәрсе, балалардың сауалдарға берген жауаптары бақылануы керектігі.
Бағалау жүйесінің тенденциясын бағамдай келе ең әуелі бағалау мен белгі қоюдың аражігін ажыратып көрелік. Белгі қою – бұл бағалаудың сандық көрінісі. «Үштік», «төрттік», «бестік» мұның бәрі белгі қою. Ал баға қоюдың жөні басқа және әртүрлі болып келеді. Ең алдымен ауызша бағалауды алайық. Бұл – кең тараған формативті бағалаудың түрі. Қолдау, көңіл бөлу. Мысалы, бір оқушының жауабына жылы шырай танытып, мадақтау жасасақ, бұл да бағалауға жатады. Сіз оны назардан тыс қалдырмай белгілі бір жағдайда көңіл бөлдіңіз. Түзетулер жасау немесе талдау. Баланы әңгімеге тарта отырып, өткен сабақпен салыстырғандағы жетістігін атап өтесіз, дегенмен бұл нәтижеге «қалай?» немесе «неліктен?» жеткеніне көңілін аудара білсеңіз және бұдан былайғы оның нәтижесі жоғары болу үшін не істеу қажеттігіне де тоқталып, талдау жасау тіпті жақсы бағалау болып табылады. Бір қызығы, балалар өздерін өзгелермен, яғни сыныптастарымен, ағасы немесе досымен, қатар сыныптың оқушыларымен салыстыра бағалағанды жақсы көретіні аян. Дегенмен, бағалау шынайы болуы үшін мұғалімдердің табыс критерийлерін дұрыс құра білулері маңызды болып табылады. Нәтижесінде, оқушылармен бірлесе отырып жасалған бағалау критерийлері олардың тақырыпты толық меңгерулеріне жағдай тудырып, сыңаржақты бағалаудан арылып, оқушылардың өздерін, бір-бірлерін бағалауларына мүмкіндік туғызатынын осы модульді өту барысында тыңдаушылар түсіне алды.Формативті бағалаудың формальді және формальді емес түрлерін де қолдануға болады.
Осы тұста үш айлық деңгейлік курстан өтіп жатқан тыңдаушыларға таратыл-ған ресурстардағы формативті бағалаудың 12 түрі мен Майк Гершон әзірлеген қалыптастырушы бағалаудың 72 түрі де оқушыларға қолдау жасаудың қуатты құралы болып отыр. Мұғалімдерге бағалауға қатысты жаңаша көзқараста мағлұмат бергенде қазақ қоғамындағы бағалауға қатысты мақал-мәтелдерін мысалға келтірудің артықшылығы жоқ. Мәселен, «Ұстазды шәкіртінің қолы жеткен көрсеткішімен бағалау әділ, басқаның бәрі жалған», «Қонақ аз отырып, көп сынайды», «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан», «Өз бағаңды көтеру үшін біреудің бағасын түсіріп керегі жоқ», «Өзі ұлы адам өзге ұлы адамды бағалай алмай тұра алмайды», «Сын шын болсын, шын сын болсын» т.б.
Қорыта айтар болсақ, бағалау оқушыларға нашар баға қойып «жазалау» емес, тиісінше олардың өз деңгейлеріне сай білім алуларына барынша қолдау көрсету, тапсырманы орындау барысында жіберген кемшіліктері болса, кері байланыс ұсына отырып, оны өздерінің түзетулеріне жағ-дай тудыру, жүректеріне жол тауып оқуға ынталандыру, сыртқы реттелуден өзіндік реттелуге жетелеу, шығармашылықтарына назар аударып, тиісті орта құра білу, рефлексия жасай білуге дағдыландыру, тақырыпқа немесе тапсырмаға сай критерийлер құрып, алған білімдерін объективті түрде бағалау – мұғалімдердің кәсіби міндеті.
Бақтыбек ҚАҒАЗОВ, Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институтының тренері
Пікір қалдыру