Қазақстан мұнайының 80 пайызға жуығын тасымалдаушы Каспий құбыр консорциумы құбыры терминалындағы ақау ел экономикасы үшін ауыр соққы болуы мүмкін. Мамандар осылай деп дабыл қағып жатыр.
Ресми дерекке сай, 2022 жылғы 22 наурызда Ресейдің Новороссийск қаласында қатты дауыл тұрып, порттағы теңіз терминалдарының бірі істен шыққан. Бұл мұнай тасымалдау көлемін едәуір азайтуға әкеліп соғуы мүмкін. Қазақстан осы құбыр арқылы тәулігіне 1,2 миллион баррель мұнай тасымалдайды. Ақауды жөндеуге 3 аптадан 2 айға дейін уақыт кетуі мүмкін екені айтылып жатыр.
Энергетика министрлігі КҚК-мен теңіз терминалының жұмысын қалпына келтіру мерзімдері бойынша консультациялар өткізіп, баламалы бағыттар бойынша мұнайды экспортқа жөнелту мүмкіндіктерін қарастырып жатқанын хабарлады.
Қаржыгер Ғалым Құсайнов құбыр жұмысындағы кідіріс ел экономикасына орасан соққы болатынын айтады. Бір ғана мысал, Теңізшевройл компаниясы өндіретін мұнай сыртқа осы құбыр арқылы шығарылады. Ал компания мемлекет табысының 20 пайызын қамтамасыз етіп тұр. Бұдан бөлек құбыр арқылы Exxon Mobil, Eni Shell компаниялары өндіретін мұнай да тасымалданады.
Сарапшының сөзінше, КҚК арқылы Қазақстан мұнайының 80 пайыздан астамы тасымалданады. Бұл жылына 53 млн тонна мұнай. Мүмкін болған барлық баламалы бағыттарды іске қосқан күннің өзінде 10-15 млн тоннаны ғана тасымалдауға болады. "Қазір Қазақстанның әрекеті өрт сөндіргенмен бірдей" деген ол Каспий құбыр консорциумы құбыры арқылы мұнай тасымалдай алмай қалу рискін үкімет 2014 жылы Ресей Қырымды аннекциялап алғаннан кейін қаперде ұстауы керек еді деп санайды.
Сарапшы теңіз терминалы істен шықты деген нұсқа тек сылтау, мәселенің саяси астары бар дегенді меңзеп тұр. Мұндай ойды басқа да сарапшылар айтып жатыр.
Қаржы маманы Айбар Олжаев Новороссийск портындағы танкерлерге мұнай құятын құрылғылардың бірінен соң бірі істен шыға бастауы табиғи апаттан көрі саяси ойынға көбірек ұқсайды деген пікірде.
– Оңтүстік Озереевкадағы "КТК-Р" терминалын КТК-ның өзі бақылап отырғанын ескерсек, біздің ондағы меншік үлесіміз 19 пайыз. Шеврон, Ени, Мобилмен қосылсақ 42 пайыз болады. Мұндай үлеспен акционерлердің өздері барып, аудит жасап, терминалдың жұмысын жүргізіп отырған ресейліктердің ақпараты рас па, өтірік пе, тәуелсіз тексеріп, анықтауға болады. Егер шын бүлінген болса, онда қайта қалпына келтіру жұмысын қадағалап отыру керек. Және бір ай ремонттан біз шамамен 3 миллиард доллар жоғалтып аламыз. Ал егер қасақана бүлініп, саботаж болса ше? Ол – Ресейдегі порт. Ресей оны қажет деп тапса, өз меншігіне қайтара салады. Мәселенің былай өрбуі халықаралық компаниялардың Каспий Құбыр консорциумынан шығып кетуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Ондай жағдайда біздің мұнайды Еуропаға сату енді оңай тимесі анық, – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, Ресей Еуропаны да, Қазақстанды да жанды жерінен ұстап алған.
– Газды рубльмен сату бойынша шешім – кәрі құрлықтың ең жанды жері. Олар биыл бәрібір Ресей газынсыз өмір сүре алмайды. Еуроны рубльге ауыстырып, одан кейін ғана газ алудан басқа жол жоқ. Демек, Ресей орталық банкінде валютада ликвид болады, рубль позициясын жақсартады және Ресей дефолты кейінге қалмақ. Ал бізден Ресейге не керек? ЕАЭС импортты пошлиналарынан келетін жарнаның рубльмен өтелуіне қарсы болғанымыздан басқа, одақтан шығамыз деп ресми деңгейде мәселе көтерген емеспіз. Ол қазір Ресей үшін қызып тұрған мәселе де емес. Де факто қазір одақ жұмыс істемейді және одақтағы ішкі тауар айналымын шектеп отырған (қантын, астығын шығармай отыр) Ресейдің өзі. Бұл ретте (егер шынымен де терминалда табиғи апат болмаса) Ресей тарапынан бізге алдын-ала "кез-келген уақытта кислородтарыңды жауып тастай аламыз" деген сарында ескерту жасалғанын сезіп отырмыз. Бұдан кейін логикаға салсақ, жақын арада Кремльден бізге үлкен саяси ұсыныс келіп түсетінін аңғаруға болады. Және "осы ұсыныстан бас тартпаңдар, әйтпесе ремонт бітпей қояды" деген сигнал келді. Тек ол қандай ұсыныс? Біздің Ұлттық қор активтері акцияларда жатқанын ескерсек, Батыстың да біздің кислородты жауып тастауға толық мүмкіндігі бар. Және Ресейдің ұсынысы егер әскери көмекке саятын болса (әскер жіберу, техника беру), ол ұсынысты қанағаттандыру – Батыс санкцияларына ұшырау дегенді білдіреді, – дейді Айбар Олжаев.
Оның пікірінше, Қазақстанға Ресейден келер экономикалық салдардан гөрі, Батыстың санкциялары қауіптірек.
– Менің ойымша, Батыс санкцияларынан барынша қашу керек. Батыс біздің Ұлттық қорды толық бұғаттап, экономикамызды екі аптаның ішінде жойып жіберетін мүмкіндікке ие. Ал Ресейдің санкциясы мұнай транзитін шектеуге бағытталса, бұл мәселені бағыттарды Баку мен Алашанкоуға бұру арқылы біртіндеп шешуге болады. Ол үшін Шеврон мен Қытай біздің жағымызда болуы тиіс. Жалпы, Шеврон, Ени, Мобил сынды халықаралық компаниялардан айрылмауымыз керек. Пафос ретінде естілсе де, біздің ұлттың болашағы Шеврон, Мета, Гугл, Виза, Старлинк сынды компанияларға тікелей байланысты, – дейді ол.
Пікір қалдыру