Соңғы жылдары қоғамда 9 мамырды жеңіс күні ретінде емес, соғыс құрбандарын еске алу күні ретінде ғана атап өту туралы ұстыныстар айтылып жүр.
Жалпы біздің Ұлы отан соғысы деп жүргеніміз – Екінші дүниежүзілік соғыс аясындағы Германия мен КСРО (СССР) арасында болған соғыс. Бұл жердегі «отан» деген сөзді қолданудың өзі бүгінде қисынға келмейді. Ол «отанның» келмеске кеткеніне, ыдырап орнына 15 тәуелсіз ел пайда болғанына да отыз жылдан асып барады. Сол тәуелсіз 15 елді біріктіретіндей бүгінде ортақ тарих пен географиялық жақындықтан басқа көп зат жоқ. Бүгінде әр мемлекеттің өзінің жеке бағыты, көздеген мақсаты, таңдаған жолы бар. Құндылығын түзіп, ескісін жаңартып, «өлгенін тірілтіп», әлем көшімен жалғыз жүріп келеді. Сол «Отанның» із жүзінде қазақ үшін отарлық езгі болғаны, малын тартып алып, 2 миллионннан астам адамды қынадай қырғаны, репрессия жылдары қазақтан шыққан көзі ашық, білімді азаматтарды атып, азаптағаны, тарихты ұмыттырып, тілді, менталитетті көмескілеп, орыстандыру жүргізгені, «желтоқсанда» жастарды басып-жаншығаны тағы бар.
«Жеңіс күні, жеңістің пәлен жылдығы деп ұрандату, алаулатып-жалаулату» керек бір ел болса, ол – Ресей. КСРО-ның тікелей мұрагері саналатын Ресейге «Жеңіс күнін» тойлау кеңестік рухты өшірмес үшін, «бізді біріктірер өткеніміз бар», «біз бәрібір бір-бірімізден кіндік үзіп кете алмаймыз» деген ойды санаға сіңіру үшін керек. Өйткені – Ресей, анығы Ресейдің Путин бастаған билігі Кеңес одағын қайта құруды, соның басында тұруды аңғайды. Әрі сол пиғылын еш жасырған емес. Сол жолда қазір бауырлас, түрі, тілі ұқсас украин халқының жеріне басып кіріп, ойран салып, жазықсыз халқын қырып жатыр.
Ресейдің пиғылы ұлттық мүддені жоғары қою керектігін кезекті рет әйгілеп берді. Ұлттық мүдде бүгін мен ертеңгі жағдай тұрғысынан ғана емес, кешегі тарихтағы оқиғаларға дұрыс баға беру тұрғысынан да жасақталуы керек. Олай болса, көп нәрсеге жаңаша көзқарас танытатын, мәселеге өзге қырынан қарайтын кез келді. Жеңіс күнін мереке ретінде атап өту сол санаттан болуға тиіс. Бүгінде сол соғыс ардагерлерінің басым бөлігі бақиға аттанып кеткен. 1945 жылы соғысқа шақырылған сол кездегі жап-жас 18-дегі бозбалалардың көзі тірісі бүгінде 95-те. Көбісі соғыста алған тән, жан жарақатынан бүгінгі күнге жетпеген. Енді бірнеше, бәлкім жуық онжылдықта сол соғыстың көзі тірі куәсі қалмайды. Сондықтан соғыста опат болған боздақтарға құрмет ретінде, әрі ұлттық мүдде, өмірде жоқ «отанның» символикасынан, рухынан ажырау тұрғысынан «Ұлы Отан соғысын» «Кеңес-Герман» соғысы деп атап, 9 мамырды жеңіс күні деп емес, соғыс ардагерлеріне құрмет көрсету мақсатында соғыс құрбандарын еске алу күні ретінде атап өткен жөн.
Пікір қалдыру