Теңгенің долларға қатысты бағамының құбылуына байланысты қоғамда әртүрлі пікірлер айтылып жатыр. Бұл туралы Қамшы порталы Айқын-ақпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Сауда-саттық құралының сан құбылуы, әрине, бәрімізді де бей-жай қалдыра алмайды. Бірақ «Неліктен осындай қадамға бардық?» деген сауалға ауқымды түрде жауап іздеп көрдік пе? Таргеттеу, яғни ақша агрегаттарының өсу бағдарларын белгілеу мемлекеттің әлемдік экономикалық дағдарысқа қарсы саясатының ең маңызды бөлігі екендігін басты назарда ұстауымыз қажет. Қазіргі отандық нарықта қалыптасып отырған жағдайды күрделі кезеңнің төтенше қауіп-қатерлеріне мемлекеттің жауабы деп ұққан жөн. Осы тұрғыдан алып қарағанда, таргеттеу – қорғаныс амалы. Еліміз бүгінде әлемдік дағдарысқа қарсы тұру амалдарын барынша қарастырып бағуда.
Таргеттеу – аман алып қалатын амал деп те қарастыруымызға болады. Биыл қатты қысымның салдары барлық дерлік дамушы елдер валюталарына, атап айтқанда, бразиялық песодан қытай юаны мен түрік лирасына дейін әсер етті. Бұл кезде посткеңестік елдер валюталары да құлдырауды бастан өткізіп жатты. Мұндай жағдайда Қазақстанның да бұрынғы валюта саясатын сақтап қалуы қорды ысырап қылу мен экономиканы күйрету болып шығар еді.
Мемлекет ақша агрегаттарының өсу бағаларын белгілеу саясатын сәтті енгізу арқылы «жаңа қалып» идеологиясына иек артады, халықтың бағам құбылуына қатысты дүрлігуіне жол бермейді.
«Жаңа қалып» мәнісі: әлем ұзақмерзімді тұрақсыздық кезеңіне еніп келеді. Ұлттық валюта бағамының құбылмалылығы – жаһандық тұрақсыздықтың шарасыз көрінісі. Бұл – ешқайда қашып құтыла алмайтын жағдай. Сондықтан теңге құбылмалылығына бизнес саласы да, халық та қалыптасуға тиіс. Ұлттық валюта бірде төмен, бірде жоғары өте тез құбылуы мүмкін. Біз оған дайын болуға тиіспіз.
Теңге бағамының құбылуы – бұл біздің экономикамыздың өте жылдам түрде құбылып отырған әлемдік жағдайына дағдылану амалы. Мұндай қадамсыз біздің экономикамыз күйреуге ұшырауы мүмкін. Сол себепті, бұл әрекетке түсіністікпен қараған абзал. Жаһандық дағдарыстың алдын алу үшін, өз экономикамызды сақтандыру үшін Үкімет қол қусырып қарап отырған жоқ. Таяуда Парламент Мәжілісінде осы мәселелерге байланысты «Атаулы әлеуметтік көмек көрсету туралы», «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заң жобалары қаралады. Бұл заңның барлығы да халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.
Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов осыдан бір ай бұрын, бас банк теңгені еркін айналымға жіберетіндігін, қаржы нарығына араласпайтындығын мәлімдеген еді. Қазір теңгенің долларға шаққандағы құнының арзандап кетпеуі үшін нарыққа араласып, миллиондаған қаржыны жұмсай бастады. Біз «Не үшін мұндай қадамға барып отырсыздар? Теңге еркін айналымға жіберілген жоқ па еді?» деген сауалды Ұлттық банк төрағасы Қайрат Нематұлына қойған едік:
– Соңғы күндері алыпсатарлық ойын ушығып кеткендіктен, біз нарыққа араласуға мәжбүр болдық. Нарыққа манипуляция жасайтын екі-үш ойыншы бар. Қазір солардың қатысымен болған оқиғаларды талдап жатырмыз, интервенция жасауға мәжбүр болдық. Енді күн сайын нарыққа қанша қаржы шығарғанымыз туралы ақпаратты ашық жариялап тұрамыз. Теңгенің еркін айналымға шығуы – Ұлттық банктің мүлде қарасын көрсетпей қоюы деген сөз емес, біз барлық жағдайды мұқият қадағалап отырмыз. Біздің нарыққа қатысу құқығымыз бар. Сондықтан керек кезде нарық жұмысына араласамыз. Нарық қалпына келмейінше қатыса беруімізге тура келеді. Қазір жаңа қаржы несие саясаты, жаңа жүйенің тарихы қалыптасып жатқан кезде оны түйсіне білген абзал.
Жалпы, қаржы нарығында болып жатқан жағдай нарықтың әлі қалыптаспағандығынан хабар береді. Екі үш ойыншының ойынын нарық деп айтуға келмейтін шығар. Олар таңертең валютаны сатып алып, кешке бір-біріне сатумен шұғылданады. Соңғы уақытта осындай жағдай қалыптасып отыр. Сондықтан мұны жаңа бағамның кезеңі деп атау қиындау. АҚШ немесе Ресейдегідей үлкен нарық бізде жоқ. Нарықтың болуына тек Ұлттық банк емес, жалпы, барлық қаржы жүйесі жауапты. Арнайы ережелер, әрі қарай қалай ұстану кодексі пайда болып, қажеттілікті сезінуі тиіс. Теңгенің еркін айналымға өтуіне енді ғана бір ай болды, өзіндік ережелер қалыптасып жатыр.
Инфляциялық таргеттеуге өтудің алғашқы жылы халық үшін де, нарық үшін де өте күйзелісті жағдай болатыны рас. Көршілес елдердің валюталық нарығында не болғанын өздеріңіз де көрдіңіздер. Сыртқы экономикалық ахуалдың жайы да белгілі. Оның үстіне, жаңа айтқанымдай, жаңа ойын ережелері қалыптасып жатыр, сондықтан мұның бәрін бастан өткізу керек.
Ілияс ИСАЕВ, экономист:
– Еуропа мемлекеттері екінші дүниежүзілік соғыстан кейін доллардың қысымымен, яғни осындай девальвациялық саясатпен көп уақыт бойы күрескен. Бұл өзі әлемдік тәжірибеде бар. Девальвациялық саясатты жүргізу – отандық өнеркәсіпті, отандық экспортерлерді қолдау. Теңгені шетел валютасына қатысты девальвациялау немесе құнсыздандыру объективті жағдайдан туындап отыр. Біріншіден, біздің экономикамыз әлі де болса әртараптандырылмаған. Біз мұнай, металл, астықтан түскен түсімге, жалпы экспорттан түскен түсімге көп жағдайда тәуелді болдық. Сыртқа негізінен шикізатты шығардық. Шикізатқа тәуелді экономика болдық. Әрине, экономиканы әртараптандыру бір немесе екі онжылдықта бітетін шаруа емес, өте күрделі дүние. Біз қайта өңдеу саласын дамытуымыз керек. Елбасымыз машина жасау саласына көп көңіл бөліп келеді. Машина жасау саласын бізге ешкім қалыптастырып бермейді. Бұл салада өз күшімізге сендік. Әуелі Американың үлкен компаниясымен бірігіп тепловоз, сосын вагон құрастыру қолға алынды. Міне, машина жасау саласы сатылап-сатылап дами бастады. Содан келіп Ресей, Жапония машиналары құрастырыла бастады. Себебі, біріншіден, кадр керек. Екіншіден, техника-технология қажет. Үшіншіден, машина жасау саласын қалыптастыру үшін жақсы зауыттар салу керек. Ол зауыттарды заманауи үлгіде, автоматтандырылған қондырғылармен жабдықтауға тиіспіз. Бұл бір күннің ісі емес. Біз машина жасау саласының іргесін қалау үшін шикізаттан түскен түсімді пайдалана бастадық. Дегенмен, біз әлі де болса экономикамызды әртараптандырып үлгерген жоқпыз. Осыдан келіп ақша массасының көп бөлігі доллар болып кетті. Отандық нарықта доллар теңгемен қатар жүрді.Үлкен сауда-саттықтарда доллар шешуші рөл атқарды. Өйткені үлкен сауда-саттықтарда, инвестицияда тек қана біздің Қазақстан емес, бүкіл әлем сондай. Іргелес жатқан алып мемлекет Қытайдың өзі солай. Таяуда ғана Қытай Ресеймен 400 миллиард долларға келісімшарт жасады. Юаньмен немесе рубльмен емес, доллармен жасады. Доллар әлемдік валюта болғаннан кейін «Шеврон», «Дженерал электрик», «Кока кола», «Майкрасофт» сияқты трансұлттық компаниялардың барлығы да доллармен жұмыс істейді. Бізге инвестициялар әкелетін, зауыт салатын әлемдегі өте қуатты компаниялар. Олар да доллармен жұмыс істейді. Шетелдік инвесторларды тарту үшін экономикамыз ашық болды. Сол себепті, доллар ішкі нарықта еркін айналыста жүрді. Міне, осыдан келіп девальвация деген мәселеге келіп тірелдік. Біз, біріншіден, дамушы мемлекетпіз. Екіншіден, нарығымыз да аса үлкен емес. Біздің, бір жағынан долларға біржолата ырық беруімізге де болмайды, екінші жағынан бұл валютадан мүлдем бас тарта алмаймыз. Сондықтан екі саясаттың арасында тепе-теңдікті сақтау мақсатында Ұлттық банк осындай қадамға барып отыр деп ойлаймын. Біз жаһандық экономиканың құрамдас бөлігіміз. Әлемде болып жатқан жағдайдан сырт қала алмаймыз. Ұлттық ақша жүйесін демеудің, оны қорғаудың бүкіл әлемде қалыптасқан әдістері өте көп. Алдағы уақытта валюта саясатында көп әдістер қолдануымыз керек. Біз біржақты жолмен жүріп кеттік. Долларға есік-тереземізді айқара ашып тастадық. Валюталық либерализациялау саясатын макроэкономикалық жағдайымызбен санаса отырып жүргізген дұрыс деп ойлаймын. Макроэкономикамыз жақсара бастады ма, жарайды валюталық шектеулерді алып тастайық. Макроэкономикалық жағдайымызға, ішкі нарығымызда өзара сауданың үлес салмағына қатысты, экономиканы әртараптандыру дәрежесіне, шағын және орта бизнестің дамуына байланысты валюталық шектеулерді бірден алып тастамай, валюталық ырықтандыру саясатын ақырындап, сақтықпен жүргізіп отырған дұрыс деген ойдамын.
Пікір қалдыру