Атырауда Қазақстан тарихындағы Қазақ хандығының маңызына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияға Қазақстанның және көптеген шет елдердің ғалымдары, қоғам қайраткерлері, елімізде жұмыс істейтін дипломатиялық миссиялардың өкілдері қатысты. Бұл туралы Қамшы порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
«Атырау облысы экономикалық маңыздылығымен қатар, түркі және қазақ тарихына қатысты мәдени мұраларға да бай. Мәселен, Атырау қаласынан 30 шақырым жерде орналасқан Сарайшық Ұлы Жібек жолындағы маңызды сауда және мәдениет орталығы болған», - деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов конференция қатысушыларына құттықтықтау сөзінде.
Қазақ хандығының 550 жылдығының маңызы жөнінде шетелдік қонақтар да әңгіме қозғады.
«Өткеннің қуаныштары мен қайғысынан сабақ аламыз. Бұл - біздің өткен тарихымыз. Қазақстандықтардың бұл маңызды атаулы күнді ауқымды өткізіп жатқанына ризашылығымды білдіремін. Өткенді еске ала отырып, біз болашақ туралы ойланамыз. Менің пікірімше, бастысы - сіздердің елдеріңізде үлкен адами ресурстар бар. Бүгінгі Қазақстан - еуразиялық құрлықтағы үлкен аумақ, онымен ынтымақтасу ғанибет», - деді Индонезия Республикасының ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті елшісі Фостер Гулт.
Швецияның ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті елшісі Христиан Камилл өз сөзінде Қазақ хандығы негізін қалауы швед мемлекетінің құрылуымен шамалас, деп атап өтті. Әңгіме күшті адамдар мен билеуішілер жөнінде болып отыр. Олар ел басқаруды шебер меңгере отырып, өз халқының құқығы мен еркіндігін кеңейтуге тырысты.
Дели университетінің профессоры Индира Ганди атындағы Ұлттық өнер орталығының өкілі Мансур Хайдардың пікірінше, қазақтар қола ғасыры дәуірінде пайда болған.
Ал Ресей Ғылым академиясының Ресей тарихы институтының профессоры Нәйлә Бекмаханова ғалымдар Е.Бекмаханов пен М.Вяткиннің еңбектеріндегі қазақ хандығы тарихы туралы әңгімеледі.
«Қазақстан тарихы - бірегей, қуатты. Еуразия кеңістігіндегі Ұлы Даланың тарихы отырықшы елдердің тарихынан өзгеше. Ұлы Даланы басқарудың өзіндік өркениетін жасаған Қазақ хандығының, петроглифтер арқылы Ұлы Даланың қайталанбас кітапханасын бедерлеп кеткен қазақ тарихының тағылымы зор», - деді Париждің Шығыс тілдері және өркениеттері ұлттық институтының профессоры Катрин Пужоль.
Пікір қалдыру