Зергерлік – жылдар бойы тәжірибемен қалыптасатын бекзат өнер. Сондықтан бұл өнердің иелері – орта жасты еңсерген азаматтар. Ал біздің кейіпкеріміз, талантты зергер Мерхат Жұмаханов жиырмадан енді ғана асты. Бұл туралы Қамшы порталы Айқынға сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Соған қарамастан, оның қолынан шыққан қолөнер бұйымдары Ресей, Қытай Түркия асып үлгеріпті. «Біз тек экспортқа ғана жұмыс істеп келдік, елде бізді көпшілік тани бермеуі мүмкін» деп түсіндіреді Мерхат. Жаратылысынан сөзден істі тәуір көретін жас жігіт әуел баста «зергерлікті кәсіп көзіне айналдырайын» деп ойламаған, тек хобби деп қараған. Ағайын-туыс, қалаберді достарының тапсырысын орындаумен ғана шектелген. Қолдарынан шыққан зергерлік бұйымдарының елге танылмай жатып, «экспортталып кетуіне» де Қытай Халық Республикасындағы туысқандарының үйіне қонаққа барған таныстарының бірі себеп болыпты.
– Бәрі содан басталды. Содан ел-жұрт құлақтанып, Ресей мен Моңғолия қазақтарынан сұраныс түсе бастаған. Содан бері тек экспортқа ғана жұмыс істейміз, – дейді Мерхат.
Үлкен өнер жолына енді қадам басқан жас жігіт өз қолынан шыққан туындыларды жарнамалауға әзірге дайын емес. Бәсекеден емес, эфирден немесе күнделікті басылымдардан суретін көріп қалса, «қолды» болып кете ме» деп қорқады. Қазір қара базарларда, дүкендерде сынамасы белгісіз күмістен жасалған, бағасы 2-3 мың теңгеден аспайтын көшірме бұйымдардан көз сүрінеді. Ал Мерхаттың қолынан шыққан бұйымдар, бірегей, таратып айтқанда, «эксклюзив». Жас жігіт көшірме дүние көбейген сайын оның құндылығы да төмендей береді деген ойда. Және өзінің талғамына құрметпен қарайтындар екінің бірінің бойынан табылатын әшекейлерді сатып алуға ықылас таныта қоймайтыны анық. Мысалы, Мақпал Жүнісова немесе Қарақат Әбділдиналардың әрбір сырға, алқа-жүзігі бірегейлігімен ерекшеленеді.
– Біздің бір сырға-алқаны дайындап шығуға 1 апта, кейде 2 апта кетеді. Егер тапсырыс беруші қаласа, бір рет жасалған бұйымның баламасы болмайды, біз ол үлгіге қайта оралмаймыз. Кейде тапсырыс берушінің қалауымен алтынмен аптауға тура келеді. Әрине, бұл оның бағасына әсер етеді. Тірлігімізде ілгерілеушілік бар. Осыдан 3 жыл бұрын кішкентай ғана зергерлік ұстахана арман еді. Оған да қол жетті, бір апта бұрын ғана Алматыдағы Арбаттан кішкентай дүңгіршек аштық. Клиенттер алғашқыда бағасы қымбаттау екен деп кетеді, бірақ көпшілігі айналып келіп сатып алады. Енді өзіміз дайындаған бұйымдарды «Мерхат» деген брендпен шығарғымыз келеді. Бұл өнімдерімізді көшірмеден қорғайды. Әлемде жекелеген тұлғалардың атымен аталатын зергерлік бұйымдар көп қой. Біз кімнен кембіз? «Шіркін, қазақтың осындай өнері мәңгілік болуы керек қой» деп кез келгеніміз армандаймыз. Әлемдік брендтердің қасынан қазақтың қолөнер бұйымдарын көргіміз келеді. Бұған жету оңай емес. Сондықтан қолда бармен шектелмей, оны заманауи үлгілермен жетілдіріп отырсақ, ұтарымыз көп. Бірақ түп-негіз қазақы ою-өрнектен алыс кетпеу керек, – дейді Мерхат.
Қолөнер, зергерлік өнер шыдамдылықты, төзімділікті қажетсінеді. Содан ба, ел ішінде зергер боламын деп талпынған жастар аз. Кешегі Дәркембай Шоқпарұлы, Тұрсынбай Шаянов бастап кеткен халықтық дәстүрді осы Мерхаттар ғана сақтап қалады. Оны сақтандырудың бірден-бір жолы – зергерлік, ұсталық, қолөнерге тәрбиелейтін орталықтар ашу. Қажет болса, мектеп бағдарламасына пән ретінде енгізіп, оқыту. Сонымен қатар зергерлік бұйымдардың мұражайын ашу. Қазір бізде мұндай бағыттағы мұражайлар жоқ. Неге ашпасқа? Үлкен мұражайларымыз бар. Бірақ зергерлік, қолөнер мұражайлары біздің елімізге өте керек. Біз қазақтың қолөнер шеберлігін барша әлемге танытуымыз керек. Ол үшін арнайы мұражай ашуымыз қажет.
– Қазақтың қолөнер туындылары өзге жұрттардың қолөнері туындыларынан артық болмаса кем емес. Ендігі жерде барымызды бағалап, сақтаудың қамын ойластырғанымыз абзал. Бүгінгі және келешек ұрпақ біліп, хабардар болып, осы өнердің жалғастығы, сабақтастығы үзілмесін десек, қолөнер мұражайлары өте керек. Ол мұражайлардың жанынан қолөнер шеберлігінің қыр-сырына үйрететін арнайы орталықтар ашылса, білікті ұсталар қызмет істесе, шәкірт тәрбиелесе, ұлттық өнерді сақтаудың бірден-бір жолы осы болар еді. Өнер – мәңгілік. Бірақ оған тиісті дәрежеде мән бермесек, ол мәңгілік болмай қалуы да әбден мүмкін. Туматаланттар болады. Бірақ олардың өнерге деген ықылысы бала кезінде-ақ басылып қалады. Қолөнерге деген халықтық қолдау болмаған соң, ата-аналардың басым көпшілігі балаларының дарынын дер кезінде байқамайды. Байқап қалса, бағытын өзгертіп жіберуге тырысады. Себебі көптің ұғымында зергерлік бәсі басым өнердің түрі. Ал бұдан кейін ол бала зергерлік өнерге мүлдем жуымай кетуі мүмкін, – дейді Мерхат.
Пікір қалдыру