Алматыда республикалық "Аман келешек" мәдени-спорттық фестивалі аясында алма жеуден жаңа рекорд жасалды. Бұл үшін ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының спорттық-жаттықтыру кешенінің футбол стадионына жүздері бал-бұл жанған 3,5 мың мектеп оқушысы шықты. Кейін оларға алма таратылды. Бұдан соң, фестиваль жүргізушісінің бұйрығы бойынша барлық бала бір мезетте алма жеуге кірісті. Осылайша, Қазақстанның рекордтар кітабы - Қазақстанның ақпараттық-энциклопедиялық анықтамасына жаңа рекорд енгізілді. Бұл туралы Қамшы порталы http://today.kz/-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
"Бұл алма жеу идеясы - ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорына тиесілі. Фестивальге әр ортаның балалары жиналды ғой. Сондықтан біз оларды қалайда біріктіргіміз келді. Оларды біріктіретін қандай да бір мейірімді шара ұйымдастырғымыз келді. Содан осы идея туындады. Оның үстіне алма - Алматының символы. Мұндай рекорд бұған дейін Қазақстанда жасалмаған", - деді ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының PR менеджері Әлия Қадырова.
Рекорд жасалған соң, Қазақстанның рекордтар кітабының бас редакторы Қуаныш Тазабеков ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының атқарушы директоры Сағындық Нұрахановқа тиісті сертификатты табыс етті.
Пікір қалдыру